ЖАҢАӨЗЕНДЕ «БИЗНЕС КАПИТАЛ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауында, ел экономикасына басты серпін беріп, қозғау салар саланың бірі – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Басты мақсат — кәсіпкерлік саласын ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналдыру.  Осы орайда  Маңғыстау облысының  Жаңаөзен қаласында орта және шағын бизнесті қолдауға әрі дамыту үшін Маңғыстау облысында «Бизнес капитал» жобасының тұсауы кесіліп, үш жақты меморандумға қол қойылды. Кәсіпкерлер қауымы бұл жоба өңірде ғана емес, ел ішінде тұңғыш рет іске асырылып отырғанын айтады.

Бағдарламаны қаржыландыру «Даму» Қорының және «Өзенмұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану келісім-шарты аясында жергілікті атқарушы органға беретін қаражаттары есебінен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландыру көлемі: бағдарлама бойынша жалпы сомасы – 1млрд. 50 млн. тенге, оның ішінде: «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 350 млн. теңге, «Даму» Қорының қаржысы — 700 млн. теңге.

-Орта және шағын бизнеспен айналысамын деген әрбір азаматқа толықтай мүмкіндік жасалынып отыр. Үш жақтың қатысуы арқылы жүзеге асатын бағдарламаны бастауға әзірміз. «Өзенмұнайгаздан» алынатын ақшаның 350 млн. теңгесін «Даму» қорына қайтарымды негіздегі несие ретінде беріледі. Өз кезегінде «Даму» қоры екі еседен көп қаражат бөледі. Нәтижесінде барлығы 1млрд. 50 млн. теңгені жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға жұмсаймыз. Қысқасы, бұл жерде ешқандай жергілікті бюджеттің қаражаты жұмсалмайды – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Өңір әкімі сондай-ақ, Жаңаөзен қаласы моноқала болғандықтан, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жаңа нысандарды ашуды қаржыландыру арқылы, қала экономикасын әртараптандыру қажет екендігін атап өтті.

-Жаңаөзен арқылы облыстың түрлі көрікті жерлеріне апаратын туристік бағыттар өтеді («Кендірлі» демалыс аймағы, табиғи көрікті жерлер, діни ғибадат орындары), соған байланысты сервисті жетілдіру және жаңа қызмет көрсету нысандарын құру қажет. Бағдарламаның жүзеге асыру қажеттілігі де осы, деді облыс әкімі.

-Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі, тек қана жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын инвестициалық мақсаттаға жобалар қаржыландырылатын болады. Ең маңыздысы қаражат «Өзенмұнайгаздан» «Даму» қорына тікелей аударылады.

Сол себепті несие бойынша пайыздық мөлшерлеме «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында субсидияланатын болады. Егер соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі – 11 пайыз болса, оның 10 пайызы субсидияланатын болса, ал қалған 1 пайызын ғана кәсіпкер төлейді. Сонымен қатар, егер қарыз алушының кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Даму» Қорының кепілдемесі берілетін болады, — деді  «Даму» қорының МОФ директоры Берік Нұрғалиев.

Айман Нұрмағанбет