Жанаргүл АЛПЫСБАЕВА: «Баланың бақытын ұрлағың келсе, ажырас»
Қоғамды алаңдатып, күннен күнге күрделеніп келе жатқан мәселенің бірі — ажырасқан отбасы балаларының құқын қорғау, жасөспірімді күйзелістен, ата-ана арасындағы түсініспеушіліктің құрбаны болудан сақтап қалу болып отыр. Осы орайда, біз, Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанаргүл Қабылдақызы Алпысбаеваны әңгімеге тартқан едік.
— Сіздің түсінігіңізде, бала құқы деген не?
— Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады делінген. Яғни демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет негізін қалаушы бағыттарының бірі, бала құқығын қорғау мәселесі болып табылады.
Бала құқығын қамтамасыз ету қазіргі заманның ауқымды мәселелеріне жатады. Біздің Республикамызда балалар құқығын қорғауға ерекше назар аударылатынын атап өту керек. Мәселен, бала құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне 2008 жылғы 8-тамызындағы «Баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі арналған, сондай-ақ басқа нормативтік құқықтық актілер де жеткілікті.
Әрбір баланың мүмкіндігінше, отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзінің ата-анасын білуге құқығы, олардың қамқорлығына құқығы, өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, олармен бірге тұруға құқығы бар. Әрбір бала отбасында тұрып, тәрбиеленуге құқылы. Отбасылық тәрбие бала үшін өте маңызды. Әрбір бала өз ата-анасымен тұруға, өзге де туыстарымен қарым-қатынас жасауға толықтай құқылы. Сонымен қатар, тек қана ата-ананың жанында тұру ғана емес, баланың адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуі, өз мүддесіне қатысты кез келген отбасылық мәселелерді шешкенде өз ой-пікірін білдіруге құқы бар. Бала 10 жасқа келгенде, сот оның пікірін ескереді. «Баланың құқықтары жөніндегі конвенцияға» сәйкес әрбір баланың өзінің даралығын сақтауға қақысы бар, яғни оған оны даралайтын белгілер аты, тегі, әкесінің аты жатады. Тағы айта кетсек, баланың мүліктік құқығы бар екенін ұмытпаған жөн. Ол дегеніміз баланың өз ата-аналары мен отбасының өзге де мүшелерінен асырап-бағу үшін қаражат көмегін алуына байланысты. Мысалы, алименттер, зейнетақы мен жәрдемақы ата-анасының атына келіп түседі, бірақ олар балаларды асырап-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалуы керек. Заң баланың сыйлық ретінде немесе мұраға алған меншігінің еңбекпен айналысып тапқан кіріс меншігінің жекешелендірілген пәтер меншігінің болуына жол береді.
— Судья ретінде айтыңызшы, баланы ең әуелі кімнен, не үшін қорғау керек?
— Сұрақ өте орынды деп ойлаймын. Себебі, қазір IT-технологияның дамыған кезеңі, балалар жас кезінен интернетті қолдануды жақсы меңгеруде. Онымен қоса теледидар деген көк жәшіктің ішінде неше түрлі жағымсыз дүниелер көрсетсе, ғаламтор толып тұрған роликтер, баланың психикасына әсер етпей қоймайды. Менің ойымша, ең бірінші баламен дос болып, тіл табыса білу керек. Сонымен қатар, өмірде неше түрлі зиян келтіретін, немесе қандай да бір қауіп төніп тұратын жерлерден аулақ ұстау қажет деп ойлаймын. Бір нәрсені ұмытпаған жөн, балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп айту керек. Ол саналы түрде түсінуі өте маңызды.
— Маман ретінде ата-анасы ажырасқан-нан кейін бала көбіне қандай жағдайды басынан өткеретінін байқадыңыз?
— Сот практикасы даудың мәні де өзгергенін көрсетіп отыр, егер бұрын негізінен ата-аналар құқықтарынан айыру туралы талап қоятын болса, қазір көбейген неке бұзу арыздарында ата-аналар баланың кіммен тұратынын даулайды, баламен араласу тәртібін айқындауды сұрап жатады.
Ата-аналарының ажырасуының балаға тигізетін әсері үлкен. Ажырасудың өзі емес, онымен сабақтасқан жағдайлар, ажырасу алдындағы немесе одан кейінгі ерлі-зайыптылардың арасында болатын келіспеушіліктер, оның түрі мен ұзақты маңызды фактор болып табылады. Осылардың барлығының жиынтығы бала түгілі, ересек адамға қиындық туғызады. Яғни, бала барлығын көреді және біледі, ажырасу процесінен кейін бала екі ортада қалып қояды. Ата-анасымен бірдей қашықтықта қарым-қатынас орнату, сонымен қатар екі жақтағы туған-туыстарымен араласуы қиын және де ажырасудан кейін де түсініспеушіліктер болады. Әрине, баланың тұрғылықты жерін анықтау, онымен кездесу тәртібін анықтау сияқты күрделі себептерді бала басынан өткереді. Егер ата-анасы бір-бірін сыйлап, бір шешімге келіп, ортақ шешім қабылдап, өздерін емес баланың мүддесін, психологиялық дамуын ойласа, тіпті жақсы, онда бала екі жақты махаббатты сезінеді. Барлығы ата-анасына тікелей байланысты.
— Ата-анасы ажырасқаннан кейін бала психологиялық күйзеліске түспеуі үшін сот тарапынан қандай да бір көмек, алғышарттар қарастырылған ба?
— Әрине, сот тарапынан моральдық-психологиялық көмек қарастырылған. Баланың ата-анасының ажырасу немесе басқада қиын процестерден моральдық зиян шеккен жағдайда ең әуелі ата-анасы жағынан тікелей көмек қажет ететіні сөзсіз. Дегенмен, ата-анасы өз мүдделерін ойлап, баланы шетке ысырып тастайтын да кездер болады, ондай жағдайда баламен психолог мамандардың жұмыс жасауы қарастырылған.
— Сіздіңше, ажырасудың негізгі себептері қандай?
— Ажырасудың себептері санқилы. Менің ойымша, олар ерлі-зайыптылардың мінез-құлықтарының сәйкес келмеуі, жастар отбасын құруға дайын еместігі, осы мәселеге жауапсыздықпен қарауы.
Егде жастағылардың ажырасудағы сылтауы жас отаудағы шикіөкпелерден бөлекше. Жас отаудың іргесінің бұзылуына ата мен ененің де кінәсі бар деп есептеледі. Өздерінің басқа отбасылары бар туыстық қарым-қатынастар да екі жастың арасына түсіп ең соңында жарықшақты үлкейтіп тынады. Ақырында жетілген эгоизм шарықтау шегіне жетеді. Және де қазіргі таңда, жас отбасылардың отау құра отырып болашақ өмірін ойламауы, яғни оған саналы түрде бармауы қынжылтады. Материалдық жағынан қамтамасыз етілмеуі, баспананың жоқтығы, ішімдік пен ойын құмарлық немесе әйеліне әлімжеттік көрсету, бір-біріне нашар қарау, қызғану, балалы болмау, аурулар сияқты себептер де ажырасуға әкеліп соғатыны анық. Тек жас отбасылар ғана емес, жасы жеткендер де 10-15 жыл бір шаңырақтың астында тұрып, екіге кетіп жатады. Яғни, ол дегеніміз адамдар сабыр сақтап, өз-өздерімен жұмыс жасамауы, түсініспеушіліктің артуымен ғане бітетіні сөзсіз.
— Ажырасу мәселені шешпейтіні белгілі. Сондықтан соттың араласуымен отбасын сақтап қалғандар болды ма?
— Соттың мақсаты — некені сақтап қалу. Соттар некені бұзу туралы істерді қарау барысында ерлі-зайыптылардың мұндай қадамға баруының себептерін анықтауға тырысады. Сондай-ақ балаларының қамы үшін оларды татуластыру мақсатында, аталы сөздерді мысал ете отырып, үлгі-өнеге айту арқылы жауапкершіліктерін түсіндіреді. Мұны түсініп бастапқы райынан қайтып, жарасып кеткен отбасылар да аз емес. Сөз жоқ, барлығымыз жастардың шаңырақ көтеріп, бақытты отбасылық өмір кешкендеріне қуанамыз. Соған тілекшіміз.
— Сіз елімізде некені сақтап қалу үшін алдымен қандай жағдайға баса назар аударылуы керек деп ойлайсыз?
— Ұлын — ұяға, қызын — қияға қондыру әр ата-ананың арман-тілегі. Сондықтан кеше ғана баласын үйлендіріп, өз алдына отау көтерген оған жиған-тергенін шашып той жасағанды, осы арқылы ырысы артып, өрісі кеңейгенді керемет бақытқа балайтын ата-ана үшін сол баласының шаңырағы ертесіне шайқалып жатқаны әлбетте ауыр тиеді.
Қоғамымызда неке бұзудың көбеюі, жастарымыздың ұлттық қасиетіміз-ді дұрыс түсінбегендіктен, отбасы құруға дайын еместігінен орын алып отыр. Сондықтан некені сақтап қалуда екі жақтың мәмілеге келуі, ерлі-зайыптылардың бір бірін түсінуі олардың сыйластығына, тәлім-тәрбиесіне, құндылықтарына байланысты деп ойлаймын.
— Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан —
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ