Жаңғақтың шипалы қасиеті мықты
Тұқымы Грекиядан әкелінгендіктен грек жаңғағы аталып кеткен оның кәдеге асар кезі көп. Дастарханның сәнін, салаттың дәмін келтіретіні өз алдына, одан көптеген дерттен құтылуға көмектесетін дәрмек жасауға болады.
Қалай қолданады?
Егер дұрыс қолданса, жаңғақтан жасалған тұнба бүйректі қуаттандырып, өкпені тазалап, ішекті дымқылдандырады. Дене әлсіздігіне, бел сыздап ауырғанда, бас айналып, құлақ шыңылдағанда да пайдалы. Ол үшін жаңғақ дәнінен 600 грамм, қара бұршақтан 300 грамды ұнтақтап, балға араластырып, күніне 2 реттен ішеді.
Денсаулықты нығайтып, жүрек бұлшық етінің жұмыс істеу қабілетін арттыратын, қаназдықты жоятын, ағзаның суыққа қарсы күресу қабілетін күшейтетін қоспа әзірлеу жолын ұсынбақпыз. Сізге жаңғақ дәні, бал, мейіз, лимон, кептірілген өрік керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Барлығынан теңдей мөлшерде, мысалы, жарты килодан алыңыз да, ұнтақтаңыз немесе ұсақтап тураңыз. (Лимонды қабығымен қоса қолдану керек). Бәрін араластырып, тоңазытқышта сақтайсыз. Оны күнде таңертең ашқарынға және ұйқы алдында 1 ас қасықтан жеп тұру керек.
Күзгі салқында тез суықтап қаласыз ба? Онда мынадай амал жасаңыз: жарты кило жаңғақ дәнін ұнтақтап, оған 300 грамм бал, 10 миллиграмм алоэ шырынын, 4 лимон шырынын қосыңыз. Жақсылап араластырып, тоңазытқышта сақтайсыз. Оны ересектер 1-2 ас қасықпен, балалар 1 шай қасықпен күніне 3 рет, астан жарты сағат бұрын тұтынады. Емдік курс – 1 ай.
Иммунитетті көтереді
Ұзаққа созылған немесе ауыр сырқаттан, операциядан кейінгі оңалту шарасында жаңғақтан жасалған тұнбаның көмегі көп. Ол былай жасалады: 100 грамм алоэ жапырағын жуып-тазалап, ұсақтап турайды. Оған 100 миллиграмм тазартылған су құйып, жарты сағатқа қалдырыңыз. Сосын алоэні сүзіп алып тастап, 300 грамм бал, 500 грамм ұнтақталған жаңғақ дәнін қосыңыз. Емдік бальзам дайын. Оны шыны ыдыста, салқын жерде сақтайды. Күніне 3 рет, астан жарты сағат бұрын 1 ас қасықтан ішеді. Емді қалауыңызша 15 күннен 1 айға дейін жалғастыруға болады.
Жаңғақтың ұнтақталған дәнін балмен теңдей мөлшерде араластырып, күніне 3-4 рет, 25-30 грамнан жеп жүрсе балалардың иммунитетін көтеріп, күш-қуат береді. Ол жүкті әйелдерге, қаны аз адамдарға да өте пайдалы деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Бұл қоспаны гипертония, анемия, атеросклероз, бауыр, бүйрек, асқазан, жүрек-қан тамырлары ауруларына, сондай-ақ еңбек пен ақыл-ой қабілетін арттыруға да қолдануға болады.
Ұнтақталған жаңғақ дәнінің 1 қасығын жарты литр суға салып, 1-2 минут қайнатып, бір тәулік тұндырып, күніне 30 грамнан үш рет үзіліссіз 2-3 ай ішіп жүрген адам қант диабетінен айығатын көрінеді.
Қабығын да тастамаңыз
Жаңғақтың дәні ғана емес, қабығы, дәндерін бөліп тұратын жұқа қабыршағынан да емдік тұнба әзірлеуге болады.
Асқазан, ұлтабар, ащы және тоқ ішегінде жарасы бар, қызыл өңеші тарылып, ас жүруі қиындаған, іштен және жатырдан қан аққан орта жастағы науқас жандар жаңғақ қабығының жарты стакан ұнтағын 3 литр суға 1 ас қасық бал қосып, 30 минут қайнатады. 2 күн тұндырып, үстіне 150 грамм сірке суын қосады. Мұны 30 грамнан, тамақтанардан 30 минут бұрын 2 ай бойы үзбей ішіп жүрсе, құлан-таза сауығады.
Мастопатия мазаласа 25 дана жаңғақты шағып, дәндерін бөліп тұрған жұқа қабыршақты алыңыз. Оны таза суға шайып, шыны ыдысқа салыңыз. Үстіне 100 миллиграмм медициналық спирт құйып, қараңғы жерде 10 күн тұндырады. Оны 20 тамшыдан күніне 3 рет, 1 ай ішеді.
Көз қызарып, жасаурап, ашып ауыратын болса, конъюнктивит болса, 1 ас қасық ұнтақталған жаңғақ дәні арасындағы қабыршаққа 1,5 стакан су құйып, 20 минут баяу отта қайнатады. Сосын сүзіп алып, жылы тұнбаға мақта тампонын малып, көзге 30 минут компресс жасайды деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Оны күніне екі рет жасаған жақсы.
Простатит, простата аденомасы, аналық бездегі киста мазаласа 1,5 стакан суға салынған 2 ас қасық қабыршақты баяу отта 20 минут қайнатып, 1 сағат тұндырады. Оны үшке бөліп, таңертең, түсте, кешке ішіп тауысады. Әр күні жаңадан әзірей отырып, емді 15 күн жалғастырады.
Майы да маңызды
Тағы бір «қызық» рецепт айтайық: кешке жатар алдында 1 стакан суға 1 дана шағылған жаңғақты бөлшектеп, салып қойыңыз. Таңертең ашқарынға осы суды ішіп, дәнді жеу керек. Ол ағзаны іштен тазалайды: іш қатуын кетіреді, бауыр жұмысын жақсартады, гормондарды реттейді, тырнақ пен шаш саулығы үшін де пайдалы. Бұл тәсіл жүйке жұмысын жақсартуымен де тиімді. Егер бұл суға 2 дана кептірілген өрік салса, емдік әсері тіпті керемет.
Жаңғақтың майлы екенін білесіздер деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Егер жақсылап езетін болса, одан аз да болса май бөлінеді. Оны терідегі алуан түрлі жара, күйік, тартылып, қабықтанбай жүрген үлкен жаралар операция орнына жақса, тез әрі тыртықсыз жазылады екен.
Негізі күнделікті 1-5 дана жаңғақ жеп жүрудің өзі денсаулықты түзеуге жасалған бір қадам деуге болады. Ол ми қызметін күшейтетін қасиетке ие. Бұл тәсілді еңбек пен ақыл-ой қабілетін арттыруға да қолданады.
Жалпы, халық медицинасында жаңғақтың дәні, қабығы ғана емес, жас жапырағы, тамыры, бұтағы, пісіп жетілмеген кездегі жасыл қабықтары да кеңінен қолданылады. Тек оның уытты екенін және кейбір адамдарда аллергия тудыратынын ұмытпау керек. Емні ңқай түрі болса да аса сақтықпен, тек тиісті мөлшерімен қолданған дұрыс.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)