ЖАҢА ТӨРАҒА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жақында аудандық сотта Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Нұрлыбаева  аудандық соттың жаңа төрағасы Досжан Қанатбекұлы Төленбековты таныстырды.
Іс-шараға аудандық соттың судьялары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшылығы, Билер кеңесінің төрағасы, ауылдық округтердің әкімдері мен  аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары қатысты.
Динара Ничайқызы өз сөзінде Досжан Төленбековты аудандық соттың төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары және мүдделерін қорғаудағы сот төрелігін жүзеге асыру жұмысына сәттілік тіледі.
Досжан Қанатбекұлы Төленбеков 1976 жылы қаңтар айының 10 жұлдызында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясының «құқықтану» факультетін аяқтап, «заңгер» біліктілігін алған. 1998-2005 жылдар аралығында Жамбыл облысы Әділет басқармасында, Жамбыл облыстық сотында мемлекеттік қызметте болған. 2005 және 2009 жылдары Жамбыл облыстық Соттар Әкімшісінің бас маманы қызметін атқарған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Жамбыл облысы, Сарысу аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалған. 2017-2021 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған. 5 қаңтар 2022 жылдан бері Тараз қалалық сотының судьясы қызметін атқарып келген.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылы 28 желтоқсандағы №66 Жарлығымен Жамбыл облысы, Байзақ аудандық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.

Байзақ аудандық соттың баспасөз қызметі.