Жаңа министрлікке жаңа басшы

Бүгін жаңадан ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылып, оның басшысы болып Дәурен Абаев тағайындалды. Су жаңа басшы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметін атқарған болатын. Көпшілік талқысына бірден түскен жер мәселесіне қатысты кешегі отырыста жаңа министрліктің пайда болатыны белгілі болған еді. Жаңа басшының тағайындалуымен бір-бірінен сүйінші сұраған журналистер қауымының көкейін «Енді БАҚ өкілдерінің басына бақ құсы қайта қонар ма екен?» деген сұрақ мазалауда. Барша ақпарат саласында қызмет жасайтын әріптестерімізді жаңа министрліктің құрылуымен және Дәурен Абаевтың аталған ведомствоға басшы болып келуімен құттықтаймыз!

Ал, оқырмандарымызға жаңа министрліктің жаңа басшысы Дәурен Әскербекұлы жайында толық мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында туған.

2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін үздік бітірген. 2014 жылы Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған.

 2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді.

2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі Елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарды.

2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметі бөлімінің бастығы.

2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты.

2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында — Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары.

2009 жылдың қазанынан — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2011 жылдың қазанында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

2013 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды.
І-сыныпты бірінші хатшы дипломатиялық дәрежесі бар.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
«Құрмет» орденімен марапатталған. Үйленген, екі баланың әкесі.

«ЕлАна»