ЖАНАШЫР ҚЫЗДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ЖӘНЕ ДАРАҚЫНЫҢ ДАУРЫҚПАСЫ
Ұлы даланың кемеңгер перзенті, қазақ халқын бір орталыққа бағынған мемлекет жасау үшін өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер, басқыншы жауларға қарсы Ұлы Отан соғысын ұйымдастырушылардың бірегейі, өз дәуірінің ғана емес, Қазақ хандығының тұтас тарихында хандық лауазымнан тыс тұрып, халықаралық деңгейде келісімшарт жасау құқына ие болған сирек тұлғаның бірі Қаз дауысты Қазыбектің жарық дүниеге келгеніне биыл 350 жыл толғаны белгілі. Осыған орай, Ұлы би 1730-35 жылдары ел-жұртын бастап келіп, ту қадап, орда тіккен, өмірінің соңғы кезеңі өткен, бүгіндері ұрпағының дені тұрып жатқан өңірде, қазіргі тілмен айтқанда, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында үстіміздегі жылдың 19 тамызында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бұл жайлы елдегі БАҚ біршама ақпарат таратты. Сондықтан оған егжей-тегжейлі тоқталудың қажеті шамалы. Мақсатымыз — арада ай жарымнан артық уақыт өтіп, мерекелік шаралардың ыстық-суығы басылып, елдің елеуреген бөлігі эйфориядан айыққан соң, «той» деп айдар тағылған жиынға қатысты айтылған пікірлерге үн қосу.
Жиындағы ақтық бәсеке — аламан бәйге аяқталып, жүлделер таратылып болған соң-ақ тарай бастаған жұрт жеті жарым ай жыр болып, бір жарым тәулікте өте шыққан мерекеге бағасын беріп жатты. Біреулер мақтады: азшылық тойдың деңгейі биік болғанын, Астанадан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бастаған, Парламент депутаттары қостаған арнайы делегация келіп қатысқанын тілге тиек етті. Екіншілер даттады: көпшілік жиын жоғары лауазымдылар үшін ғана ұйымдастырылған салтанатты шара болғанын, бұқара жұрт адами түсіністік пен жанашырлықтан тыс қалғанын айтып, шағынды. Өйткені Қу өңірінің халқы Ұлы бабаның мерейтойымен байланысты қолға алынған шаралардан көп үміт күтіп еді. «Өз қотырларын өздері қасуына» мүмкіндік беретін жергілікті әкімшілік құрылымды, яғни ауданды ашып бермесе де, республика мен облыстың атқарушы билігі шалғай ауылдардағы жұрттың әлеуметтік жағдайын біршама жақсартуға көңіл бөлер деп дәмеленген. Әйткенмен, жұрт үміті ақталмады. Облыс орталығынан шалғай, 300 шақырым жердегі Егіндібұлаққа дейінгі жол ғана үстіртін жөндеуден өтті. Ауылдың жартысына, тойға келген республикалық делегация мүшелерінің назарына ілігуі мүмкін-ау деген, әкімшілік ғимараты тұрған орталыққа дейінгі көшелер аздап абаттанып, қоян терісіндей асфальт төселді. Ауылдың тау бауырындағы, жергілікті тұрғындар Дара деп атайтын бөлігі қараңғылық құшағында және құлаған үй-жайлардың ортасында қала берді. Бұрынғы аудан орталығы Егіндібұлаққа көзқарас осындай болғанда, кезінде оған бағынған ауылдардың жағдайын сұрамай-ақ қойған ләзім шығар. Басқа болмаса да, Қуды атамекені санайтын, осы керім өңірде туып-өскен адамның жүрек-қолқасын суыратын ауыр да аянышты көрініс. Сондықтан Жұлдыз Тойбек қарындасымыздың мерейтой барысында көңіліне дық салған кейбір келеңсіздіктер мен жағымсыз әсерлерді ғаламтор желісі арқылы көпшілік назарына ұсынғаны, қоғамға ой салуға ұмтылғаны ешбір әбестігі жоқ әрекет.
Дарақылық пен даңғазалықтың дабылын қағып жүргендер өзгенің қайғысы мен қасіретіне күле қарайтыны, тіпті, содан ләззат алатыны хақ. Қаз дауысты Қазыбектің 350 жылдық мерейтойына «Шұбаркөл-Көмір» АҚ бөлген қыруар қаржыны ат төбеліндей аз ғана топтың ырду-дырдуынан гөрі Қу өңіріндегі науқас адамдардың денсаулығын жақсарту немесе мұқтаж отбасылардың талапты балаларын оқыту сияқты игілікті мақсатқа жұмсаса, бұдан қоғам да ұтатыны, Ұлы бидің ұрпақтары да риза болатыны анық еді. Амал не?..
Жалпы, мерейтой шараларына келетін болсақ, оның жетістігінен гөрі кемшілігі басым болғанын айту керек. Іс-шаралар Ұлы бидің мәртебесі мен атақ-дәрежесінен көп олқы соғып жатты. Айталық, дүбірлі мереке өтетіні жеті жарым ай бұрын белгілі болса да, тойдың нақты өтетін орны мен мезгілі соңғы аптаға дейін анықталмады. Шақыру билеттері уақытылы таратылмай, бабамыздың шалғай қалалар мен облыстарда тұратын кейбір ұрпақтары мерекеден шет қалды. Тіпті, той өткен жер Егіндібұлақтан 5-6 шақырым қашық болғанына қарамастан, дербес көлігі жоқ халық үшін арнайы автобус ұйымдастырылмады. Елдің көбі жаяу шұбыруға мәжбүр болды. Жүзден артық үй тігіліп, солардың бәрінде аста-төк дастарқан жайылғанына қарамастан, тойдан тобықтай дәм бұйырмаған талай адам ұзақты күнге ашқұрсақ жүрді. Қарқаралы ауданы той өткізуден кенде емес. Сондықтан бұндай салғырттықты жергілікті атқарушы биліктің тәжірибесіздігі мен білімсіздігіне жатқызуға ешбір себеп жоқ. Шынайы ықылас, жанашырлық болған жағдайда аталған олқылықтардың көбін жоюға толық мүмкіндік бар еді.
Ермек Балташұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері