Жаңа саябақта биіктігі 55 метрлік «шолу дөңгелегі» болады
Атырауда биіктігі 50 метрден астам шолу дөңгелегі бар жаңа саябақ салынады.
Бул туралы қала әкімі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру жиынында айтты,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қала басшысының айтуынша, қазір Атырау мемлекеттік университеті маңындағы Жайық өзенінің «банан жағалауынан» саябақ салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтуде.
Саябақ ауданы – 6,5 гектар болмақ. Мұнда 3,1 гектар жерге жасыл желек отырғызылады, арша, бөртегүл егіледі.
Саябақ аумағына биіктігі 55 метр шолу дөңгелегі, әткеншектер, балалар ойын алаңы, скейтборлинг, ұзындығы 300 метрлік жаяу жүргіншілер жолы, субұрқағы, шағын футбол алаңы және велосипед жолдары жасалады.
-Мұндай саябақ тұрғындар үшін бұрыннан қажет еді. Облыс басшысының тапсырмасымен тұрғындардан ұсыныстар жинап, ең тиімді нұсқаны таңдап алдық, — деді Серік Шәпкенов.
Қала әкімі саябақ құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізілетінін айтты.
С.Муньянова