Жанашыр робот
Америкалық жазушы Айзек Азимов «Робот адамға зиян тигізбек түгіл, өзінен келетін қауіптерден де құтқаруы керек» дейді. Бұл – фантаст қаламгердің өзі жан беретін роботтарына қоятын басты талабы. Ал ең ғажабы, шынайы өмірде де көптеген робот «жанашырлық» қамытын киіп жүр. Сөзімізге дәлел де көп.
Отқа салсаң, жанбайды. 2019 жылы Париждегі Нотр-Дам соборында үлкен өрт шыққан кезде, француз өрт сөндірушілері қауіпті аймақтарға кіре алмай қалды. Олардың орнына «Colossus» атты арнайы жасалған өрт сөндіруші робот тер төкті. Ол 3000 литр суды 1 минутта жеткізуге қабілетті еді. Әрі жылудан қорғанатын материалмен қапталған, бұл оған жоғары температуралы аймақтарда еркін жүруге көмектеседі. Осы роботтың арқасында өрт сөндірушілерге қауіпті аумақтан шығып, сыртта жұмыс істеуге жағдай жасалып, олардың өміріне қауіп төнген жоқ.
Суға салсаң, батпайды. Грекия жағалауында босқындар суға батқан кезде «EMILY» роботы барын салды. Робот-қайық 37 км/сағ жылдамдықпен жүзіп, жаны мұрын ұшына келген халыққа жедел жәрдем көрсетті. 2016 жылы 10 күн ішінде 240-тан астам адамды құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Оның екі жақты байланыс жүйесі әлеуетін арттыра түседі. Құтқарушылар мен судағы адамдарды оңай байланыстырады.
Жер сілкінсе, көмектеседі. 2017 жылы Мексикада болған жер сілкінісінен кейін, үйінді астында қалғандарды іздеуге Карнеги-Меллон университеті әзірлеген «Snakebot» жылан-робот қолданылды. Бұл робот жылан сияқты қимылдап, тар әрі қауіпті жерлерге енеді. Камерасы бар құлтемір құтқарушыларға жер астының астан-кестеңінің бәрін көрсетеді. Солай визуалды мәліметтер арқылы, зардап шеккен адамдар тез табылады.
Керек кезде самғайды. «Zipline» компаниясының дрондары қиыр-қиыр жерлерге медициналық керек-жарақтарды жеткізуге арналған. 2014 жылдан бері Африкада, оның ішінде Руандада көп қолданылып келеді. Қан, вакцина, дәрі-дәрмектерді дереу апарып, қанша адамның бетін бері қаратты. Мысалы, 2016 жылы алғашқы медициналық жүктемелерді тасып, 150 000-нан астам емделушіге көмектесті.
Елігімай ТӨҢКЕР
cуреттер де осы сайттағы материалдан алынды
https://egemen.kz/article/375866-zhanashyr-robot