ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ҚАШЫҚТАН ОҚИДЫ

 

Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлім етті.

Жаңа оқу жылында Маңғыстау ауданындағы Бекі ауылы мен Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылы дәстүрлі түрде, қалған мектептердің барлығы қашықтан оқытылады. Мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту барысында оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланыс mektep.edu.kz электронды журналының платформасында жүргізіледі.

«Қазіргі кезде барлық мектеп «Bilim Land», «Daryn Online»,«EduPage» цифрлы білім беру платформаларымен жұмыс жасау үшін келісім шарт жасақтауда. Қосымша ресурс ретінде республикалық телеарналардан телесабақтар көрсетіледі. Бұл телесабақтарды өңірдің барлық оқушылары теледидар арқылы көруге мүмкіндіктері бар. Тікелей телеарналармен қамтылмаған 14 елді мекендердің балалары Отау-ТВ спутниктік телекөрсетілім арқылы көре алады. Қашықтықтан оқыту барысында оқушылардың мектеп бағдарламаларын сапалы меңгеруі үшін оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлер немесе ноутбуктерге және интернетке қолжетімділігі болуы тиіс. Бұл бағытта басқарма тарапынан талдау жасалды», — деді МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Бүгінде облыс бойынша 49652 мектеп оқушысына компьютерлік құрылғы қажеттілігі анықталды. Мәселен, әр отбасыда 3-ке дейін оқушы болса 1 компьютерден, 4-тен 6 оқушыға дейін болса 2 компьютерден, 7-8 оқушы болса 3 компьютерден қажет деп есептегенде және компьютері жоқ 1218 мұғалімдер қоса алғанда барлығы 35829 компьютер қажет етіліп отыр. Аз қамтылған отбасылардың, жетім және ерекше білімді қажет ететін балаларға ҚР Үкіметіне жедел шығындарға арналған резервінен жабдықтар сатып алуға өтініш беріліп, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Карантин шаралары жеңілдетіліп оқушылар дәстүрлі оқытуға көшкен

уақытта мектептердегі қатаң санитарлық талаптарды сақтау үшін дезинфекциялық тоннельдер, кварцтар, санитайзерлер, тепловизорлар және т.б. арнайы құрылғылармен жабдықталады.

«Интернетпен қамту бойынша да облыс бойынша аудан, қалалар, елді мекендер бойынша талдау жасалды. 36 219 баланың немесе 14 244 отбасының үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі төмен. Бұл мақсатта әрбір елді мекен, көше бойынша аудан, қала, ауыл әкімдіктері байланыс операторларымен бірлесіп интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Интернет желісі жүргізілмеген оқушылары бар үйлерге 14244 дана роутерлер сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді», — деді МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ