ЖАҢА МЕКТЕП ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН

Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай ауылындағы 130-дай отбасында 800-ге жуық халық тұрады. Кейінгі жылдары ауылға сырттан келушілерде бар. Ауылда халық көбейген сайын мектеп оқушыларының саныда артатыны айтпаса да түсінікті. Бұған дейін ауылдағы «Еңбек» бастауыш мектебінде даярлық тобын қоса есептегенде 94 бала оқып, білім алған. Алайда аталған ауылдың 5-11-сыныптардағы жүзден аса оқушысы көршілес Мырзатай ауылындағы Мырзатай орта мектебіне тасымалданып оқып келген. Міне бұл тығырықтан шығу мақсатында ауылдан өткен жылы жалпы сметалық құны 522876,5, ал келісім-шарт бойынша құны 496732,7 мың теңгелік 100 орындық екі қабатты шағын мектеп құрлысын Жантаев Асылбек Жасұзақұлы басқаратын «Қаз Мұнай Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары бастаған еді. Аталған құрылысқа Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы тапсырушы екенінде айта кеткен орынды.

Ауылға кіре беріс жерден былтырғы жылдың сәуір айында басталған мектеп құрылысы биылғы оқу жылына дайын болды десе де болады.

— Бұл мектеп ауыл халқының сұранысына орай биылғы жылы орта мектеп ретінде ашылғалы отыр. Себебі ауылдағы мектеп оқушыларының саны күн өткен сайын көбеюде. Оның үстіне оқушыларды бұрынғыдай көрші ауылға тасымалдамайтын боламыз. Бүгінде мектеп құрылысы толықтай бітті,- дейді Мырзатай ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асхат Оспаналиев.
Өткен сейсенбі күні пайдалануға берілгелі отырған жаңа мектеп құрылысымен бізде барып таныстық. Сыртынан қарағанда аршылған жұмыртқадай, көрер көзге өте тартымды екі қабатты мектеп кімгеде болса ұнайтыны көрініп тұр. Сырты әдемі қоршалған, алдына гүлзарлар жасалыпты.Төңірегіне электр жарықтары қойылып, сыртқа спорт алаңы соғылған. Жылыту қазандығы газға қосылған екен. Мектеп асханасына қажетті жабдықтар әкелініп қойылғанымен әлі орнатыла қоймапты. Ішкі бөлмелерді аралап көргенімізде әлі парта,тақта, стол, шкаф тағы басқа да оқу құралдары жеткізілмегенін көрдік. Басқа да майда-шүйде атқарылатын жұмыстары бар екені байқалды.

-Орта мектептің тиісті құжаттары мектеп құрылысы қабылданып алынғаннан кейін осы аптада дайын болуы керек. Сондай-ақ мектепке қажетті оқу құралдары, басқада қажетті заттар шешіліп қойылған. Оларды алдағы 2-3 күнде әкеліп, орналастыратын боламыз. Басқада майда-шүйде кем кетіктер жасалып жатыр,-деді осындағы дайындық жұмыстарына басшылық жасап жүрген аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғазиз Рысқұлбеков.

Жазғы еңбек демалысынан шыққан бастауыш сыныптың мұғалімдері мен шаруашылық қызметкерлері мектептің іші-сыртына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жаңа мектепте жұмыс жасауға асығып жүр. Алайда, орта мектептің құжаттары ертерек заңдастырылып, ішкі құрал-жабдықтарды орналастыру жеделдетілуі керек-ақ. Сонда ғана ертеңгі күнгі алғашқы қонырауда мектепке сағынышпен оралатын шәкірттеріміз алдында біздіңде жүзіміз жарқын болары анық.

Байзақ ауданы