Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы жаңа автокөліктермен толықты
Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын орындау мақсатында, Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына жаңа 6 автокөліктің кілті табыс етілді.
Мемлекетімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына берілген автокөліктің құны 34 млн. теңге.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ардагерлер, медицина қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.
— Елбасы Н.Назарбаев салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез-келген жаста азаматтардың аман-сау болуына ықпал ету мақсатында, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа арттыруды нақты айқындады. Бүгінде еліміз өсіп-өркендеп жатыр. Бұл ретте денсаулық саласын дамытуға атсалысып жүрген сіздердің еңбектеріңіз зор. Науқасқа ең бірінші көрсетілетін көмек — жедел жәрдем.
Бүгін Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы жаңа 6 автокөлікпен толықты. Осы автокөліктер әр адамның өмірін құтқаруға, жанын сақтап қалуға септігін тигізеді деп сенемін. Адам жанының арашасы болып жүрген, ақ халатты абзал жандар-сіздердің еңбектеріңізге табыс, халық игілігіне адал қызмет ете берулеріңізге тілектеспін,-деді өз сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Айман Оңғарбайқызы