Жаңа төраға сайланды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімі Олжас Қаржауов және бір топ ардагерлер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековті отбасылық жағдайымен жұмысынан өз еркімен кетуіне байланысты құрмет көрсетіп, шығарып салды.
Алдымен аудан әкімі Олжас Есалханұлы Естемес Аманбекұлына ауданға сіңірген еңбегі үшін алғысын білдіріп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев та игі тілегін жеткізіп, өз атынан сый-сияпат жасады.
Бұдан соң аудан әкімінің ұсынысымен, ардагерлердің қолдауымен ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Сейітхан Жұмашев сайланды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы өмір жолын ауданның дамуына арнаған Сейітхан Шералханұлы бұл қоғамдық жұмыста да өмірлік тәжірибесімен, қабілет-қарымымен елге тірек, тіреу бола білетініне сенім білдірді.
Сөз кезегін алған Сейітхан Жұмашев ардагер Естемес Аманбековтың елді ұйыта білетін қабілетіне, ауданда басшылық қызметте болған жылдары кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін, қай кезде де мамандарды қабілет-қарымына қарай бағалап, қызметте көтерілуіне себепші болған қасиеттерін айтып, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Сонымен бірге аудан басшысы мен ардагерлердің өзіне білдірген сенімі үшін алғысын айтып, ағаны тыңдап, ардақтап, ініге жол көрсететін, жас ұрпақтың тәрбиесінде жауапкершілігі жоғары бұл жұмыста бар күш-жігерін аямай қызмет ететінін жеткізді.
Жиында Жамбыл облысының Құрметті ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жарас Мұратай мен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кемелбек Дәуренов сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Жарас Мұратай аудан басшысына ұсынысын жеткізді.
Жиын соңынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлер кеңесінің міндеттеріне тоқталды.
-Ардагерлер кеңесінің бірінші міндеті – еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, тұрақтылықтың берік болуына атсалысу. Өсек-аяң, қаңқу сөзден аулақ болып, жас ұрпаққа ақыл айтып, үлгі бола білу қасиеттерін дәріптеу. Сонымен бірге ардагерлердің мүддесін қорғау, яғни, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі қарттарға көмектесу,- дей келіп, аудан басшысы Олжас Қаржауовқа ауданда өз алдында Ардагерлер үйі болса деген ұсынысын да айтып өтті.
Жуалы ауданы