Жаңаөзенде жер мәселесіне қатысты жиын өтті
Мұнайшылар қаласы Жаңаөзенде жер мәселесін талқыға салған қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Оған мұнайшылар, қала тұрғындары, ардагерлер, жастар, облыстық және қалалық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын қатысушылары қоғамда үлкен пікірталас тудырған жер реформасына қатысты өз пікірлерін айтты. Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов жерге қатысты заңға тоқталды.
-Жаңаөзен қаласының жалпы жер көлемі 51 600 гектар. Мұнда қалаға қарасты ауылдардың да аумағы кірген. Қала маңында ауылшаруашылығына қатысты пайдаланатын жер жоқ. Маңғыстау облысында 5 млн. 289 мың гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында қолданыста. Ал, 77 мың гектары немесе 1,46 % пайызы жеке адамдардың иелегінде. Ал, шетелдіктерге ешқандай жер берілген жоқ, деді Е.Дүзмағамбетов.
Айта кетсек, жер кодексіндегі өзгерістерді call-орталығы ашылған болатын. Аталған call-орталыққа бүгінгі таңда 107 адам хабарласқан. Олардың 21 ауылшаруашылығындағы жерге қатысты сұрағын қойып, жауап алған. 19 дүкен, шаштараз салуға қажетті жердің жайын сұраған. Ал, 64 адам жер алуға қажетті сауалын қойса, 3 адам жерге қатысты жалпылама мәлімет алған.
Жиын қатысушылары бірауыздан шетелдіктерге жерді сату немесе жалға беру мәселесіне үзілді-кесілді қарсылығын жеткізді.
Мұнда айтылған пікірдің барлығы республикалық комиссияға жіберіледі. Біз үшін әр адамның ойы маңызды, деді жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
-Біз үшін әр адамның ойы, пікірі маңызды. Сондықтан біз көшпелі кеңес құрып, қазір әр ауданды аралаудамыз. Жиын соңында барлық пікірлер қаралып, хаттама толтырылып, республикалық комиссияға жіберіледі. Облыстық деңгейде шешілмеген сұрақтар, уәкілетті органдарға жіберіледі, деді облыс әкімі.
Айман Оңғарбайқызы