Жаңарған Жаңатас
Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласы туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Кезінде кеншілердің қаласы болып дүрілдеп, аты айдай әлемге белгілі болған Қаратау сілемдерінің
аяғын ала жатқан шағын қала тоқсаныншы жылдарың соңына қарай не көрмеді? Екі қыс бойы жылуы, газы, жарығы жоқ, тіпті ауыз судың өзі оқтын-оқтын берілетін қаланың тіршілігін көз алдыңа елестетсең жаның түршігеді. Көпқабатты үйде қақаған қыстан қатып қалмас үшін тұрғындар пәтерлеріне «буржика» орнатып, тамақты далаға қолдан жасаған ошаққа пісірді.
Сол кезде босап қалған үйлердің есік- терезесі, едені тамызық болып, тал-дарақ отынға айналды. Анда-санда жарқ ете қалып, электржарығыжанғандабалалар«свет»деп шу ете қалғанда қаланы жаңғырып кетуші еді. Әр көпқабатты үйдің алдына «Водовоз» ауыз су жеткізгендегі ұзын-сонар кезек ше… Жылдап жалақы алмаған кеншілердің айлап аштық жариялауы, ақыры шыдамның соңғы тамшысына жеткізіп, 170 километр жердегі облыс орталығына бір аптадан аса жол жүріп, ереуілдетіп келіп теміржол бекетінде пойыз қозғалысын тоқтатқаны сондай бір қиын- қыстау жылдары Жаңатаста тұрған біздің есімізден шыққан жоқ.
Көктен тікұшақ қонса, үлкен-кіші аспаннан түскен мәртебелі қонақтар қаланы қираудан алып қалатындай аудандық әкімдікке қарай алаңдаумен болатын. Обалы не керек, республикадан да, облыстан да талай «дөкейлер» келіп-кетіп жатты. Алайда сең қозғала қоймады. Қаладағы бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені аталатын іргелі кәсіпорын жұмысынан береке кетіп, қолдан-қолға өтіп, шетелдік инвесторлардың бірі келіп, бірі кетті. Сол кездегі Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев министрлері мен ведомства басшыларын төрт көзін түгел Жаңатасқа алып келіп, аудандық әкімдіктің мәжіліс залында тұрғындармен алқалы жиын өткізгені де күні бүгінге дейін көз алдымызда. Сонда ғой: «Құрметті Нұрлан Өтепұлы! Мына Жаңатас Үкімтетке керек болмаса, бізге де керек емес, кеншілердің еңбекақысын толық төлеп, қаланы сүріп тастап, біздің Сарысудың шұрайлы жерін өзімізге қайтарыңыздар. Фосфорсыз да өз күнімізді көреміз, егін салып, түрт түлік мал өсіреміз. Ел аман жұрт тынышта қала мынау қатып жатқан, газ болоны жоқ деген не сұмдық. Мұнда ел бар екен деп өнер де, әдебиет те жүрген қазақтың атақты адамдарының қайсының соңғы рет атбасын бұрғанын ұмыттық бүгінде» деп Сарысу ауданының Құрметті азаматы, елге сыйлы қария Рәш Әбілов жеріне жеткізе, қанын шығара шалғай өңірдің мұң-мұқтажын ашына жеткізгені.
Жарықтық Нұрлан Өтепұлы өте зиялы кісі еді ғой, аудан халқының атынан Жаңатастың жанайқайын, Сарысудың адам төзгісіз күйін айтқан қарияны мұқият тыңдап, айтылған реніш, өкпе орынды екеніне тоқталып. Үкімет тарапынан барынша көмек көрсетілетінін айтты. Содан кейін барып, Жаңатасқа «жан» кіре бастады. Кеншілердің «мұздатылған» айлық-жалақылары да берілді. Атақты өнер адамдары келіп кездесулер өткізіп, концерттік бағдарламаларын ұсынды. Азық- түлік тиеген көлік керуені келді.
Оншақты жыл журналистік жылдарым өткен қаланың дүбірлі шағы, құлдыраған кезі, кешегі кеңес одағындай алып мемлекеттің әр қиырынан келген өзге ұлт өкілдерінің үдере көшкені, жергілікті ұлт өкілдері де кең-байтақ қазақ елінің әр қиырына қоныс аударып жатқаны да естен шыққан емес. Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылынан өтісімен- ақ қаланың күнбатыс жағындағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің «Орталық байыту фабрикасының» будақтаған қара түтіні көзге түскеннен-ақ Жаңатаста өткен жылдар тағы да ойға оралып, санамды шарлап кетті…
Ойды ой қозғайды, бірде қалаға сол жылдары Үкімет басшысының орынбасары болған, жақында ғана өмірден өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, оппозиционер-саясаткер Балташ Тұрысынбаев келді. Сонда «Жаңатасты қирап қалған екен десем, жантайып қана қалыпты. Ел аман болсын, қала әлі-ақ қалпына келіп, бұрынғыдан да құлпыра түседі» деді. Қалаға кірген бетте жарықтық әулие кісі екен, айтқаны айдай келді ғой дедім. Түнгі Жаңатас күндізгідей жарқырап тұр. Гүлге оранған қаланы екі сағатқа жуық армансыз араладық. Тіпті кешегі кеңес заманында «Жаңа Париж» болып дүрілдеген шағында да мұнша гүлге оранбаған шығар, мынау тасқа гүл шығарған не деген еңбек деймін. Сол гүлзарлар мен саябақтарда топ-топ болып серуендеп жүрген жастарды көргенде «Жаңатас жастардың қаласына айналыпты- ау, мынадай жайнаған, құлпырған қалада тұрып, оқып, еңбек етудің өзі бақат қой» деймін тағы да іштей…
Қалыптасқан дәстүр бойынша ертемен аудандық әкімдіктің табалдырығын аттадым. Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев кабинетінде жоқ. Сөйтсем таң ата қаланы жаяу аралап барып, жұмысқа сағат тоғызға жақындағанда келеді екен. «Жас келсе- іске» деген осы шығар. Күнделікті қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, кем-кетікті өзі көріп, қала әкіміне, басқа да тиісті мекеме басшыларына бірден нақты тапсырма беретін көрінеді. Әсте қазір кабинетте отырып, ел басқаратын заман емес. Осыны сезінген әкімнің мұнысы, жөн-ақ. Өзі осы қалада дүниеге келіп, орта мектепті осында бітірген. Қала әкімінің орынбасары Мұхамедқали Бегеев те жалындаған жас жігіт, ол да Жаңатастың тумасы. Былайша айтқанда қаланың жайын жатқа біледі.
Қай жылы еді, ауданды Балабек Нарбаев басқарып тұрғанда Жаңатаста облыста алғаш рет «Ақылы аялдамалар» ашылған. Сонда аудан әкімімен бірге әлгі аялдамаларды көріп, әдеби кітаптармен танысқаным бар. Қоғамдық көлікті күтіп отырғанда аз да болса электронды түрде рухани дүниеңді байытып, уақыт өткізесің. Қазір сол төрт аялдаманың рақатын Хасен Молдабаев басшылық жасайтын «Жаңатас көлік» ЖШС-ның қалаішілік екі автобусына мінетін жолаушылар көруде. Егер басқарудың әкімдік жүйесі енгелі бері айтатын болсақ, Жаңатастың алғашқы әкімі болған иманды болғыр Итен Әлімтаевтан бастап, қала, аудан басқарған азаматтар қаланың бүгінгідей гүлге орануы жолында көп тер төкті. «Жантайып» қалған Жаңатасты тік тұрғызуда, кезінде елеусіздеу қалған Сарысу ауданын алға шығаруда аға буын өкілдерімен қатар, әр жылдары аудан әкімі болған азаматтардың еңбегі ұмытылмауы тиіс.
– Жаңатастың тарихын өзіңіз жақсы білесіз, өткеніне тоқталмай-ақ қойайын. Қазір 23567 адам тұрады. Бүгінде «Еврохим», ЖШС, «Қазфосфат», ЖШС «Қаратау» тау- кен өңдеу кешені, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» солярная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты» сынды бес іргелі өңдеу өнеркәсібі тұрақты жұмыс істейді. Биыл қуаттылығы жылына 600 тонна болатын сүт өңдеу зауыты іске қосылады. Қаладағы ұзындығы 61,2 километр болатын 76 көшенің 42-сі толық асфальтталған. Бұл 55 пайызды құрайды. Қалған 34 көшенің газ құбыры жүргізілген соң, орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. 48 көшеге жарық толық орнатылған. Осы жылы қосымша 13 көшені жарықтандыру жоспарлануда. 97 көпқабатты және 1669 жеке сектордағы тұрғын үйлерге ауыз су және кәріз жүйесі толықтай тартылған, – дейді қала әкімінің орынбасары Мұхамедқали Бегеев.
Биыл қала аумағында 517,2 миллион теңгеге барлығы 20 жоба іске асырылады деп күтілуде. Бірінші болып, қала іргесіндегі Дегерес елді мекеніне 138 миллион теңгеге 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталыпты. Сонымен қатар 281 миллион теңгеге 4-ші және 5-ші шағынаудандардағы бос жатқан жерлерге су, кәріз, электр желілері сынды инженерлік-инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Бұл алқапқа 100 жеке тұрғын үй салынатын көрінеді. 32 миллион теңгеге 2-ші шағынаудандағы 6 көпқабатты тұрғын үйдің алды абаттандырылып, 25 миллион теңгеге Мұқанов көшесінің бойына, 4,6 миллион теңгеге 5 «а» шағынауданында жаяу жүргіншілер жолы салынбақшы. 15 миллион теңгеге 3 балалар алаңшалары мен 9,6 миллион теңгеге жаттығу алаңшалары орнатылмақ. Мұнымен қоса, 5,4 миллион теңгеге қаладағы 15 балалар ойын алаңшаларына ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Жолдарды жаз және қыс мезгілінде күтіп ұстау, жолақтарды сызу және шұңқырларды тегістеу жұмыстарына 20 миллион теңге жұмсалатын көрінеді. Бұдан басқа да атқарылатын жұмыс жетеді.
Ауданның да, қаланың да басшылары тазалыққа баса мән беретінін бірден аңғардық. Шағын қаланың тазалығымен айналысуға 81 ақылы қоғамдық жұмысшы тартылып, бес арнайы техника жұмылдырылған. Наурыз айынан бастап,110 тонна күл- қоқыс шығарылған. 31 қоқыс алаңшасын жабдықтау жобасы әзірленіп жатса керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 44 миллион теңгеге «Жаңатас» ВЭС» ЖШС есебінен «Ақбұлақ» демалыс орнын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Демалыс орындары мен саябақтарға 5 300 түп тал мен 4800 дана гүл көшеттері отырғызылыпты. Жаңатас осыдан барып гүлге оранып шыға келген.
Амангелді ӘБІЛ, Сарысу ауданы