Жаңа Қазақстанның жаңа әкімдеріне ақ жол!
Иә, «Жаңа Қазақстанға» көзқарасы ерекше, рухы биік, терең білімді, ұлтшыл, ел-жанды, батыл ойлы, әкім-қаралар қажеттілігі бүгінгі уақыт талабы болып отыр. Президентіміз ескі жүйені өзгертуді там-тұмдап осы әдіспен іске асыруды бастаған сыңайлы. Яғни жаңа әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Ел басшысының сенімі – ел сенімі. «Кері байланыс» дегенінде халықпен етене жақын бол деп меңзеу жатыр. Онсыз ел өміріне қан жүгірмейді. Қан жүгіртетін әкімдер. Аты аталып, тақтарына отырған жаңа облыс әкімдеріне ақжол дей отырып, қызметтеріне сәттілік тілейміз!
«Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы
мен «ЕлАна» сайты ұжымы
Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі. 1967 жылы туған, білімі жоғары. 1991 жылы Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарды.
2021 жылдың сәуір айынан бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып келді.
Жамбыл облысына жаңа әкім тағайындалды. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Жамбыл облысы әлеуметтік желі батырларының талқылауларына біраз арқау болды. Әлеуметтік желі демкоратияны негізге алып, кадр мәселесіне бұлай алаңдауы – әрі «қуантады», әрі көңілге қаяу түсіреді. Жаңа әкімнің өмірбаянына қарап отырсақ, сол елдің перзенті, мемлекеттік саланың барлық саласынан өткен майталман маман екен. Нұржан Молдиярұлы әкім болды дегенде, біздің ұжымның қуанышында шек болмады. Себебі біз Ауыршаруашылық министрлігімен күні бүгінге дейін қоян қолтық жұмыс істеп, экспедицияға бірлесіп шығып, облыстың барлық аудандарын аралап, жетістіктерін, проблемаларын анық көрсетіп отырғанымыз оқырмандарға, көпшілікке белгілі. Он жылдан астам уақыт Нұржан Молдиярұлы осы экспедицияға ерекше жанашырлық танытып, Жамбыл облысымен жақсы қарым-қатынас орнауына мұрындық болды. Қызметтің қай саласында жүрсе де, құшақ жая қарсы алып, жетістіктерімен бөлісіп жүргені қуантады. Қазақстан аграрлы мемлекет. Нұржан Молдиярұлы ауылшаруашылығы саласының жетік те білгір маманы. Президентіміз халықпен бірге біте қайнаса жұмыс істеңдер деп қадап айтты. Яғни осындай сан салалы экономикамыздың қандай саласын болсын дамыту халықтың күш-қуатымен жүзеге асады. Қиын кезеңде елді ұйымдастыра білетін осындай Нұржан Молдиярұлы сияқты азаматтар ауадан қажет. Сонда ғана өңір өркендейді, сонда ғана қалың бұқараның әлеуметтік жағдайы жақсарады. Өзінің салмақты мінезімен, іскерлігімен, тәжірибелілігімен, терең пайымымен баурап алады. Нұржан Молдиярұлының ісіне сәттілік тілей отыра, болашақта бірлесіп жұмыс істейміз деп үміттенеміз. Президенттің арнайы қабылдағаны Нұржан бауырымызға деген зор сенім деп білеміз. Ақ жол, Нұржан Молдиярұлы!
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі. 1979 жылы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Қаратөбе кентінде дүниеге келді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономикалық кибернетика факультетін бітірген (2000), экономист-математик. Міне содан бері оқытушы, жетекші, маман, бас маман, департамент бастығы, сондай-ақ облыс пен үкіметте жауапты қызметтер атқарады. 2014 жылдан бастап ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2016 жылдан – Атырау қаласының әкімі. 2018 жылдан – Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2020 жылдан – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары. 2021-2022 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2022 жылдың 7 сәуірден бастап Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі. 2022 жылдың 7 сәуір күні Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. РФ Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының 3 курс докторанты. Еңбек жолын 1997-1998 жылдары аралығында «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған. 1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы. 2008-2013 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданының әкімі. 2013-2021 жылдары Қызылорда облысы, Қызылорда қаласының әкімі. 2021 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.