ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ХАЛЫҚ СУДЬЯСЫ ӘРІ СОТ ТӨРАҒАСЫ

Ескермес Жұмажанов Жамбыл облысының және Сарысу ауданының сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан сарысулық аға буын өкілдерінің бірі.
1969 жылы қазіргі аудан орталығы Жаңатас қаласы құрылды.
1970 жылы 29 желтоқсанда Ескермес Жұмажанов қала халқының сайлауымен Жаңатас қаласының алғашқы халық судьясы болып сайланды. 1982 жылы 20 маусымда Жаңатас қалалық сотының алғашқы төрағасы болып, 1986 жылға дейін атқарды. Жұмажанов Ескермес Жаңатас қаласының тұңғыш халық судьясы және алғашқы Жаңатас қалалық сотының төрағасы болып 16 жыл қызмет атқарды.
Саналы ғұмырын әділет, сот саласына арнаған Ескермес Жұмажанов 1936 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Коммунар ауылында дүниеге келген.
1956 жылы Байқадам қазақ орта мектебін бітірген соң, еңбек жолын осы жылы Сарысу аудандық сотының хатшысы болып бастаған. 1958-1970 жылдары аралығында Сарысу, Талас аудандық соттарының сот орындаушысы, Талас аудандық заң кеңесшілерінің меңгерушісі, Талас ауданаралық прокуратурасының тергеушісі, Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
Қызметтен қол үзбей жүріп, Қазақ Мемлекеттік Университетінің Заң факультетін бітірген.
1970-1986 жылдары Жаңатас қаласының халық судьясы, Жаңатас қаласының алғашқы қалалық сотының төрағасы.
1986-1998 жылдары Жамбыл облыстық Әділет басқармасында Сот жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас кеңесшісі, Жамбыл облыстық Әділет басқармасының Сот орындаушылар Департаментінің директоры болып қызмет атқарды.
1998 жылдан зейнетке шыққанға дейін Жамбыл облыстық Сот әкімшілігінің басшысы, кадр бөлімінің бастығы болып қызмет етті.
2004 жылы 5 қазанда қайтыс болды.
Ескермес Жұмажанов Жамбыл облысының белгілі тұлғалары туралы жазылған «Кто есть кто» кітабына енгізілген.
1999 жылы Жаңатас қаласының Құрметті азаматы атанды.
Биыл ауданымыздың ардақты азаматы болған Ескермес Жұмажановтың қайтыс болғанына 20 жыл, өзі алғашқы сотының төрағасы болған Жаңатас қаласының құрылғанына 55 жыл толып отыр.
А. Тілемісов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі