ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
30 шілдеде «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Отырыс аталған комиссияның, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовтың төрағалығымен өтті.
Күн тәртібіндегі жалғыз мәселе «2024-2025 жаңа оқу жылына білім мекемелерінің дайындығы, құрылысы жаңадан салынып жатқан немесе қайта жаңғыртудан өтіп жатқан білім нысандарының жұмысы туралы» Жамбыл облыстық білім басқармасының Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Жанар Бажикованың есебі тыңдалды.
Жаңа оқу жылында білім алатын оқушылар саны (болжаммен) — 2024-2025 оқу жылында 24 мектепте 5740 оқушы білім алмақшы. 590 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
Аудандағы білім мекемелеріндегі жалпы педагогтар саны – 967. Оның 889-ы жоғары білімді, 78-і арнаулы орта білімді, жаңа үлгідегі кәсіби біліктілік санатын алған ұстаздар саны 701, яғни 73 пайызды құрап отыр.
2024-2025 оқу жылында 24 маман қажет, оның ішінде математика пәнінің мұғалімі – 5, физика пәнінің мұғалімі – 3, орыс тілі пәнінің мұғалімі – 4, қазақ тілі пәнінің мұғалімі – 1, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – 2, тарих пәнінің мұғалімі -1, информатика пәнінің мұғалімі – 1, психолог – 4 маман қажеттілігі туындап отыр.
Аудандағы 24 мектептің 23-нің жылу жүйесі автономды, 1 мектеп, Қашқантеңіз бастауыш мектебі пешпен жылытылады. 24 мектеп те қатты отынды пайдаланады.
Білім бөліміне қарасты 5 мектептен тыс мекеме және 1 психологиялық түзету кабинетінің қазандықтары да қатты отынды пайдаланады.
Мектептердің жылу желілерін жөндеуге байланысты 7 нысан анықталып, зақымдалған құбырларды ауыстырып жаңа трубалар алуға 4 360 000 теңге және қазып құбырларды ауыстыру жұмыстарына «Мойынқұм ауданы әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің Мойынқұм су-жылу ШЖҚ» кәсіпорнының ұсынған жұмыс жобасына сай 39 867 297 теңге қаражат қажет. Осы аталған қаражат бойынша облыстық білім барқармасына хат жолданды.
Білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде ағымдағы әктеу, сырлау жұмыстары толығымен аяқталды. Білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына 90 пайызға дайын, -деді Жанар Қайырқызы.
Аудандық мәслихат депутаты Бақыт Серібаевтың Бірлік пен Айдарлы ауылдарындағы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерге қатысты сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, аталған мектептер жаңа оқу жылына дайын болатыны айтылды.
Отырыс барысында аудандағы білім беру мекемелерінің мәселелері бойынша комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар көтеріліп, айтылған ұсыныстар партия бақылауына алынды.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ, Мойынқұм ауданы