Жаңа өмірге қадам басты

Павлодар қаласында 2017-2018 оқу жылының түлектеріне арналған мектеп бітіру кеші өтті. Орталық жағалауда орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында екі мыңға жуық жас түлек жаңа өмірге қадам басты.

Биылғы кештің бір ерекшелігі – марапаттау кешіне облыс орталығының ғана емес, аудандар мен қалалардың да «Алтын белгі» иегерлері қатысты. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов орта мектепті үздік бітірген 208 оқушыға құрмет белгілерін өзі тапсырды.

— Сіздерді, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызды шын жүректен мектеп бітіру кешімен құттықтаймын, — деді ол. –Сіздер алтын ұяларыңыздың табалдырығын соңғы рет аттап, өздеріңізге білім мен тәрбие берген ардақты ұстаздарыңызбен қоштасып отырсыздар. Олар сіздерді жаңалықтарға ұмтылуға, өздігімен шешім қабылдауға үйретті. Жылдар өтсе де, мектеп туралы естеліктер әрдайым жүректеріңізді қуанышты сезімдерге бөлейтіні анық. Сіздер – мемлекетіміздің жаңару кезеңінде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақсыздар.

Жас түлектер мен олардың ата-аналары жағалауда мектеп вальсін биледі. Салтанатты кештің себепкерлері мен кеш қонақтары үшін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Ерке Есмахан, Raim&Artur, «BN» топтары ән салды.

Әлихан Рахметоллаұлы