ЖАҢАРҒАН ЖАМБЫЛДАҒЫ ИГІ ІСТЕР ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ
Баспасөз – біздің рухани азығымыз. Күнделікті әлемде болып жатқан жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отыратынымыз хақ. Сол себепті де баспасөз өз маңыздылығын жоймақ емес. Қазіргі ақпараттық заманда, әсіресе жастар жағы әлеуметтік желіге телміргенімен, аға буын өкілдерінің газетке деген ықыласы зор. Осындай ыстық ықыласқа бөленіп жүрген басылымдардың арасында халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық- саяси газеті мен балғындарға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының шоқтығы биік.
Ұжымы қарымды қаламгерлермен жасақталған басылым оқырмандарына арзан дүние ұсынған емес. Сондықтан да әр маусым сайын тұрақты түрде жазылып, үзбей оқитын өз аудиториясы қалыптасқан. Ал басылым басшылары өзінің оқырмандарымен жылы қарым-қатынас орнатып, жиі кездеседі. Жылда газеттің Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Елана» қоғамдық-әлеуметтік, танымдық-ақпараттық сайтының басшысы Сәуле Мешітбайқызы бастаған ұжым өңірлердегі ауылдарды аралап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түруді дәстүрге айналдырған. Биыл бұл бастама «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалғасын тапты. Қыркүйек айынан бері барлық өңірлерді аралап шыққан экспедиция мүшелері Жамбыл жерінде тұп-тура екі апта аралап тіреп, он ауданды толықтай аралап шықты.
Қордайда «Greenwill» жаһандық жобасы жандануда
Облысқа атбасын бұрған экспедиция мүшелері ең алдымен Қордай ауданында болды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында бастау алған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов және бөлім басшылары қатысты.
Жалпы қоғамдағы өзекті мәселелер, танымдық мақалалар, проза мен поэзия жанрындағы дүниелер, тіптен ел арасындағы жаңалықтар «Qazaqstan dauiri»-нен табылады. Ал кішкентай оқырмандарға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының беттерінен ақыл-кеңестер, шығармашылықпен айналысатын балалардың туындылары, тіпті ұстаздарға көрнекі ақпарат болып табылатын тест жұмыстары да жиі беріледі. Міне осы турасында кеңінен әңгімелеп өткен Сәуле Мешітбайқызы актив жиынынан кейін аудан орталығындағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің оқушылары мен ұстаздарымен жүздесті.Онда оқытушылар мен оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, Сәуле Мешітбайқызымен еркін форматта әңгіме өрбітті. Өз кезегінде басылымыздың басшысы жас оқырмандар арасындағы ақындар мен суретшілерді өз туындыларын газет пен журналға жолдап тұруға шақырды.
Одан кейін «Greenwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аквапоника жүйесі қолданылған өндірістік жылыжайында болып, заманауи нысанның жай-күйімен танысты. Резервуардағы су биосүзгілер арқылы қоқыс пен аммонийден тазартылып, құнарлы заттармен байытылған су түтікшелермен өсімдіктерге түседі. Бұл әдіс арқылы «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды 300 тоннадан астам салат түрлері мен 40 тоннадан астам тилапия балығын өсіру жоспарланып отыр. Еліміздің барлық өңірлерін аралап шыққан экспедиция мүшелері өсімдік өсіп тұрған платформа астында балық өсіретін резервуарды көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Тлебалдыұлы бұл жобаның Жамбыл облысының кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізілгенін және жылыжай құрылысына 0,6 гектар жер бөлінгенін айтып өтті. Құны 923 миллион теңгені құрайтын жоба «Агронесие корпорациясы» АҚ және Оңтүстік Кореялық MANNA CEA компаниясының қаржылық қолдауымен іске асырылуда. Сонымен бірге, аудан басшысы инвестициялар, аудандағы агроөнеркәсіптік және өндірістік секторлардың дамуы турасында да сөз қозғады.
Құланның алмасы әлемді таңқалдырады
Қордай ауданынан бастау алған экспедиция одан әрі Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарында жалғасын тапты. Ең алдымен Меркі ауданына аялдаған экспедиция мүшелерін аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков қабылдап, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл-ел бесігі» экспедициясының мақсат-мұратын баян етіп, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып жүрген газеттің игі миссиясын тілге тиек етті.
Одан кейін экпедиция мүшелерін Тәтті ауылындағы М.Мәметова атындағы №13 ЖББМ-нің ұжымы мен жоғарғы сынып оқушылары құшақ жая қарсы алды. Сәуле Мешітбайқызы кездесуде алғашқы еңбек жолын 1970-1974 жылдары осы мектепте ұстаздық қызметтен бастағанын, қазіргі таңдағы тәрбиелеп өсірген үш ұлының осы өңірде дүниеге келгенін және де осы білім ордасына амандасып кетуді азаматтық парыз санағанын ерекше толғаныспен жеткізді. Ал ұстаздар мен білімгерлер Сәуле Мешітбайқызымен қазіргі заман талабы, Елбасымыздың Жолдауы мен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» жобасы, тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар туралы әңгіме өрбітіп, ерекше сезімге бөленіп, көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды. Бұдан да үлкен форматта кездесу ұйымдастырып, Ел Анасының аузынан ұлағатты сөздерді тыңдап, жастарға өнеге айтар жиын өткізу алдағы уақыттың еншісіне қалатын болып шешілді.
Бұдан кейін Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ Т.Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілген ауылдағы білім ошағында ұстаздармен және оқушылармен жүздесіп, көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғады. Абай орта мектебінің директоры Әйтен Әбішев ауыл тарихы жайында әңгімелеп, киелі Құлан жеріне арнайы сапарлап келген Сәуле Мешітбайқызына зор алғысын білдірді. Кездесу еркін форматта өтіп, Сәуле Мешітбайқызы оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға мазмұнды мысалдармен жауап беріп отырды.
Келелі басқосудан кейін экспедиция мүшелері «Дендро» саябақпен етене жалғасқан «Құлан Агропарк» интенсивті алма бағына барды. «SV AGRO» ЖШС-нің атқарушы директоры Ринат Мирхадиров келген меймандарға жоба қуаттылығының өнімділігі мен алманы экспорттау турасында сөз қозғады.
— «Агропарк Құлан» интенсивті бақша алаңына шие көшетін отырғызуды біз алдыңғы жылы бастаған болатынбыз. Дәл қазіргі уақытта 100 гектар алқапқа Польшадан әкелінген «Любская» тұқымды 166 мың түп шие ағашы отырғызылды. Көшетке жұмсалған қаржының жалпы жиынтық сомасы — 620 миллион теңге. Бау-бақшаны өркендетуге толық жағдай жасаған аудан әкімдігіне, бізге қаржылай қолдау көрсетіп, Польша елінен көшеттерді әкеліп берген «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «СПК Тараз» басшылығына жеке алғысымызды білдіремін. Одан өзге өзіңіз көріп отырғандай, мына 100 гектар алқапты біз тамшылатып суару әдісі арқылы іске асырамыз. Аталмыш әдістің құрал-жабдықтарын толығымен «Soldrip» компаниясы өз міндетіне алып, орналастырып беріп отыр. Ол компания өкілдеріне де зор алғыс айтып өткен абзал. Қазіргі уақытта «Агропарк Құланда» 50-ге жуық жұмысшы бар. Алайда, 2020 жылға дейін біз бұдан бөлек, 600 гектарға алма, 200 гектарға жаңғақ, 100 гектарға жүзім егуді жоспарлап отырмыз. Ол ойымыз жүзеге асқан күнде 2000 адам жұмыспен қамтылып ғана қоймай, өніміміз алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталатын болады, — деді серіктестіктің атқарушы директоры.
Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы халықаралық газет көтеріп отырған «Ауыл – ел бесігі» атты жобаның негізгі мақсаты дәл осындай жеміс-жидек бағының әлеуетін күллі жаһанға жария ету екенін айтты. Сондай-ақ, Құланның даңқын әлемге танытатын «Құлан Агропарктің» қарқынды жұмысына дән риза болып, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға күш салып жатқан жоба жетекшісі Мейірлан Бейбітқұлұлына жеке алғысын білдірді.
Кездесу аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жалғасын тапты. Сәуле Мешітбайқызы қоғамдағы газеттің беделі мен оқылымы жайында сүбелі сөз қозғап, «Qazaqstan dauiri»газетінің журналистері қозғаған мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов аталмыш газетте тұрақты түрде жарияланып тұратын есімі елге белгілі тұғырлы тұлғалар жайындағы мақалаларды жиі оқып тұратындығын, бұл газеттің бұрын «Қазақстан заманы» деп аталғандығын тілге тиек ете келіп, жиынға қатысушыларға басылымға жазылуға кеңес берді.
Қаратаулық шаруаның өтініші ескерусіз қалмайды
Экпедиция мүшелері келесі күні қазыналы Қаратаудың бөктерінде жатқан Талас ауданын бетке алды. Елордалық топты сол кездегі аудан әкімі Досмаханбет Алиев қарсы алып, елді мекеннің тыныс-тіршілігін баян етіп, еркін форматта әңгіме өрбітті.
Бұдан кейін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында салалық бөлім басшыларының қатысуымен актив жиыны өтті. Сәуле Мешітбайқызы өзінің өмірі жайында әңгімелей келе,«Qazaqstan dauiri» баасылымының тарихы мен қоғамда алар орны туралы сөз қозғады.
Аудандағы кездесулер «Лицей» мектебінде жалғасын тауып, мектеп ұстаздары мен оқушылармен жиын өтті. Онда экспедиция мүшелері оқытушылардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, Сәуле Мешітбайқызы жас оқырмандар арасындағы ақындар мен суретшілерді өз туындыларын газет пен журналға жолдап тұруға шақырды. Бастауыш мұғалімі З.Алпысбаева «Мөлдір бұлақ» журналына оқушылар қызығатынын қажетті дүниенің көп екенін білдірді. Ал балғын білімгерлер Ел Анасына жүрек жарды жырларын бағыштап, естелік суретке түсіп, ақ батасын алды.
Білім ордасында өткен тағылымды жүздесуден кейін экспедиция мүшелері аудан орталығы Қаратау қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан «Әдемі» шаруақожалығының жайын көзбен көрді. 3000-нан астам мал басы бар бұл қожалықтың өрісі жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2005 жылы құрылған «Әдемі» шаруақожалығы қазіргі таңда отбасылық кәсіпке айналған. Шаңырақтың иесі Жамалбек қариямен сұхбаттасқан Сәуле Мешітбайқызы еңбек адамының қандай өтініші барын сұрады. Өз кезегінде шаруа аудан орталығынан сүт зауыты салынса деген тілегін жеткізді. Басылымыздың басшысы бұл мәселені Нұр-Сұлтан қаласында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінің қатысуымен өтетін жиында көтеріп, қол ұшын беруге уәде етті.
Сарысуда өткен салмақты да, салиқалы сырласу
«Ауыл-ел бесігі» экспедиция мүшелерінің апта ішіндегі жұмысы Сарысу ауданымен түйінделді. Мұндағы кездесулерде көпшілік Сәуле Мешітбайқызының өмір жолы жайлы білуге қызығушылық танытып, басылымыз басшысының әңгімесін ұйып тыңдады.
Әдебиетке құмар боп өсіп, журналист болғысы келгенімен, өмір сүрлеуі география-биология пәнінің мұғалімдігіне бұрғанын айтқан Сәуле Мешітбайқызы қарапайым қызметкерден республикалық деңгейдегі танымал мектептің директорлығына дейін көтерілгенін тілге тиек етті.Ел Анасы деп елі атаған журналист қаламды қару еткен сала «Қазақстан-Zaman» газетіне пайғамбар жасында келген. «ЕлАна» сайтын ашуға Г.Әбдіхалықова мұрындық болып, сайттың тұсаукесері Үкімет үйінде кесілген.
Бүгінде ақпараттың таралу ауқымы кең, алуан түрлі сайттар бар. Олардың ішінде жастарға тәлім-тәрбие беретіні, ауызбіршілікке шақыратыны некен-саяқ. «ЕлАна» – рухани, имани сайт. Кездесуде мектеп ұстаздары мен оқушылары сұрақтар қойып, аталмыш газетке өңірдің, ауданның тұлғалары туралы, жастар шығармашылықтары жиі жарияланып тұрса деген ұсыныстарын ортаға салды. Адамға рухани демалыс сыйлайтын, өнегесі мол осындай кездесулер жиі өтіп тұрса, жас ұрпақ үшін жақсы болар еді деген пікірлерін білдірді. Ұстаздар «Мөлдір бұлақ» журналына оқушылар қызығатынын, қажетті дүниенің көп екенін жеткізді. Сәуле Мешітбайқызы жиылғандармен ашық-жарқын тілдесіп, жастардың жүрекжарды жырларын тыңдап, оқушылар мен оқырмандар тарапынан айтылған ұсыныстарға құлақ түрді. Кездесу соңында оқушылар апайларымен естелік суреттерге түсті.
Сарысулықтар ыстық ықыласпен қарсы алған игі кездесуді аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова қорытындылап, жасы жетпістің төртеуіне келсе де, халықаралық газетте қызмет етіп, қоғам үшін еңбек етіп, еліміздегі ауылдарды ерінбей аралап жүрген жерлес апасына алғысын білдірді. Аудан орталығы Жаңатас қаласына келген Сәуле Мешітбайқызы ауылшаруашылық саласына, қосалқы шаруаларға да арнайы ат басын бұрып, ауданның тынысымен кеңірек танысты.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Байқап отырғандарыңыздай «Ауыл-ел бесігі» экспедициясы тұрғындардың тілектерін тыңдап, көпшіліктің өтініштерін билікке жеткізуге уәде берді. Экспедициядан оралған соң жыл сайын Нұрсұлтан қаласында дәстүрлі дөңгелек үстел өткізіліп, онда осы тілектер, өтініштер, көкейтесті мәселелер ортаға салынды. Жиында кездесулер тек әкімдік кеңсесінде ғана емес, білім ордаларында да кеңінен ұйымдастырылуда. Бұл басылым мен бұқара арасын да берік байланыс орнататыны хақ. Одан бөлек, экспедиция мүшелері аудандардағы әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын да назардан тыс қалдырмауда. Бұл жолы біз Жамбыл жеріндегі экспедиция жұмысының бір легін ғана таныстырдық. Келесі мақаламызда Байзақ, Жуалы, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандары сынды берекелі мекендердегі жүйелі жұмыстар мен тың жаңалықтарды,кездесулерді баян ететін боламыз.
Саятхан Сатылғанов