ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудандық жастар орталығының алғашқы директоры болған Асан Тілемісовтің жуырда ғана баспадан шыққан «Жастықтың оты жалындап» атты  кітабының тұсаукесері болып өтті.

Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Көкей Олжас Тұрғынұлы және зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары мен  кітапхана оқырмандары қатысты.

Кітапта 2006-2009 жылдар аралығындағы Сарысу ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға, жастармен жұмыс жасауға бағытталған «Сарысу жастары» (қазіргі «Жастар ресурстық орталығы») мекемесінің құрылуы, мекеме ретіндегі алғашқы қадамы, жеткен жетістіктері мен қалыптасу кезеңдері, жастар арасында ұйымдастырылған алғашқы іс-шаралар туралы баяндалған.

Сонымен қатар, жастар орталығына әркез қолдау білдіріп, қамқорлық танытып отырған сол кездегі аудан басшылары, ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен бірқатар мекеме басшылары туралы мәліметтер және бір топ белсенді жастардың өмірбаяндары енгізілген.

Кітап Жастар орталығының құрылғанына 15 жыл толуына орай шығарылып отыр.

Тұсаукесерде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары О. Көкей алғаш «Сарысу жастары» кәсіпорыны болып құрылған бұл орталықтың осы уақыт аралығында өзінің ауданда жастар саясатын іске асыру мақсатында дер кезінде құрылған, қазіргі таңда аудан жастарының басын бір арнаға тоғыстырған іргелі мекеме екендігіне тоқталды.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин жастар орталығының алғашқы жылдарынан сыр шертетін естелік-кітаптың тек әңгімелер жинағы ғана емес, ауданның бір бөлшегі саналатын жастар  туралы тарихи, деректік құнды дүние болғандығын айтты.

Мемлекеттік қызметтің ардагері Мағия Тоқсанбаева, еңбек ардагерлері  Марқаш Мизенбаев, Болат Үсенбаев, Сахарай Қырғызбаев, Гүлжайна Әмірова, Света Қожаназарова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Сүлейменов Рәтбек, Әубәкіров Мұрат, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Диханбай Ақділда, мекеме басшылары Оңласын Мұқашев, Сейтбек Дариябеков, Мыңбай Әбішов, аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Көлбаевтар  естеліктерімен бөлісіп, кітап авторының бұдан әрі жазар дүниелері, бағындарар биігі көп болсын деген баталарын беріп, өте жақсы пікірлер білдірді. Жаңа кітапқа жақсы баға беріп, қарымды қалам иесі болуға ақ тілектерін жаудырды.

Оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың лентасын аудан әкімінің орынбасары О.Көкей, жазушы П. Дүйсенбин, ҚР Мәдениет қайраткері Р. Сүлейменов және  мемлекеттік қызметтің ардагері М. Тоқсанбаева салтанатты жағдайда кесті.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі