ЖАҢА КҮЙ ТУДЫ ЖАНЫҢДЫ ТЕБІРЕНТІП

Қазақтың жаны күй, табиғаты өлең, болмысы жыр. Бағалай білсек, бұл бағымызға берілген, қанымызға табиғатпен сіңген қасиет, ықылым заманнан келе жатқан өсиет. Төрт жол өлеңді құрастыра алмайтын қазақ жоқ, күй тыңдаса ойға шомып, қос ішекті қоңырдың дауысына ұйымайтын, жай күндердің өзінде бір әуенді басында мың қайталап, ыңылдамайтын қазақ жоқ. Бұл біздің ерекшелігіміз, біздің басқа ұлттардан жанымыздың өзгеше болуы, тылсымға, әдемілік пен тереңге баулитын дүниелерді танығыштығымыз.

Өмірге күй келді күңіреніп. Жан дүниеңнің ішін сыртына ақтарып салатын, ой-сананың опыр-топырын шығарып, өзегіңдегі өкінішті тек өзің ғана түсінетін сарынмен сайратып, бұлыңғыр болған болашақтың бұлтын серпитіндей әуен жан әлеміңмен алыстырып қояды.

Өмірге күй келді күңірентіп. Онда ботасын іздеген бозінгеннің боздауы, елім деген ердің күрсінісі мен күйігі, тереңге тартар тебіренісі мен жоғарыға жетелер биігі бар. Күй көз алдыңа 32-нің зобалаңын, 86-ның қанды алаңын, ауғанның аптабында ажал құшқан бозбаланы әкеледі. Сондықтан болар, авторы бұл күйді «Боздақтар» деп атапты.

«Боздақтардың» авторы бармағынан бал тамған күйші, дүлділ домбырашы емес, бірақ қазақтың қанына сіңген қасиетті жете түсінген жан. Сапарбек Қашағанов біздерге аудандағы мемлекеттік мекеменің басшысы ретінде ғана таныс. Алайда, жастайынан домбырашылыққа құмарлық, өзінің жеке басынан өткен, өзекті өртейтін жағдайлар да өз әсерін тигізбей қоймаған. Өмірге бірнеше ән мен күй келді. Елімізге танымал өнер иелері кереметтігін мойындаған «Боздақтар» күйі нотаға түсіріліп, оны алғаш рет ауданымызға танымал күйші, бірнеше байқаулардың жүлдегері Қуаныш Ахметов орындап шықты. Әзірге жалпыға танылмағанымен, қазіргі ақпараттық хабар таратушылардың жетілгендігінің арқасында көп ұзамай бүкіл елімізді тербететініне күмән жоқ.

– Мен осы арқылы танымалдылығымды арттырып, не болмаса сазгер атанғалы отырған жоқпын. Жаныңнан туған дүниенің өзгенің де жанын тербетсе, көңілінен шығып, жан сарайына бір рухани толысу ретінде қабыл алса несі айып. Домбыра шертіп, ән айтпайтын қазақ кемде кем. Мен де соның бірімін. Ал, мына әндер мен күй жанымның жаман дүниелерге қарсы жасалған қалқаны, ойтолғауым, оңашадағы сырласым мен мұңдасым. Алғаш рет домбырамен, Қуаныш сияқты дарынды күйшінің орындауында естігенімде шын мәнінде көпке ой салатын дүние екеніне көзім жетті. Әрине, халықтың патша көңілінен шығып жатса оған тек қана қуанамын, ал жоғарыда айтқанымдай атақ пен абырой жинаудан аулақпын, – дейді Сапарбек аға.

Жақын арада Сапар ағаның әндері мен «Боздақтары» халыққа толыққаны жол тартатын болады. Рухани дүниені байытатын тың дүниенің сапасын, бағасын тыңдарман өзі береді, тек бір айта кетерлігі, жүректен шыққан дүниенің жүрекке жетпеуі мүмкін емес.

Досжан Сұлтан