Жәнібек жастарының азаматтық белсенділігі
Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы бойынша volonter07.kz сайтына 286 волонтер тіркелсе, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың базасында 15 ерікті тіркеуде тұр.
Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Мирас Иманғалиевтің айтуынша, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде жәнібектік волонтерлар «Biz birgemiz» акциясы аясында тұрғындарға 1500-дей бетпердені тегін таратқан. Олар бетперде таратып қана қоймай, жерлестеріне ақпараттық парақтарды қоса беріп, сақтық шараларын ұстануға шақырған. Түсіндіру жұмыстарын да барынша жүргізген еріктілер сонымен бірге бетперде тігу жұмысына да өз үлестерін қосыпты. Аудан көлемінде шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және еріктілердің демеушілігімен жетпіс төрт отбасыға көмек көрсетілген.
Қайырымдылық айлығы кезінде ізгі шаралардан қалыс қалмаған волонтерлар жалғызбасты қарияларға шаруашылықтарын реттеуге жәрдемдескен. Мысалы, Ақоба ауылындағы жалғызбасты аналарға, зейнеткерлерге мекенжайлық көмек көрсеткен. «Жәнібек жастары» волонтерлық тобы мен «Жасыл ел» жасағының сарбаздары бірлесіп, еңбек және тыл ардагері Т.Ізтелеуовтің үйіне барып, қора-қопсысын жөндеп берген. Негізінен еріктілер ауыл-ауылдағы көмекке мұқтаж қарттарға әр кез қарайласып тұруды дағдыға айналдырған.
Ресурстық орталық басшысы Мирас Нұржолұлы «Волонтерлар» жылы аясындағы басты бағыттарға да басымдық берілгенін жеткізді. – Волонтерлар жылы аясында «Birgemiz: «Bilim» жобасы бойынша тегін ағылшын тілі курстарын ұйымдастырдық. «Birgemiz: Taza alem» бағыты бойынша барлық ауылдық округтер қамтылған сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге «Экосағат» атты шара өткізіліп, аудан орталығында тал-теректер отырғызылды. Бұлардан бөлек рейдтік шараларға атсалыстық. Ерікті жастардың бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық челленджі де өз жалғасын тапты, – деді ол.
Жәнібектік жастар осылайша азаматтық белсенділік танытып, еріктілердің қатарын толықтырды. Олар өздерінің ізгілікті істерін алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА