Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай психолог көбейіп бара жатыр ғой…
Қазір псих көбейді ме білмеймін, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай психолог көбейіп бара жатыр ғой. Екі қолы алдына сыймай ерігіп жүрген жанның бəрі осы » жан ілімін» игеріп алып, кітап жазып, пост жазып, ақыл айтып əкетіп барады. Сондағылардың денінің айтатыны бір жерге саяды. «Тек жақсы нəрсе ойлап жүру керек, жаман нəрсе ойласаң сол нəрсе алдыңнан шығады, біздің проблемамыздың бəрі миымызда, бай болу үшін де, бақытты болу үшін де миыңды, санаңды тек жақсылыққа бағытта, басқа ештеңе ойлама» деген мағынада кете береді. Енді «жасыл белдеуге» өтіп кетіп қуатындары да бар, олардың мақсаты мүлде басқа секілді. Бір қарағанда тек жақсы ойлап, позитивпен жүруді мен де қолдаймын. Қазандай бас, қарайған білімі болмаса да кез-келген қазақ » ниетіңнен табасың» дегенді жақсы біледі. Бірақ тек осы дүниелік бақытты ғана мақсат тұтсаң ештеңеге алаңдамай жарқылдап өтіп кетуге де болар еді, кешегі аталарымыз мұсылманның хəлі үміт пен қорқыныштың, қуаныш пен қауіптің ортасында болғаны абзал екендігін айтқан. Құстың қос қанатындай, қайықтың қос ескегіндей осы екі сезім пенденің тепе-теңдігін ұстап тұрады деген. Астың татымына қарай тұз салса, тамақтың дəмі кірген сынды ,өлімді жиі еске алу да өмірді мəнін келтіреді. «Лəззаттарды қиратушы өлімді жиі еске алыңдар, сендердің іштеріңдегі ең ақылдыларың өлімді көп еске алып, оған қам жасап жүргендерің» деген мағынадағы Пайғамбарымыздың с.а.у хадистері де осы ойымызды қуаттай түсетіндей.» От, от дегенге ауыз күймейді» дегендей, «мен бай боламын, мен бақытты боламын» деп тек » ойна да күл» деген ұстаным да адамды біржақты қылып қылып жіберуі де мүмкін. Ешкімнің аузына қақпақ болып, біреуді түзету ниетімізде жоқ, тек бүгін қасиетті Жұма күні ортақ ойды талқыға салған ғой.Бүгінгі жасаған дұға-тілектер қабыл болсын!
Muhtar Niyazov