ЖАҢА МЕКТЕПТЕ СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

Мырзатай ауылдық округіне қарасты Сеңкібай ауылындағы жаңадан соғылып, пайдалануға берілгелі отырған Еңбек орта мектебіне ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары ертемен жиналды. Екі қабатты, 100 орындық заманауи үлгідегі бұл мектептің құрылысын Асылбек Жантаев басқаратын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары өз мезгілінде сапалы етіп соққан.
Мектептегі 14 сыныпта 183 оқушы оқыса, олардың 20 бүгінгі күні мектеп есігін алғаш рет ашқалы отырған бірінші сынып оқушылары. Оларға мектептегі 27 ұстаз сапалы білім, саналы тәрбие беретін болады. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған арнайы азаматтар да келді.

Жаңа мектептің ашылу салтанаты тұла бойды шымырлатып өтетін еліміздің Гимнімен басталды. Содан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеров сөз алып, жиналғандарды Білім күні және жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

— Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Сондықтанда мемлекетіміз білім саласына айрықша қамқорлық жасап келеді. Соның бір дәлелі облысымызда жаңадан 22 мектеп соғылып жатса, соның 6-ы бүгін пайдалануға беріледі. Тағы 4 мектеп жыл аяғына дейін ашылатын болады. Ал осы ауданда кейінгі екі жылда 5 мектеп пайдалануға берілді. Биылғы “Балалар жылында” өз есігін айқара ашып отырған жаңа мектептеріңіз құтты болсын. Оқушыларымызға сапалы білім, ұстаздар еңбегіне табыс тілеймін,- деген Нұржан Сәбитұлы мектепке әкелген сыйлығын табыс етті.

Ауыл ата-аналары атынан сөз алған ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Әуезхан Байгелов көптен бері армандап жүрген жаңа мектепті соғып бергені, ауылдағы бастауыш мектепті орта мектепке ауыстырғандары үшін аудан, облыс басшыларына білім ошағын салған А.Жантаев басқаратын құрылысшыларға алғысын айтты. Сондай-ақ оқушыларға жаңа мектепте жақсы оқып, үлкен азамат болуларына тілек білдірді.

«ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-нің басшысы А.Жантаевта ауыл тұрғындарын Білім күні, жаңа мектептерімен құттықтап, мектеп директоры Ғазиз Рысқұлбековке білім ошағының символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Жаңа оқу жылының басталғанын паш ететін алғашқы қоңырауды соғу құрметіне 1-сынып оқушысы Айару Абдикерім мен белсенді оқушы Рамазан Жақсығұл ие болды.

Жаңа мектептің ашылу лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Н. Календеров пен ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Ә.Байгелов қиған бетте, үлкен апалар жағалай шашу шашты.

Облыс, ауданнан келген қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Ал оқушылар болса Білім күніндегі «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы алғашқы тәрбие сағатын бастап кетті.

Сүндетулла Әбілов, Сеңкібай ауылы.