Жаңа кітап жарық көрді
Кешегі өткен тарихтан сыр шертетін тағы бір жаңа туынды – «Албандар» жыр-дастаны қалың оқырманға жол тартты. Ақын Сәуле Шәмшіғалиқызының жаңа кітабының тұсауы кесіліп, Тараз қаласындағы No3 мектеп-лицейінде студенттер мен оқушыларға тың туынды таныстырылды.
ХХІ бөлімнен тұратын тарихи жыр-дастанда Албан руының ертедегі аласапыран кезеңде бастан кешкен қым-қуыт тағдыры, салт-дәстүрі Сұлукерім мен жас комсомол жігіт Шамай образы арқылы беріледі.
Байтақ даланы жазда жайлауға, қыста қыстауға қонып мекендеген Албан руының жұрты Хантәңірі тауының етегі мен Аспантаудың баурайын мекендеген. Өзіндік салттарымен қалыптасқан жайлы өміріне кеңестік жаңа өкімет енгізген тәртіп ұлттың тілі мен дініне қайшы келіп, түрлі шиеленіскен оқиғалар өрбиді. Күштеп енгізілген тәртіпке бойұсынбаған албандар шекара асып, Қытайға ауа көшуі, қиын кезеңдер мен қилы тағдырлар өлең болып өрілген.
Жаңа кітапқа алғысөз жазған ақын Шырын Мамасерікова «Жыр- дастанды оқып отырып еріксіз образға кіріп, түрлі оқиғалар шиеленіскен кезде эмоцияға берілесің. Әр бөлімде айтар ойын жинақтап жаза білген
Сәулеге поэзия әлемінің биігінен көрініп, алар асуың көп болсын дегім келеді. Қордай ауданы, Ноғайбай ауылындағы No35 Рза Қунақова атындағы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі бола жүріп, өлең-жырға деген құштарлығы оқырмандарын тәнті еткен Сәулеге бойға қуат, ойға қанат бітіретін әдемі өлеңдерің көбейе беруін тілеймін», деген екен.
Жаңа кітаптың тұсаукесерінде филолог-ғалым Сейсекүл Исматова дайындаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби кешті әнмен әрледі. Әдеби кешке шақырылған жергілікті ақын-жазушылар мен Тараз өңірлік университетінің ұстаздары лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін арнады.
aqjolgazet.kz