ЖАҢААРЫҚТАҒЫ ДОП ДОДОСЫ
Өткен сенбі күні Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ұ. Сыздықбайұлы ауылында, осы ауылдың тумасы, Сарысу аудандық өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болған, ішкі қызмет майоры Каримов Ғазиз Аманжолұлын еске алуға арналған ересектер арасындағы үлкен футболдан аудандық турнир болып өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында Сарысу ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбол Бердібаев, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері Әділбеков Жұмашбек, тыл және еңбек ардагері Ерсейітов Кәріжан ағалар сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Ғазиз Аманжолұлының рухына Құран бағышталып, ас берілді.
12 команда қатысып, тартысты өткен турнирде І-ші орынды Өндіріс ауылы (100000 тенге), ІІ-ші орынды Жаңатас қаласының «Дегерес» командасы, (75000 тенге), ІІІ-ші орынды Игілік ауылының (50000 тенге) командалары иеленді.
Ал ынталандыру орнына (25000 тенге) Жаңаталап ауылының командасы ие болды.
Жарысқа әкесінің жолын қуып, Көкшетау қаласындағы өрт сөндіру техникалық колледжінде оқып жатқан Ғазиздың баласы Данияр Ғазизұлы арнайы келіп, ауыл командасының құрамында ойнады.
Сондай-ақ, спорттық іс-шара соңында Ғазиздың анасы Рысты Мысықбаева, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қуандық Алдабергенов, Ғазидың бауыры Ғани Каримов, жары Индира Жақыпбекова және ағайын туыстары мен достары жарысты ұйымдастырушылар мен жарысқа қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, Ғазиздың сыныптастары мен достары 2010 жылы өз қаражаттарына осы ауылдан спорт алаңшасын жасақтап, пайдалануға берген болатын.
Содан бері Каримов Ғазиз Аманжолұлын еске алуға арналған ересектер арасында футболдан турнир жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр.
Биыл 13-ші рет өтіп жатыр.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі