Жаңалық журналистері — майдан шебіндегі сарбаздар
Телевидение — қызығы мен шыжығы мол сала. Біз тек кадрдағы жүргізушіні білеміз, ал кадр сыртында қаншама жанның еңбегі барын біле бермейміз. Сондай жанның бірі — «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматыдағы жаңалықтар бюросының режиссері Зина Есмаханова.
— Зина Сақтағанқызы, әңгімемізді сіздің балалық шағыңызға саяхат жасаудан бастасақ…
— Мен Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында белгілі қаламгер Сақтаған Есмахановтың отбасында дүниеге келдім. Бала күнімде музыкаға әуес болдым. Сол арманым мені музыка маманы болуға жетеледі. 1976 жылы Қызылорда қаласындағы №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкенттегі әлФараби атындағы мәдениет институтына оқуға түстім. Бұл республикадағы жалғыз мәдениет институты болатын. 1981 жылы аталмыш оқу орнының музыка бөлімін аяқтадым.
— Музыка саласын бітіріпсіз, телевидениеге, жалпы журналистика саласына қалай келдіңіз?
— Институтты бітірген бойда Мәскеудегі білім жетілдіру институтында оқуымды жалғастырдым. Мәскеуде жүріп жергілікті режиссерлердің қойылымдарын тамашаладым. Бұл маған әсер етпей қоймады. Елге оралып, мәдениет саласында жұмыс істедім. Бір жылдан соң облыстық радиоға режиссер болып жұмысқа орналастым. Радиода менің негізгі міндетім радиохабарларды музыкамен әрлеу, концерттік бағдарламалар дайындау, әншілер, термешілерді бағдарламаға тарту, дауыстарын қорға жазып алу болатын. Сөйтіп жүріп, фонограмма жазуды үйрендім. Сыр өңіріне танымал өнер адамдарының дауысын фонограммаға жазып, алтын қорымыздың толығуына өз үлесімді қостым. Ал енді редакцияға келу жолымда әкемнің ізін жалғастырдым. Әкем радионың байырғы қызметкері. Радио дами қоймаған сонау 60-жылдары әкем «Репортер» магнитофонымен арғы басы Арал, бергі басы Жаңақорғанға дейінгі аралықта әнші, термеші, айтыскерлердің дауыстарын таспаға жазып әкеліп бағдарлама дайындайтын. Сондай өнер жанашырларының жанұясында өскен маған таланттардың легін елге таныстыру, оларды насихаттау азаматтық парыз сияқты болатын.
1991 жылы Қызылордада алғаш облыстық теледидар ашылды. Содан менің теледидардағы жаңа қызметім басталды. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері осы сүйікті мамандығымның иесімін, яғни телевидение режиссерімін.
— Білуімше, жолдасыңыз шығармашылық адамы.
— Күйеуім Мейрамбек Әбжатұлы — театр маманы. Жолдасыммен Мәскеуде білім жетілдіру институтында таныстым. Ол кісіні де өз мамандығы бойынша сонда жіберген екен. Таныстықтың соңы отбасын құруға жалғасып, шығармашылық жанұяға айналдық. Ол кісі Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрда ұзақ жылдар бойы қоюшы-суретші болып жұмыс істеді. Бүгінде үш баламыз бар.
— Балаларыңыз жайлы да айта кетсеңіз. Араларында жолыңызды жалғастырғаны бар ма?
— Тұңғышымыз Әйгерім 1983 жылы дүниеге келді, бүгінде бухгалтер. Одан кейінгі қызымыз Кәмшат 1985 жылғы, аударма ісін оқыды. Қазір мұнай саласында жұмыс істейді. 1995 жылы Арнұр есімді ұлымыз дүниеге келді. Арнұр ТарМУ-да заңгер мамандығын бітірді. Балаларымның ішінен ұлым телевидениеге баратын секілді. Өзі техникаға жақын. Кішігірім бейнебаяндарды түсіріп, көріністер монтаждап, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүр. Ал заңгерлікті мен қалағандықтан оқыды. Менің бала күнгі арманым заңгер болу еді. Дегенмен әкем жібермеді. Ұлдар секілді өстім. Мінезім тік әрі шұғыл шешім қабылдайтынмын. Әкем осы мінезімнен қорықты. Содан да болар: «Заңгер болу — біреудің тағдырын өз жауапкершілігіңе алу. Қателессең, ол саған ауыр жүк болады», — деп, жібермеді.
— Ал Алматыға қашан келдіңіздер? Жаңа ортаға үйренуде қиыншылықтар болған шығар?
— 2003 жылдың күзінде Қызылордадан Алматыға қоныс аударып, «Қазақстан» ұлттық арнасына режиссер боп орналастым. Ғалым Доскен басшылық еткен сол уақытта халықтың көңілінен шығып, үзбей көретін көптеген хабарлар болатын. Сондай «Шынның жүзі», «Үзеңгі жолдас», «Күлтөбе», «Келбет» сынды бағдарламаларда жұмыс жасағанымды мақтаныш етемін. Қызметтес болған Тұрсынжан Шапай, Жұмабай Шаштайұлы, Қасым Аманжол, Жарқын Шәкәрім, Қайнар Олжай сияқты замандастарымды мақтан тұтамын.
— Әдетте басты еңбек адамдары сіздер болғанмен, журналистің тасасында қалып қойып жатасыздар. Бұл сізді қынжылтпай ма?
— Телевидение — синтездік өнер. Бір хабарды жасауға журналист, режиссер, таспагер, жарықшы, декоратор, әкімшілер әрқайсысы өз тарапынан жұмыстар жасайды.Телевидение режиссері кадрдан тыс жүргенімен, ұйымдастырушылық мәселесін де шешетін адам. Бағдарламаның сәтті шығуы тікелей режиссерге байланысты. Әр режиссердің өз қолтаңбасы бар. Бағдарламаны әр режиссер өзінше ашады.
— Қазіргі телевидениеге келіп жатқан жастардың қарымы қалай?
— Жастарға қызыға қараймын. Қазіргі жастар техниканың қарыштап дамыған кезінде жұмыс жасап жатыр ғой. Ең алдымен жастардың алғырлығын, ізденімпаздығын, білімділігін ерекше бағалар ем. Жастар арасындағы шынайы бәсекелестік, оза шапсам деген талпынысы, ерек болсам деген бағыты ұнайды. Жастарға тілегім — білімнің бұлағы саналатын кітапты жанына серік етсе. Әрине, көп мағлұматты ғаламтордан алып, тек соған жүгіну аздық етеді, рухани байлыққа кенелу үшін кітапты азық ету дұрыс деп ойлаймын. Алайда жастардың көпшілігі кітап оқымайды. Мен осыны мін деп айтар едім. Біз кітапты жастанып өстік. Кітаптан алған мағлұматымыз әдепті болуымызға, ибалы болуымызға өз үлесін тигізді. Қазіргі жастарда соған жеңіл қарау бар, әрі адам кітап оқу арқылы өзінің жан дүниесін байытып отырады. Жастардың сөз жұтаңдығы қарын аштырады.
— Бүгінде электронды БАҚ дәстүрлі медианы алмастырады деп жатыр. Сіздің ойыңыз?
— Телевидениені ештеңе алмастыра алмайды. Өйткені телевидение — ақпарат құралдарының көшбасшысы. Әр адам өз отбасында отырып, төрткүл әлемде болып жатқан оқиғаларды көріп, күллі қызықты көгілдір жәшігінен тамашалай алады.
— Өзіңіз істейтін жаңалықтар бөлімі жайлы айтыңызшы.
— Қай арнада болмасын жаңалықтардың алар орны ерекше. Яғни арнаның айнасы іспеттес. Арнаның абыройы жаңалықтар бөлімінен айқындалады десек, қателеспейміз. Жаңалықтың журналистерін фронттың адамдары деп айтуға тұрарлық. Біздегі жұмыстың ерекшелігі сол — тілшілердің жарты сағат бұрынғы оқиғаны електен өткізіп, саралап, редакциялап, монтаждап халыққа жеткізуінде.
— Сұхбат басында әкем қаламгер деп қалдыңыз, сол кісі жайлы толығырақ айтсаңыз.
— Әкем Сақтаған Есмаханов — белгілі қаламгер, журналист, публицист, жазушы, ақын. Көптеген өлеңдер жинағының авторы. Публицистикалық жанрда көп жазған кісі. Зейнеткерлікке шыққан соң да қызылордалық басылымдарда 75 жасқа дейін қызметте болды. Сондағы жадының мықтылығына таң қаламын. Елден кісілер өздері іздеп келіп, «ел аузында» деген әңгімелерді қысқаша айтып беретін. Әкем соны ары қарай зерттеп, жазып, газетке береді. Бала күнімізде сиясы кеппеген өлеңдерін бізге оқып беретін. Содан барып газеттерде басылатын. Әкем домбыра шертетін, жақсы күйші болатын. Баяу дауыспен терме айтатын. Сондай сәттерде әкемнің қасынан шықпай отыратынмын. Домбыраның құлағын тістегенді ұнататынмын. Одан шаңқобыз секілді дыбыстар шығатын. Осылай мен домбырамен әуестендім. Махаббатымды оятты.
— Бір күніңіз қалай өтеді?
— Менің күнім таңертең балаларыма тамақ жасаудан басталады. Өзім жұмыстан кеш келетіндіктен, үйге балаларым келгенде тамақ әзір болып тұруы керек. Әрқайсысының жейтін тамақтары әртүрлі, соған сәйкес бірнеше тамақ дайындаймын. Әрқайсысына жеке жазба қалдырып кетемін. Жұмысқа ел қатарлы сағат тоғызда келемін. Жаңалықтар бөлімінде жұмыс істегеннен кейін, жұмысым бірінші жаңалық іздеуден басталады. Әлемдегі, елдегі оқиғаларды қараймын. Күнделікті оқиғаларды қай арна қалай беруде, соны салыстырамын. Содан кейін күнделікті монтаж.
— Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан — Пердәлі Рақым