Жаназамды шығармай көме салыңдар!

«Мен өлгеннен кейін денемді арулап жұмаңдар және ақ кебінге орамаңдар, жаназамды шығармаңдар. Мұсылмандардың қабіріне емес, бәлкім айдалаға апарып көміп тастайсаңдар. Артымнан Құран оқып, оның сауабын маған бағыштамаңдар. Мен үшін Алла Тағаладан жарылқау тілемеңдер және менің атымнан садақа бермеңдер».

Өзінің білімсіздігіне қарамастан, өзі жайында: «Мен – мұсылманмын»,-дей тұрып дінімізге сын тағатындар осылай өсиет етсе ғой, шіркін! Айта алмайды! Өйткені, қанша дін талаптарын орындамаса да, намаз оқып, ораза ұстамаса да, тіпті көп жағдайда астамшылыққа барып шариғаттың кейбір талаптарын келекі етсе де, бәрі бір артын ойлайды және жаназасыз жерленуін қаламайды. Себебі, Ақыреттен үміті бар!

Ондай болса неге ойланып сөйлемеске?! Дін талабын өзің орындамасаң орындама, алайда неге дінмен өмір сүремін дегендерге тиіспестен үндемей қоймасқа?!

Біреулер басын орамалмен жауып, ұзын етек көйлек кигендерге иек меңзеп: «Бұлар неге арабтарға еліктейді? Неге қазақша киінбейді?»,-дейді. Киінсей! Алдымен өзің киінсей! Басыңда орамалың жоқ, алдың ашық, етегің қысқа. Сол ма қазақтың киімі? Бұл жағдайда лағнеті шайтан мен нәпсінің, қараңғылық пен тұрпайылықтың: «Қазір заман басқа»,-деген ақталу сөзі дайын. Олай болса: «Қазір заман солай»,-деп басқаларға жол нұсқайтын сен кімсің? Сен де ажалың жетіп өлмейсің бе? Қабірда екі періштенің сұрағына ұшырамайсың ба? Қияметте Алла Тағаланың алдында әрбір сөзің мен ісің үшін жауапқа тартылмайсың ба? «Неге мұсылман бола тұра өз дініңе дініңе сын тақтық? Неге мұсылман бола тұра Алла Тағаланың талабына қарсы болдың?»,-деген сұраққа қалай жауап бермекшісің?

Біреулерді көп жастар дінді ұстанып, бес уақыт намаз оқығаны, қасиетті Рамазан айында ораза ұстағаны алаңдатады. Оларды: «Сонда бұлар қалай жұмыс істейді? Қалай күн көреді?»,-деген сұрақ толғандырады. Тура бір намаз оқып, ораза ұстағандардың напақасы солардың мойынына түсетіндей! Иә, сол жастарымыз бес уақыт намаз оқып, оразасын ұстайды және жұмысын да істейді! Өз напақасын өзі табады, өз бала-шағасын өзі асырап-бағады. Қаншама жастарымыз маскүнем, нашақор, ұры-қары болып жүр? Қаншасы абақтыда отыр? Қаншама 13-14 қыздарымыз мектеп қабырғасында ойнастықтан бала тауып жатыр? Неге осының қамын жемеске?

Тоқсан сөздің тобықтай түйуіні! Мұсылманның адами намысы мен діни ар-ұждан болғаны жөн! Дінге тіл тигізгенің – өзіңе тіл тигізгенің. Дінді қаралағаның – өзіңді қаралағаның. Дінді мұқатқаның – өзіңді масқаралағаның.

Әрбіріміз зайырлы қоғамның өкіліміз. Ал зайырлылық «парасатты, саналы, мәдениетті болу» дегенді білдірмей ме? Олай болса өзі білмеген мәселе жайында тұжырымды ой айту, өзіне қарамастан өзгелерге сын тағу, өзін-өзі қаралау зайырлылықпен қаншалықты үйлесімді?!

nurotau.kz