”Жаңа есім-2022” жобасының облыстық іріктеуі аяқталды
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырумен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығармашыл жастардың «Жаңа Есім-2022» жобасының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Шалғай ауылдардағы жас таланттарды іздеп, болашақ жұлдыздарды анықтап, олардың үлкен өнер баспалдағына қадам басуына ықпал ету мақсатында «Жаңа есім — 2022» жобасының облыстық кезеңіне аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен өнерпаздар қатысты. Жобада бас-аяғы 70 қатысушы 3 номинация бойынша бақ сынады.
І – Вокал наминациясы бойынша
ІІ – Дәстүрлі ән (халық әндері) номинациясы бойынша
ІІІ – Аспапта орындау (жетіген, қобыз, баян, гитара т.б) номинациясы бойынша.
Өнерпаздардың шығармаларын қазылар алқасының төрағасы – күйші, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, әнші, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов және Республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты, әнші, Көпшіл Ертаев бағалады.
Сонымен, облыстық іріктеу нәтижесінде 70 өнерпаздың арасынан қазылардың шешімі бойынша келесі кезеңге 11 қатысушы (дәстүрлі ән — 1, аспапта орындау — 5, вокал — 5) өтті. Енді жас өнерпаздар үлкен сахна — Гала концертте ән шырқайтын болады. Өңірімізден шыққан тағы бір талант ән әлемінің су жаңа есіміне сол Гала концертте куә боламыз!