Жаңартылған бағдарламаға сай оқулық жоқ
Ақпараттық технология қарыштап дамыған өркениетті ғасырда ел игілігі мен жарқын болашығы үшін білім мен ғылымның көкжиегін кеңейту ең өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ғылым-білім саласында стратегиялық міндеттер жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері қайта-қайта түрлі реформа жасалып, жаңаша білім беруге ұмтылыстың нәтижесінде жаңартылған бағдарлама қабылданды. Иә әлем үздіксіз дамып жатқан ғасырда бұрынғы ескі жүйемен білім беру заман сұранысына жауап бере алмайтыны белгілі. Сондай-ақ жаңартылған бағдарлама ең алдымен ұстаздарға сын. Әсіресе бүгінгі ұстаз қандай болу керек, оқулық сапасы мен оқушының оқуға ынтасын қалай жақсартуға болады деген сұрақтар күн тәртібінен түспей келеді.
Мектептің жаны, жүрегі – мұғалім дейміз. Ендеше оқу, оқыту жайын ұстаздан артық ешкім білмейді деген ниетпен Ақмола облысы Көкшетау қаласы N17 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлжанат Мұсайфқызымен сұқбаттасқан едік.
– Мемлекеттік деңгейде Білім беру саласында 2016 жылдан 2021 жылға дейін біршама өзгерістер болды. Мектептер жаңартылған бағдарламаға көшті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Cіз тәжірибелі ұстаз ретінде қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасына салыстырмалы түрде қандай баға бересіз?
– Жаңартылған білім беру бағдарламасымен жұмыс жасап келе жатқанымызға 6-7 жылдың жүзі болды. Бағдарламаның жақсы жақтары да, кемшіліктері де кездеседі. Мен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін болғандықтан, осы пәндерге қатысты ойымды айтайын. Жаңартылған бағдарламада білім берудің жүйелілік, ғылымилық, бірізділік, сатылай оқыту сынды ұстанымдар ескерілмеген. Диктант жазу, көркем жазу деген жоқ. Мысалы, қазақ тілінің мазмұнында лексикалық тақырыптар берілген де, теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана, оның өзінде де шашырай берілген. Мысалы, Қазақ тілі пәнінің бағдарламасында «Қиял әлемі», «Сән мен талғам», «Аспан денелері», «Көлік түрлері» деген сияқты лексикалық тақырыптар берілген де, теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде ғана ұсынылған. Теориялық білімді меңгертуге арналған тапсырмалар жоққа тән. Негізі оқушы теорияны айтып, оны мәтіннен талдай алуы керек. Нақты айтар болсам, аралас құрмалас сөйлемді талдағанда, мәтіндегі сөйлем аралас па, құрмалас сөйлемнің қай түрі екені туралы тапсырмалар болуы керек. Яғни, оқулық мақсатқа сай емес. Мақсаттар күрделі, сол мақсаттарды айқындап оқушыға жеткізу үшін оқулыққа сүйенсең, оқулықтағы тапсырмалар сәйкеспейді. Оқулықта мақсатқа сәйкес тапсырма берілмегендіктен, дайын материал болмағандықтан, мұғалім сабақты толық түсіндіріп, мақсатты жүзеге асыру үшін өзі сабақтың әр тақырыбына сай карточка, көрнекілік жасауы, іздеуі, басып шығаруы, қиып дайындауы керек деген сияқты уақытын жоғалтатын, артық жұмыс көп.
Жүйелі оқыту болмаса, мұғалім де шәкірт те шатасады
Ал жүйелілік сақталмаған дегенге келетін болсақ, 5-сыныпта сөз таптарын өтеміз, 6-сыныпта да, 7-сыныпта да сөз таптарын өтіп жатамыз да кенет лексикаға, лексикадағы тілдік бағдарға түсіп кетеміз. Яғни сөз таптары болсын, лексика немесе басқа тақырыптық сабақтарда жай ғана оқып қана кетпей, теориялық тапсырманы меңгерту жұмыстары болу керек деп ойлаймын. Жаттығу жұмыстарында жазылым, оқылым тапсырмаларында осыған сәйкес жұмыстар жоқ. Мәтінді береді, оқисың, фразеологизмді тап дейді, бірақ мәтіннің ішінен бірде бір фразеологизм таппайсың. Мұғалімге өзіңіз мақсат қойып, сол бойынша өзіңіз жұмыс жасаңыз дейді. Онда оқулық не үшін? Оқулық мұғалімге көмекші құрал ретінде жүруі керек емес пе!? Оқушы да оқулықты қолына алғанда өзіне керекті мәліметті алатындай болуы керек емес пе?! Мұғалім мен оқушы оқулықтан қажет дүниесін таба алмаса, ондай оқулықтың қажеті қанша. Егер сапалы, құнды оқулық болса, оқушыны оқулықпен де оқуға қызықтыруға, ынталандыруға болады.
Артықшылығы төрт дағды бойынша жұмыс жасау. Олар: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым материалдары бойынша жұмыс жасалады. Бұл әрине жақсы. Оқушылар тыңдалым – тыңдаған мәтін бойынша, айтылым – мәтінді айту немесе айтылған материал бойынша талдау жұмысын жүргізу, оқылым – оқыған материалдар бойынша жұмыс, жинақ мәтін жасау, негізгі ақпаратты, қосымша ақпаратты анықтау деген сияқты, ал жазылымда ой-пікірін айту, жүйелеп айту, эссе жазу сияқты жұмыстар беріледі.
Критериалды бағалау деген логикалық тұрғыдан қарасақ, жақсы. Өткен материалды БЖБ-ға икемдеп дайындасақ, БЖБ-ны ТЖБ-ға икемдеп дайындаймыз. Мұнда тапсырмаларды жүйелеп беруге мүмкіндік өте көп. Бір тоқсан бойынша екі-ақ бөлім оқыса, екі БЖБ, бір ТЖБ жазады. Бірақ БЖБ, ТЖБ-ның тапсырмаларының жауабы интернетте дайын. Оқушыларда соны қарап алып жаза саламын деген түсінік қалыптасқан. Ал мұғалім балалар жаза салады деп қол қусырып отырмайды, әр мұғалім өзінің жасаған жұмысына сәйкес бөлім тақырыбынан ауытқымай тапсырмаларды өзгертіп, тапсырмалар дайындаймыз. Оқушылар сол тапсырманың берілуін интернеттегі тапсырмаға сәйкес немесе сәйкес емесіне қарамайды, көшіріп бере салады. Интернет оқушыларды жалқаулыққа үйретіп жатыр. Бала әр сабақта мүмкіндігінше санасына бір ой түйіп, бір тағылым алып кетсе екен деп, сабақтың мазмұнын арттыруға жұмыс жасалып жатыр. Бірақ балаларда БЖБ мен ТЖБ-дан жақсы баға алсам болды деген түсінік қалыптасқан. Ізденбейді, оқымайды, жан-жақты білуге талпынбайды, логика жоқ.
Негізі БЖБ мен ТЖБ-ның жауаптарын жариялайтын сайттарды мемлекет тарапынан ақылы болсын, болмасын жабу керек. Мұғалім дәл интернеттегі сұрақты бермейді, ал баланың сенімінде интернетте тұр, осы дұрыс деген түсінік бар. Сұрақты оқымайды, интернеттен қарап алған дайын жауаптарды жаза салады. Сұрақ басқа, жауап интернеттен алынған, байланыс жоқ. Сұрақ жауапқа ғана бейімделген оқушының оқу сауаты, оқу жылдамдығы, сөйлеу мәдениеті, ойын жинақы жеткізе білуі төмендеп барады. Сондықтан жаңартылған оқу бағдарламасы дағдылар жағынан жақсы болғанымен, оларды жүзеге асырудағы қозғаушы күш болып тұрған оқулық мақсатқа сәйкеспейді. Барлық салмақты мұғалімге жүктей салады.
Теория дұрыс болғанмен, практикада ақсайды
– Демек, оқулықтағы қарапайым адамдар айтып жүрген қателерді айтпағанда, кәдімгідей өзекті мәселе бар деңізші. Сіздің ойыңызша оқулық қандай болу керек?
– Жоғарыда айтқанымдай оқулықта олқылық өте көп. Яғни жаңартылған оқу бағдарламасында мақсаттарға сәйкес оқулық жоқ. Негізі оқулық бағдарламадағы мақсатқа сай болу керек. Қайталап айтамын, бірақ қазіргі оқулықта мақсатқа сай тапсырма берілмеген. Оқулықтың сапасы туралы тәуелсіздік алғалы бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Мектеп қабырғасында көп жылдар жұмыс істеп жатқан ұстаз ретінде сапасына көңілім толмайды. Қазіргі оқулықтар бағдарлама бойынша төрт дағдыға негізделіп жасалды дегенмен, көбіне мәтін қуалап кеткен. Берілген мәтіндер өте үлкен көлемде, тілі түсініксіз. Оқушыны жалықтырып жібереді. Оқушы түгіл өзің оқығың келмейді.
Жалпы оқулықты әртүрлі баспаға берген меніңше, дұрыс емес. Дегенмен, әртүрлі баспадан шығару да соншалықты маңызды емес, бастысы сапасы маңызды. Сондықтан, өз ойым, мемлекет бір баспаға ғана міндеттеп, мектепте жұмыс жасаған, мектеп өмірінде «қайнаған», оқушымен жұмыс істей алатын шебер, тәжірибелі ұстаздарды таңдап, жұмылдырып, сараптап, зерттеп барып жазғызу керек сияқты. Профессор, ғалымдар оқулықты теориялық тұрғыдан жазады да, практикада ақсайды.
– Оқу-тәрбие мәселесінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңыздылығын айта кету керек сияқты. Бұрын балалар кітап оқуға құмар еді, қазір ешкім кітап оқымайды деген пікір жиі айтылады. Сіздің ойыңыз…
– «Адам кітап оқуды қойса, ойлауын да қояды» деген қанатты сөз бар. Қазіргі балаға кітап оқыту үлкен проблема. Бүгінгі балалар, жастар бос уақытында немен айналысады? Көзіміз көріп жүргендей дені әлеуметтік желілердегі, ғаламтордағы жаңалықтарға әуестеніп, жұлдыздардың жеке парақшаларын ақтарумен уақыттарын өткізіп жатыр. Балаларда интернетке тәуелділік пайда болған. Қолындағы телефонды ашып қарап отырмаса, көңілі көншімейді. Сол босқа кетіп жатқан уақытты кітап оқуға, өзін дамытуға жұмсаса жақсы болар еді. Оқушылардың әлеуметтік желіге тәуелділігіне ата-аналар, бізде кінәлымыз. Сұраған телефонын алып беріп, жұмысты сылтау етіп, бала тәрбиесін интернетке тапсыра салғанбыз. Ата-ана тарапынан шектеу қойып, баланың күн тәртібін ұйымдастырса, отбасында кітап оқу үрдісін енгізсе, ата-ана өзі үлгі болса, бала да соны істейді ғой. Бала айтқанды емес көргенін жасайды. Көргені телефонға телмірген ата-ана болса…
– Жалпы балалардың кітап оқуға құштарлығын қалай оятуға болады?
– Балалардың кітап оқуға құштарлығын қоғам болып қолға алу керек сияқты. Оқушылардың таным түсінігіне сай кітаптар көбірек шығарылса. Қалтаға салып алып оқитын кішігірім кітапшалар көбейсе, әлеуметтік желілерде оқушыны тәуелді ететін сайттар мен ойындарға шектеу қойылса… Кітап оқуға балаларды бейімдейтін мемлекеттік деңгейде әр түрлі бағдарламалар болса… Мысалы, Сырымбек Таудың жеке кәсіпкерлермен бірлесіп ұйымдастырған «Тұлға боламын» жобасы сияқты бағдарламалар көбейсе, отбасылар арасында «Оқуға құштар отбасы» жобасы ұйымдастырылса деп ойлаймын. Бірақ қазір ата-аналар да кітап оқымайды ғой.
Мектепте баланы оқуға мейілінше бейімдеп жатамыз, кітапханада түрлі шаралар ұйымдастырып жатамыз. Бірақ бала көп уақыт үйде болатындықтан, үйде ата-аналар оқытуды қолға алатындай бір жоба немесе ата-аналар мектебін ашу керек пе. Мектептегі «Оқуға құштар» деген жобамен балалар кітап оқып кетпейді. Тіпті оқиды деген баладан кітап оқыдың ба деп сұрасаңыз, бір сыныпта бір-екі бала орысша оқыдым дейді. Мемлекет тарапынан кез келген адам отыра қалып кітап оқитындай дәрежеге жеткізетін жұмыстар жасалуы керек.
Ұлттық құндылықты сіңіретін ғылыми бағдарлама керек
– Иә, қазір баланы емес ата-ананы тәрбиелеу керек шығар деп те қалатынымыз жасырын емес. Алайда мектеп – білім мен тәрбиенің қазыналы ордасы. Кейде мектеп білім бергенімен, тәрбие мәселесінде ақсап жататын кездер жиі кездеседі. Негізгі өзекті мәселе жас ұрпақ тәрбиесі десек, ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар бұлағы – ұлттық тәрбие екені белгілі. Осы орайда мектептеріңізде ұлттық тәрбие беру жұмыстары қалай жүргізілетінін айта кетсеңіз…
– Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» депті деп үнемі айтып жүрміз. Айту басқа, істеу басқа. Мектептерде ұлттық тәрбие беру жұмысы әлі де ақсап келеді. Ұлттық тәрбие беруде неге шектеліп жүрміз, себебі белгілі бір бекітілген бағдарлама жоқ. Кезінде «Атамұра» деген ұлттық тәрбие беретін тамаша бағдарлама болған. Ол домбыра, дастан, тарих, салт-дәстүр сынды бағыттарда тәрбие сағаттарына бөлінетін. Қазір ұлттық тәрбие Наурызда ғана бір екі салт-дәстүрді көрсетумен, бауырсақ пісіріп, көже жасаумен ғана шектеледі десем артық айтқаным емес. Сондықтан мемлекет тарапынан ұлттық тәрбие бойынша белгілі бір бағдарлама керек сияқты.
Мектепте 8 бөлімге бөлінетін тәрбие жұмысы бар. Олар даталы күндерге, экологиялық білім беру деген сияқты бағыттарды қамтиды. Ұлттық құндылықты сіңіретін, ұлттық рухани-мәдени салт-сананы сіңіретін, ұлттық педагогика, ұлттық философияны, қазақтың ұлттық қолөнерін, ою-өрнегін, ұлттық киім, ұлттық ас мәзірін, тұрмыс-тіршілігін насихаттайтын, ағаштан түйін түйген шеберлік сабақтары, он саусағынан өнер тамған кесте, терме, біз кесте секілді эстетикалық әдебін үйрететін үйірмелер, қазақтың туа бітті мінез, ар-ождан, ұят, сауап, обал сынды болмысын дәріптейтін жүйелі, ғылыми бағдарлама жоқ.
Тәуелсіз 30 жылда тұтас буынның ұлттық патриоттық деңгейі қалыптаспады, әлі де орысша ойлау, орыс түсінікпен, көзқараспен қарау өзгеретін емес.
БЖБ мен ТЖБ жауаптарын жариялайтын интернет ресурстарды жабу керек
– Оқушының білім сапасын арттыру мақсатында тағы қандай бағытта жұмыс істеу керек деп ойлайсыз?
– Оқушының білім сапасын арттыруға мүмкіндік өте көп. Ақылы мектептер де, репетитор да бар, оқимын деген бала интернеттен де білімін толықтыруына болады. Тек баланың оқуға деген ынтасын көтеру керек. Қазіргі балалар жеңілге үйреніп кетті. Қиналса оқығысы да, жазғысы да келмейді. Екіні қойсаң қоя бер дейтін оқушылар бар. Сондықтан білім сапасын көтеру үшін алдымен ұрпақты тәрбиелеу керек.
Біздің еліміз үшін оқушыларға жаратылыс тану бағытындағы химия, физика, биология секілді пәндерді жақсы оқыту керек сияқты. Өйткені мектеп бағдарламасында туб деген бар. Тубты таңдаған кезде аталған пәндердің сағаты аптасына бір рет қана болады. Қалғанының бәрі ПК дейді. ПК дегеніміз қосымша сабақ. Қосымша сабаққа баға қойылмайды. Аптасына бір сағаттан болғаннан кейін оларға тоқсанда қорытынды шығарылмайды. Баға қойылмағаннан кейін балалар ПК-ны оқымайды. Сондықтан жаратылыс тану бағытындағы сабақтардың сағатын көбейту керек деп ойлаймын. Себебі ғылым мен техниканы меңгеру, медицинаның дамуы осы пәндерге байланысты. Ал мектеп бітіргенде 70 пайыз мамандық физика, химиядан тапсырады. Ал бір-ақ сағатпен оқыған бала бұл пәндерден жақсы нәтиже көрсетеді деп айта алмаймын. Менің ойымша, әлі де бағдарлама бойынша оқытылатын пәндерге назар көп аударылуы керек сияқты. Қоғамның дамуына, экономика, ғылым мен техниканың өркендеуіне үлес қосатын пәндерге басымдық берілуі керек.
– «Педагог мәртебесі» туралы заңға сәйкес мұғалімдер «қағазбастылықтан», «аула сыпыру» секілді басқа да тәуелділіктен құтылды ма?
– «Қағазбастылықты» азайттық деп жатыр. Бірақ… Төрт тоқсан бойы екі пәннен БЖБ, ТЖБ-ларды жазамыз. Біздің мектепте бір сыныптың өзінде 30-ға тарта оқушы бар. 23 сағаты бар мұғалім үшін 700-ге жуық жұмысты тексеру деген оңай емес. Қағазбастылық осы жерден шығады. Мен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Сол сияқты орыс тілі, алгебра пәндері мұғалімдері қағазбастылықтан арылған жоқпыз. Ал аптасына бір рет болатын Қазақстан тарихы, физика, химия пәнінен БЖБ біреу ғана жазады, екі тоқсанда бір рет қорытынды шығады. Сондықтан оларда салыстырмалы түрде аз шығар. Тіл мамандарында БЖБ мен ТЖБ-ға байланысты дайындау, тексеру, бағалау бойынша қағазбастылық тіпті көбейіп кетті. Сонымен қатар жоғарыда айтқанымдай, сабақтың мақсатын түсіндіру үшін қосымша көрнекіліктің бәрін мұғалім өзі жасап, дайындап, шығарып әкеледі. Бұл мұғалімнің қалтасына салмақ салып, уақытын ұрлайтынын айтуымыз керек.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Қажырлы еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ