Жаңарған Жамбылдағы жұмыстар жан жадыратады немесе А.Мырзахметовтың тоғыз айдағы толайым тірлігі

Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсіп, Тараз қаласы тотыдай түрлене түсуде. Бұл әрине ең бірінші облыс тізгінін тоғыз ай бұрын қолға алған аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың ерен еңбегінің арқасы. Жаны жаңашылдыққа құмар Асқар Исабекұлы осындай аз уақыттың ішінде облыс орталығын адам танымастай өзгертті. Бұны біз айтпасақта қалың бұқара көзбен көріп, іскер азаматтың тірлігіне тәнті болуда. Осы орайда, өңірге жұмыс сапарымен келген “Qazaqstan Zamany” Халықаралық қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы аталмыш нысандарға арнайы ат басын бұрып, атқарылған жұмыстарды көзбен көрген еді. Басылымымыздың басшысы толайым тірлікке көңілі толып, туған топырақтан ерекше тебіреніспен қайтты.

Жанға жылу берген «Жеңіс саябағы»

Сәуле Мешітбайқызы ең алдымен батыр Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына аялдады. «Жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген» тындырымды тірлікті тамашалаған Ел Анасы небәрі екі айда жаңғырған «Жеңіс» саябағына тәнті болды. Жалпы мұндағы құрылыс жұмыстарына 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылып, саябақ жанындағы Ілияс Жансүгіров атындағы көшенің аумағындағы тасжолға тағы бір жолақ қосылған. Ал кіреберіске ені – 13 метр, биіктігі — 8 метр болатын «Ерлік» және «Подвиг» атауымен әрленген қақпа орнатылып, оны қорғап тұрған екі жауынгердің тұлғасы бейнеленген. Саябақтың ортасына бұған дейін қаланың әр тұсында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткіш белгісі және Батыр Бауыржанның сом мүсіні қойылған. «Даңқ аллеясындағы» тасқа майдан даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі қашап жазылған. Майданда да, тылда да көзсіз ерлік көрсеткен 48 батырдың кеудесіне тағылған Алтын жұлдыздар «Ерлік» мемориалының төрінен орын алыпты.
Құрылыстың екінші кезеңінде «Даңқ» залының жобасы жасалуда. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған музей бой көтеріп, майдан даласы үшін еңбек еткендерге арналған монумент және «Тырналар» мемориалдары салынады. Жаңа саябақта Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендерге арналған монументтік кешендерге де орын берілмек. Сәйкесінше, саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Міне, осы ауқымды істің ауанын байқап, саябақты аралап шыққан Сәуле Мешітбайқызы бабалар рухына тағзым етілген тірлікке дән ризалығын білдіріп, аймақ басшысының алдағы ісіне тек сәттілік тіледі.

«Желтоқсан» сквері желтоқсанда беріледі

Бұдан кейін, «Qazaqstan Zamany» газетінің Бас директоры жаңғырудан өтіп жатқан «Желтоқсан» скверіне ат басын тіреді. Мұндағы құрылыс ерте көктемнен басталып, сәуір айында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған аймақ атқамінерлері аталған скверге 100-ге жуық тал-дарақ отырғызған болатын. Бүгінде көрші Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан арнайы әкелінген еуропа тұқымдас дарақ мұнда жайқалып өсіп тұр. Жаңғырту жұмыстары бойынша онда жаңа субұрқақтары орналасады. Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің негізгі белгілеріне айналған «Самырұқ», «Барыс» және «Пырақ» бейнелері сомдалмақ. Өз кезегінде, жерге Көксайлық ақ гранит тастары төселетін болады. Жалпы «Желтоқсан» скверіне жаңғырту жұмыстары желтоқсан айына дейін жүргізілетін болады.

«Атшабар» шаһардың ажарын ашады

Дәл сондай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында «Атшабар» сквері қайта жаңғыртылуда. Нәтижесінде, келбеті мен сәулеті күн санап өзгерген облыс орталығындағы аталмыш сквер жаңа кейіпке еніп, түрленуде.
Бұған дейінгі сквердің ахуалы өте мүшкіл күйде еді. Демалып, тыныстайтын орын емес, қайта көнерген саябақ көңілге кірбің салатын. Ескірген субұрқақтар, жолдағы тас төсемелер мен орындықтар, қоқыс жәшіктерінің әбден тозығы жетіп біткен-ді. Махаббат аллеясындағы қос ғашықтың ескерткіші қаулап өскен шөптен көрінбей, арықтар сұрықсыз күйге енген. Бүгінде бұл орын құрылыс алаңына айналып, қызу жұмыстар жүргізілуде. Қолға алынған ілкімді істің арқасында 2 шақырымға жуық аумақ адам танымастай өзгеруде. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы жаңартылуда. Сквердің баурайы текемет тектес көрініспен көмкеріліп жатыр. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылуда.
Қазіргі таңда серіктестік сондағы махаббат символына айналып кеткен Болат пен Айнұрдың ескерткіші маңын қайта жаңалап, тас кеспелер (брусчатка) төсеген. Сондай-ақ, одан бергі алаңды тегістеп, асфальттаған. Серіктестік енді арка салу жұмыстарына дайындықтарын бастап кетті. Негізінен, скверге алдағы уақытта кіре берісі мен шығысына қақпа орнатылады. Бестен астам шатыр тігіліп, өзге де жаңашылдықтар орын алмақ.

Темір жол вокзалының алды тарихтан сыр шертіп тұр

Тараз темір жол вокзалының алды болса, толықтай жаңғырудан өтіп бітті. Мұнда көне шаһардың тарихынан сыр шертетін ескерткіш қойылып, жоғарғы жағына киелі мекеннің ежелгі және қазіргі атауы өрнектеліп жазылған. «Талас», «Әулие ата», «Жамбыл» және «Тараз» жазуларының астында өлкенің негізгі болмысын суреттейтін 4 элемент бар. Атап айтқанда, «Тәңірі» деген жазуы бар балбал тас, қазақи өрнектері бар домбыра мен қобыз және қауырсын бейнеленген. Бұлардың барлығы көрген жанға бірден Тараздың тарихын елестетеді. Яғни, вокзал — бұл қаланың кіреберіс қақпасы іспеттес. Бұл ескерткіштің нақ осында бой көтеруінің бір себебі де осы. Ескерткіш гранит және травертин тастарымен қапталған. Жан-жағы абаттандырылып, орындықтар қойылып, жаңартылған жарықшамдар орнатылған. Бұдан бөлек, вокзал маңындағы жол кеңейтіліп, жолаушыларға да, жүргізушілерге де қолайлы жағдай туып отыр. Айта кетерлігі, темір жол вокзалының алдындағы шағын саябақтың түрленіп, жаңаша кейіпке енуіне «Айя-Сервис» ЖШС демеушілік танытқан.

Бұрын соңды болмаған сазды субұрқақтар

Қаладағы саябақтар мен скверлерге жүргізіліп жатқан жаңғыру жұмыстарымен қатар, ондағы субұрқақтар да жаңа кескін алуда. Мәселен, облыс әкімдігінің алдынан әуенді субұрқақтар салынып, шаһар тұрғындарының көз қуанышына айналып отыр.
Негізінен субұрқақтар – тек сәндiк үшін емес, ол қала мәдениетiнiң ажырамас бiр бөлiгi. Осыны ескерген аймақ басшылығы баянды бастаманы қолға алып, облыс орталығындағы 8 субұрқаққа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Соның екеуі облыс әкімдігінің алдында орын тепкен. Аталған аумақ қала тұрғындарының көбіне кешкілік серуендейтін орындарының бірегейі. Сондықтан болса керек, жауапты мамандар бағдарлы бастаманы осы жерден бастап отыр. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Олжас Көпжасаровтың айтуынша, мұндай субұрқақ елімізде санаулы ғана екен. Атап айтсақ, ең алғашқы әуенді субұрқақ Шымкент қаласындағы «Егемен» саябағында салынса, енді міне біздің шаһардан да бой көтеріп жатыр. «Фонтанның» жобасын Қытай мемлекеті Шанхай қаласындағы сәулетшілер жасап берген. Төрт қатардан тұратын екі субұрқақта биікке шашатын үш түтігі бар. Бұл халқымызда әділдігі мен алғырлығы арқылы танылған атақты үш биді білдіреді. Егер субұрқақ қарқынын жоғарылатса биікке көтерілген су әуеде түйісіп, халқымыздың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құндылығымызды көрсетуге тырысқан.

Қоныс той құтты болсын!

Міне, осы саябақтар мен скверлерді аралап, сұлулығы мен архитектуралық компазициясына таңданысын жасырмаған Сәуле Мешітбайқызы Тараз қаласында бой көтеріп жатқан №15 ықшамауданының құрылыс басында да болды.
Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан №15 ықшамауданындағы 800 пәтер мен Сабалақов көшесінен 205 жеке тұрғын үй биыл өз иелерін таппақ. Көпқабатты 10 үйдің әрқайсысының жалпы көлемі 4800 шаршы метр. Әр үйде 80 пәтер бар. Ал құрылысқа жауапты «Агроспецстрой» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұрлан Серікбаев монолитті үйлердің сапасына үш жылдық кепілдеме беріп отыр.
Айта кетейік, бұл үйлердің бағасы да нарықтағыдан төменірек. Пәтерлердің 1 шаршы метрі 116 000 теңге тұрса,250 коттедждің әр шаршы метрі 120 000 теңгеге бағаланған.
Міне, осындай қолжетімді баспанаға тараздықтар жуырда қол жеткізгелі тұр. Мұндай қадамды Сәуле Мешітбайқызы да құп көріп, баспана бақытына кенелгелі тұрған жерлестерін Қоныс тойларымен құттықтады.

Жамбылдықтардың өз «Шымбұлағы» болады

Басылымымыздың Бас директоры облыстағы жұмыс сапары кезінде Жуалы ауданындағы тау шаңғы спорты кешеніне де ат басын бұруды ұмыт қалдырған жоқ.
Жуалы ауданының аймағындағы тау-шаңғы кешенінің құрылысы дәл қазіргі уақытта қыза түскен. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлынан тиісті тапсырма алған құрылыс компаниялары білек сыбана іске кірісіп, күн-түн демей дамылсыз еңбек етуде.
Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңге.Туристік нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте салынып жатыр.
Ал құрылыс компаниясының учаске басшысы Ерғали Сералиевтің сөзіне сүйенсек, кешен құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады. Жоба толықтай жүзеге асырыла бастағанда тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда 50 адамға арналған қонақ үй, заманауи үлгіде бой көтеретін мейрамхана мен өзге де сауда-саттық орындары, бір сөзбен айтқанда туристер мен демалушыларға барлық жағдай жасалмақ.
Жамбылдықтардың Алматы өңіріндегі сияқты осындай өз «Медеуі» мен «Шыңбұлағы» болады деп кім ойлаған?

Қала күніне теңдессіз тартулар!

Биыл Тараз қаласы күні 27 қазанда тойланғалы отыр. Осыған орай, шаһарда бірнеше нысандар ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Ең алғашқысы ол — Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ елге есігін айқара ашады. Сонымен қатар саябақтағы «Желтоқсан-86» мұражайының лентасы қиылады. Бұдан бөлек, көпшіліктің көз қуанышына айналатын мұнда балалар ойын алаңшасы, «Тәуелсіздік ұшқыны» алауы, шахмат алаңшасы, спорттық алаңша және «Ғибрат» орталығы бар. Осылайша бір саябақта жеті бірдей нысан халыққа қызмет көрсетпек.
Одан кейін «Шаушен» шаруашылық қожалығының «Қымызханасы» да осы күні салтанатты ашылуын өткізеді. Сондай-ақ, Желтоқсан скверінде «Желтоқсан толқыны» субұрқағы іске қосылады.


«Ерлік» мемориалдық кешенінде тыл еңбеккерлеріне арналған «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» ескерткіші, «Чернобыль» атом электростансасының зардабын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіш, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, «Үшбұлақ» каналы, канал үстімен өтетін екі көпір, барлығы тағы 6 нысан қала күні тұрғындардың пайдалануына берілмек. Тағы бір қуанышты хабар, мереке күні Темір жол сквері, облыстық әкімдік алдында Жамбыл Жабаевтың жаңартылған ескерткіші және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдындағы «Жастар» саябағы келушілерді құшақ жая қарсы алады. «Жастар» саябағында Жүсіп Баласағұнның жас кезінен бастап қартайғанға дейінгі кезеңді қамтитын ескерткіші және махаббаттың символына айналған Қарахан мен Айша бибі стелласы бой көтереді. Сондай-ақ саябақтың субұрқақтары жаңартылып, ұлттық ою үлгісінде гүлдер егіледі деп күтілуде.
Міне, осындай жағымды жаңалықтардан хабардар болған газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы тараздықтарға жасалып жатқан теңдессіз тартуларға ішкі қуанышын білдірді. Және баянды бастамаларға ұйытқы болып, ғаламат жобаларды іске асырып жатқан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жемісті ісіне сәттілік тілеп, бүкіл жамбылдықтарды “Qazaqstan Zamany” Халықаралық қоғамдық-саяси газетінің ұжымының атынан шын жүректен құттықтады! Қоғам қайраткері, Ел Анасы, газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы осылайша Жамбыл облысындағы жүйелі жұмыстарға көңілі толып, ерекше толғаныспен қайтты.

Саятхан Сатылғанов