Жаңатас индустриалдық аймаққа айналады
Еліміздегі химия өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар шоғырланған моноқалалардың бірі – Жаңатас қаласы. Кім біледі, егер мемлекет тарапынан қолдау болмағанда Жаңатастың қазіргі жағдайының қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Тоқсаныншы жылдары тоз-тозы шығып, халқы облыс орталығына қарай үдере көшкен шағын қаланың кешегісі мен бүгіні салыстыруға мүлдем келмейді. Әсіресе, моноқалаларды дамытудың 2012- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының арқасында Жаңатас түрленіп сала берді. Бүгінде кеншілер шаһарына қоныс аударушылардың қатары жыл санап артып келеді. Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың айтуынша, бүгінде тұрғындар саны 25 636 адамға жетіпті.
Дүйсенәлі Қыдырәліұлы Жаңатасты жайната түсу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, қаланы алда үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтады.
– Жалпы қала экономикасының қарқынды дамуының негізі өңдеу өнеркәсібі болып табылады. Өнеркәсіп саласы қарқынды түрде жұмыс істеп тұрған уақытта халық саны 60 мыңға дейін жеткен. Қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Сондықтан, тұрғындардың басым бөлігін тұрақты жұмыспен қамту үшін ірі кәсіпорындарды ұлғайту бағытында жұмыстар атқарылуда. Тиісінше өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі ұлғайған сайын инфрақұрылым жүргізу мүмкіндіктері көбейеді. Бүгінгі күнге қалада 5 ірі өңдеу өнеркәсібі тұрақты түрде жұмыс істеуде.
2023 жылдың 4 айында өнеркәсіп өнімдерінің құны 23,7 миллиард теңгені құрап, 2022 жылдың 4 айының қорытындысымен салыстырғанда 5,5 миллиард теңгеге артты. 2022 жылдың 4 айында өндірген өнім көлемі – 18,2 миллиард теңге.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 миллиард 282 миллион теңгені құрады, – деген Дүйсенәлі Қыдырәліұлы 4 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс сынды барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалатынын айтты.
Айтуынша, қазіргі таңда қалада 22 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтар 61 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ, 4 шаруа қожалық асылтұқымды шаруа қожалық мәртебесін алған.
Осы орайда Д.Борсықов шаһар басшылығының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру екенін жеткізді. Осы мақсатта 2 әлеуметтік дүкен ашылған. Жыл басынан бері 12 азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың 4 айында 741,6 миллион теңгені құрапты. Жалпы биыл құрылыс саласына «Шағын және моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 578,1 миллион теңге қаржы қаралыпты. Сонымен қатар, Жаңатас цемент зауытын электрмен жабдықтау үшін 35 кВ әуе желісін салуға 163,5 миллион теңге қаржы бөлінген.
– Кәсіпкерлік саласының да көкжиегі кеңейіп келеді. Қалада 1 780 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Өткен жылмен салыстырғанда 305 бірлікке (82,9 пайыз) артты. Кәсіпкерлік субъектілері 2 835 азаматты жұмыспен қамтып отыр. 330 кәсіпкер өз кәсіптерін дамытуға микроқаржылық ұйымнан 350 миллион теңге көлемінде несиелік қаражат алды.
Қалада құрылыс қарқыны да қамшы салдырмас екпінмен алға озып келе жатқанын айта кеткен жөн. Тұрғын үй кезегінде 1 588 азамат тіркелген. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2-шағынаудандағы №32 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша мердігері анықталған. Қазіргі таңда келісімшартқа отыру сатысында тұр. Келісімшартқа отыру жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Оған қоса 1,9 миллиард теңгеге 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына арналған жоба әзірленді. Сондай-ақ, 56 пәтерлі №60 көпқабатты үйді сатып алу жоспарланған, – дейді Дүйсенәлі Қыдырәліұлы.
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Шынымен- ақ елу жылдан аса тарихы бар Жаңатас бүгінде жайнап, жаңарып, дамудың даңғыл жолына түскен. Халықтың да еңсесі көтеріліп, баянды болашақ үшін тынбай еңбек етуде.
Aqjol Aqparat