Жаңа министр «жаңа мамандықтар» жайында не айтты?

Бұдан жарты ғасыр бұрын бес баланың біреуі – ғарышкер болам десе, қалған екеуі – мұғалім, соңғы екеуі – дәрігер немесе ауыл шаруашылығы маманы болуға талпынатын. Ал, қазір тілі шыққан баладан бұрын тісі шыққан сәбидің өзі әнші, әртіс болуға талпынатын секілді көрінеді. Әрине, мұның бәрі жылтырағанның жанында әртіс пен әншінің қаптап жүргендігінен болса керек. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, бүгінгінің жасөспірімдері ғарышкерден гөрі «ғаламтор жұлдызы» болуға талпынады.

Аумағы еліміздің бір облысынан кіші болмаса, үлкен көрінбейтін Сингапур мемлекетінде жыл сайын мамандықтардың жаңа мониторингі жарияланып тұрады екен. Яғни, алтын ұя мектебінен ұшқалы отырған түлектер өз Отанына қажетті мамандықтарды тізім арқылы танып-біліп, өздерін психологиялық жағынан дайындайды. Әрине, мектеп бітірушілер 100% сол тізім бойынша келешекте нан табатын кәсіптерін таңдайды деп ешкім кепілдік бермейді. Десе де, Сингапур елі соңғы он бес жылда аталмыш жүйе арқылы маман тапшылығы, жұмыссыздық мәселелерінің шешімін тапты.

Жуырда өткен ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сингапурлықтардың ұстанымына ұқсайтын жаңа жобаның қолға алынатынын естіп-білдік. Тамара Дүйсенова басшылық еткен ведомстводағы былтырғы жылдың есебін берген жаңа министр Мәдина Әбілқасымованың айтарлықтай «жаңалығы» көп екенін жақсы білеміз. Соның бірі – экономиканың сұранысқа ие салаларындағы 550 негізгі мамандықты анықтау. Өз сөзінде министр:

-Жыл басынан 70 кәсіби стандартты енгізсек, жыл соңына дейін тағы 230 кәсіби стандарт бекітіледі. Яғни, бұл бастама еңбек функцияларының заманға сай өзгеруін талап етеді. Сондықтан, жаңа мамандықтарды игеру жолында еліміз дәстүрлі еңбек ресурсының жаңа индустрияға өзгеруіне, тіпті, жұмыссыз қалу қаупіне де дайын болуы қажет,-деді.

Министрдің бұлайша сенімді сөйлеуіне Елбасының бекіткен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының түрткі болып отырғанын және айта кету керек. Сондай-ақ, аталмыш алқа мәжілісінде Республикалық тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Николай Радостовец министр М.Әбілқасымовадан «Халықты жұмыспен қамту туралы Заң жобасын» Парламенттен қайтарып алуды сұрады. Оның айтуынша, бұл нұсқада ескеретін жайт көп.

-Есеп пен мониторингке толы Заң жобасы Президенттің қойған тапсырмаларын орындауға сай келмейді. Тіпті, қазірдің өзінде Қазмырыш, Қазақмыс, ERG сынды тау-кен

металлургиялық компанияларында цифрландыру басталып кетті. Ал, бұл көптеген жұмысшыны ертеңгі күні нанынан айырады,-деп дабыл қақты Н.Радостовец.

Бұл пікірге өз кезегінде жаңа министр:

-Қазір Парламентте жатқан Халықты жұмыспен қамту туралы Заң жобасы көші-қон саласындағы құзіреттерді бөлу мен жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметіне көмектесу бойынша жекелеген қызмет мәселелерін шешуге бағытталған. Тез арада енгізілуі тиіс басқа да мәселелерді шешу үшін Заң жобасын осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Әрине, біздің салаға қатысты ұсыныстардың барлығын ескереміз»,-деп жауап берді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ