Жаңа депутат Н.Әлтаев: Бір баланы асырауға 20 мың теңге жеткілікті

Өткен апта жаңалыққа толы болды. Соның ең елеулісі — Парламент Мәжілісіне резервте тұрған жаңа депутаттың келуі. Еске сала кетейік, баяғыдай халық сайламаса да, депутаттар партиялық жүйемен сайлануға құқылы. Депутат Серік Сапиевтің орны босағалы, оның орынтағынан дәмелілер аз болмағаны анық. Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев Мәжілісте ант беріп, депутат мандатына қол жеткізді.
Бір топ журналист Нұржан Әлтаев-ті қаумалап сұрақтар жаудырды.

 

– Депутат болғаныңызбен құттық-таймыз! Алдағы уақытта өз үйіңізде тұра бересіз бе, жоқ әлде, депутаттарға жеңілдікпен берілетін баспанаға көшесіз бе?
– Рақмет. Бұл туралы әлі ойланбаппын. Негізі менің Астанада үйім жоқ. Бұған дейін екі бөлмелі пәтерді жалға алып келдім. Егер сіздер айтқандай, Парламент баспана беріп жатса неге көшпеске?
– Вице-министрдің айлығы да ойыншық емес. Дегенмен депутаттарға төленетін ақша қомақты. Шыныңызды айтыңызшы, қанша айлық аламын деп ойлайсыз?
– Қызық сұрақ екен. Сенсеңіздер, депутаттық жұмысыма қанша айлық төленетіні әлі айтылған жоқ. Оны кейін қозғасақ қайтеді?
– Сіз өзіңізді Мәжіліске кездейсоқ келіп қалған депутатпын деп санамайсыз ба?
– Жоқ, олай деп ойламаймын. Алғаш рет мәжіліс депутаттығына 2004 жылы үміткер болдым, ол кезде елдегі ең жас кандидат мен едім. Өкінішке қарай, өтпей қалдым. Екінші рет сайлауға 2016 жылы қатыстым. Сол кезде «Нұр Отан» партиясынан депутаттыққа кандидаттар тізіміне кіріп, резервте тұрдым. Енді міне, кезегім келді.
– Өзіңіз де білесіз, сіз вице-министр қызметін атқарған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі таңда қызу жұмыс үстінде. Себебі көпбалалы аналардың талап-тілегі күшейіп барады. Осындай сын сағатында сіздің ол ведомстводан депутаттыққа «секіруіңізді» қалай түсінуге болады?
– Жоғарыда айттым емес пе? Мен көптен бері резервте тұрдым деп. Сондықтан бұл менің қалауымнан тыс болған таңдау. Кездейсоқтық десем де болар…
– Біз сұрағалы жатқан сауал сізге өте таныс. Сіз ол мәселенің ішінде біте қайнадыңыз? Айтыңызшы, елдегі көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелерін қалай шешсек болады?
– Жеке пікірімді айтайын, Қазақстанда бір баланы асырауға 20 мың теңге жеткілікті. Бұл біздің елде мүмкін нәрсе…
Осылай деп ағынан жарылған су жаңа депутаттың бір баланы асырауға 20 мың теңге жеткілікті деген сөзі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, әртүрлі пікірлерге желі болып тартылғанын айтпай кетуге болмас. Кейіннен депутат Нұржан Әлтаев көпбалалы аналарға 20 мың теңге жеткілікті деп айтуға не себеп болғанына арнайы түсініктеме берді: «20 мың теңге сомасы айтылғанда, Астанада аналардың әлеуметтік жәрдемақыны әр балаға 20 мың теңгеге көтеру талабы еске түсті. Қаржы министрінің пікірін білесіздер, бұл мәселені комиссия қарап жатыр. Сондықтан осы жәрдемақы бірден есіме түсті. Үнемдеп жаратса бұл қаражат жеткілікті бола ма деген ой келді. Бес баланың әкесі ретінде 100 мың теңге қосылып отырса, бұл отбасылық бюджетке жақсы көмек болар еді. Осындай ой болған….».
Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. Тек қана 1 миллион теңгеге тақау жалақы алатын кейбір мемлекетшіл азаматтар, қарапайым халықтың есебінен айлық алып отырғанын ұмытпаса екен дейміз, баяғы.

Нағашыбай Қабылбек