Жансейіт Түймебаев: Әрқилы бағдарламалармен жұмысқа орналас, жұмыс істе!
Жаңарған Түркістанда нәтижелі жұмыспен қамту көңілдегідей
Үкімет қаулысымен бекітілген “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Ал міндеттерін жіктер болсақ, ең бірінші еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту, жұмыссыздар-ды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру мәселелері бағдаршам етіп алынған. Яғни, бағдарламаның басты мақсаты мен міндеті — аты айтып тұрғандай халықты нәтижелі жұмыспен қамту, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту. Бұл екі саланың да ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын, мемлекеттің экономикасын көтеруге үлес қосуда маңызы орасан екенін ескерсек, бағдарламаны нәтижеге айналдыруға барлық өңір басшылары ынта-шынтасымен атсалысулары қажет екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, осынау маңызды бағдарламаның Жансейіт Түймебаев тізгінін ұстаған Түркістан облысындағы іске асырылу барысына аз-кем шолу жасап көрелік.
Несиелендіру көлемі — 3,282 миллиард теңге…
Әрине, бағдарламаны іске асыруда облыс көлемінде көптеген іс-шаралар бастау алып, енді бірі қарқын алып үлгерді. Айталық, осы бағдарлама аясында өңірде биылғы жылы 300-ден астам кәсіпкерге несие берілген. Жалпы, осынау жұмыстарға 2018 жылға 3,282 миллиард теңге қаржы қаралып, несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2018 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстардың ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы облыстық филиалы арқылы 260 тұлға 1 122,5 мың теңгеге несиелендірілсе, оның 184 бірлігі мал шаруашылығына қатысты кәсіп түрі болып табылады. 6 пайыздық үстемесімен 7 жыл мерзімге берілген өзге де бірліктер жылыжай, жиһаз өндірісі және шаштараз кәсіпшілігіне байланысты істер болып отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын іске асырудың екінші тармағы — «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 64 тұлғаға 6 пайызбен 7 жыл мерзімге 201 652 мың теңге несие берілген. Оның 63 бірлігі мал шаруашылығына қатысты болса, біреуі жылыжай өндірісіне тиесілі. Одан бөлек, нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті және кооперативтерді дамытуға республикалық бюджеттен қосымша 3 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, оның 1,8 миллирд теңгесі қолдау тапқан.
Кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту өзін-өзі және бірнеше азаматты тұрақты жұмыспен қамтудың кепілі деп айтуға болады. Сол себепті, бұл саланың өркендеуіне жеке тұлғалармен бірге жергілікті атқарушы билік органдары да құлықты. Әрине, кәсіпкерлікті кез келген адам оп-оңай ашып, дөңгелетіп әкетуі қиын. Ол үшін іскерлік қабілет, өмірлік тәжірибемен бірге арнайы білім де қажет. Алдыңғы екі қасиет жеке тұлғаның өзінен табылуы тиіс болса, оқыту мемлекеттің жәрдемімен іске асады. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Айталық, осы жылдың 1 маусымынан қыркүйек айына дейін облыстық кәсіподақтың оқыту орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 200-ден астам жұмыссыз азаматтар тегін оқытылып, тоқымашы, аспаз, жүргізуші, жиһаз құрастырушы секілді 8 мамандыққа баулыды.
Сонымен қатар облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы өңірдегі барлық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне салтанатты жағдайда диплом тапсыру сәтінде оларды Түркістан қаласында жұмыс істеуге шақырды. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы болуына орай 300 жас маманға «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс ұсынылып отыр. Оған облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.
«Биыл өңіріміздегі 12 жоғары, 94 орта арнаулы оқу орындарын 36 мыңнан астам студент бітіріп, жас маман атанып отыр. Облысымыз жаңа атауға ие болып Түркістан облысы құрылды. Құрылып жатқан аумақтарды дамыту үшін нақты іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, Түркістанда жаңа әкімшілік ғимараттары мен тұрғын үйлер салынады. Жаңарған Түркістан облысының болашағы, дамуы, өркендеуі Сіздердің қолдарыңызда. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Түркістан облысының дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Сіздер сияқты жас, болашағынан көп үміт күттіретін мамандар бізге қажет. Бүгінгі күні облысымызда «жастар практикасы» бойынша 3516 жас, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша 598 жас маман жұмыс істейді. Сіздерге де дәл осы бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасып, жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Осыған орай, баршаңызды өздеріңізге берілген мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, Түркістан қаласына келіп, жастар практикасынан өтіп, мемлекеттік органдардың конкурстарына қатысуға шақырамын. Әрбір жас маманның өзінің біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналасуы менің жеке бақылауымда болатындығын назарларыңызға жеткіземін. Сапарларыңыз сәтті, армандарыңыз асқақ, мұраттарыңыз баянды болсын», — деп атап өтті облыс басшысы.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл облыстағы 12 жоғары оқу орнын 15 мыңнан астам түлек тәмамдаған. Олар 58 факультетте 481 мамандық бойынша білім алды. Солардың арасында 895 студент үздік диплом иегері атанған. Үздік дипломға бітірушілер саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда көбейген. Сонымен қатар облыстағы 94 колледжде 109 мамандық бойынша 74176 студент білім алады. Олардың мемлекеттік тапсырыспен оқитыны — 34592, яғни 46,66 пайызды құрайды. Биыл колледждерді 96 мамандық бойынша 21249 студент бітіріп, еліміздің экономикасын өркендетуге үлестерін қоспақ. Колледждерді бітіруші түлектердің соңғы үш жылда жұмыспен қамтылу көрсеткіші 2015 жылы — 88,6 пайызды, 2016 жылы — 86,2 пайызды, ал 2017 жылы — 80,7 пайызды құрады.
Кәсіпкерлікке жастардың келуі — экономикаға үлкен серпін береді
Кәсіпкерлікке, әсіресе жас буын өкілдерінің қызығушылығы жоғары екені қуантады. Өйткені, кәсіпті ерте бастаған жастардан жарқын болашақ күтуге болады. Сондай жастардың бірі түркістандық жас кәсіпкер — Исламбек Жандардың қолға алған ісі көпті қызықтырды. Ол осыдан екі жыл бұрын Қытайдан автокөлікке қажетті бөлшектерді құрастыруды үйреніп, аспанасты елінен арнайы құрылғыны елге алып келген. Қабілет пен іскерлік бір арнаға тоғысқанда нәтиженің бірінші орынға шығатынын өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеп қойған. Міне, Исламбектің әрекетін сондай нәтиженің тағы бір көрінісі деп айтуға болады. Ол бүгінде автокөлікке қажетті түрлі тазартқыштардың (фильтр) 280-нен астам түрін жасап шығарады. Өзінің айтуынша, тапсырыс та көбейген. Тұтынушыларының қатары күннен күнге еселене түсуде. «Болайын деген баланың жолын кеспе, белін бу» демекші, мұндай қабілетті жастарға мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау болары сөзсіз. Исламбектің қолға алған кәсібін әрі қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан ұсынылған «Ырыс» қаржы ұйымының «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша грант ұтып алғаны осы сөзімізге дәлел бола алады.
Кәсіпкердің шағын ғана цехында қазір тәулігіне 1000 данаға дейін, ал бір айда ауа, май және бензин тазартқыштың 280-нен астам түрінен 25 мың данасы шығарылады. Алдағы уақытта оның көлемі еселеп артпақ. Онда жеңіл көліктермен қатар ауыр жүк көліктеріне арналған ауа тазартқыштар да бар. Бұрын бұл бөлшектер Қытай мен Еуропа елдерінен жеткізілетін. Қажетті шикізаттың 70-80 пайызы отандық өнім екен. Тек қажетті қағазы ғана Қытайдан әкелінеді. Жас кәсіпкер енді сол дүниені де осында өндіруді жоспарлап отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жеке кәсіпкер өзімен бірге бірнеше адамды да тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болады. Исламбек те шағын цехтың иесі ретінде 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Демек, осынша отбасы мүшелері жас кәсіпкердің бастамасының арқасында несібесін тауып отыр деген сөз. Алдағы уақытта кәсібін тағы да кеңейтуді жоспарлап отыр. Ондай жағдайда жұмысшылар саны да артатыны түсінікті.
Осы тұста айта кеткен жөн, облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір Түркістан қаласының өзінде жыл басынан бері «Ырыс» қаржы ұйымы арқылы 25 жоба қаржыландырылған.
Отандық өндіріс орындары — елдің күре тамыры іспетті
Түркістан облысында кіші кәсіпкерлікпен қатар орта және ірі кәсіп түрі де дамудың даңғыл жолына түскен. Оған дәлел ретінде жуырда Үкімет басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің облысымызға іссапары барысында танысқан бірнеше нысандарды айтуға болады. Алдымен Ордабасы ауданындағы «KazKioti» трактор зауытында болған министр оның мүмкіндігінің жоғары екеніне көз жеткізді. Оңтүстік Корея инженерлерінің үлгісі бойынша трактор құрастырылатын зауыттың өніміне бүгінде сұраныс жоғары. Қазір осы кәсіпорыннан трактор алатын шаруаларға «ҚазАгроҚаржы» қаржылық компаниясы арқылы несие беру шаралары да қолға алынуда. Бұл зауыт толық қуатында жұмыс істейтін болса, жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы.
Арыс қаласында 2009 жылы құрылған, 2700 гектар аумақты алып жатқан «Жаңа Ақдала» ЖШС-нің сапалы томат және алма пастасы өндірілетін кәсіпорны да ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Онда 48 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық кезеңдерде жұмысшылар саны 200-ге жетеді екен. Ауданда, облыста осы секілді ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп жатқан кәсіпорындар қатары жылдан жылға көбейіп келеді.
Елбасы тапсырмасымен құрылған индустриялды аймақтардың халықты жұмыспен қамту мен отандық өнімдерді өндіруде үлесі зор. Индустриялды аймақтардың жұмысын жандандыру мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде өңірдегі барлық аудан орталықтарында осы секілді аймақтар құрылған. Онда қаншама кәсіпорындар мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. Айталық, биыл жыл соңына дейін бұрынғы Мақтаарал ауданының индустриялды аймағында 6 жоба іске асырылып, 380 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады. Аудандағы өнеркәсіп өнімін 13 666,4 миллион теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Ол үшін “Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы” шеңберінде инвестиция тарта отырып, жалпы құны 3537 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, биыл ауданда асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі мен логистикалық орталық және күн электр стансасының жобалары іске асатын болады. Іске қосылатын 6 инвестициялық жобаның және басқа да жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың есебінен жыл аяғына дейін аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 13,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.
Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауытының жұмысы барысымен танысқан болатын. Инвестициялық құны 20 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндірмек. Елімізде алғаш рет қолға алынған бұл жоба Қазақстанның жасанды талшықтарға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырады деп күтілуде. Өңірдің әлеу-меттік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 200-250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жобаны әлемге танымал шетелдік HONGKONG TIANRUN CO…LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салуда. Бүгінде бұл компания 70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған индустриялды аймақта қазірге дейін 1 583 жұмыс орны ашылып, жалпы соммасы 65 716,9 миллион теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған, қаржысы 7 788,9 миллион теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылған.
Иә, ірі кәсіпорындарды ашуда инвесторлардың көмегі ауадай қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та инвестор тарту мәселесіне айрықша көңіл бөліп отыр. Түркістан облысында осы жылдың қаңтар-маусым айларының өзінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93 миллиард 572 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға артты. Инвестиция салымдарының басым бөлігі, яғни 40,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 19,7 пайызы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға және 10 пайызы білім беру саласына тиесілі.
Жастардың жұмыссыз болмауы — аудан мәртебесі
Кеңге жайған керегесі, ұлылар айтқан өнегесі бар, тәуекел іске ептілігі, тарихтан жеткен тектілігі аян Отырар — қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Міне, осындай қасиетке ие аудан бұрын толықтай мемлекет есебінен күн көріп отырған болатын. Экологиялық ахуалы алаңдатарлық ауданда қуаңшылық пен жердің сорлануы да шаруаға диқаншылықпен айналысуға кедергі келтіретін. Сондықтан ауданда инфрақұрылым дамымай, халықтың тұрмысы басқа аудандарға қарағанда артта қалып жүрді. Бүгінде бұл ауданда үлкен өзгерістер орын алып, жергілікті тұрғындар мақтан ететін жетістіктер күн санап артып келеді.
Әрине, жетістік дегенде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін айналып өтуге әсте болмайды. Өйткені, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалының оңалуы бірінші кезекте тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Бұл тұрғыда әсіресе, жастардың екі қолға бір күрек табуы — күн тәртібінен бір сәтке де түспеуі қажет дүние. Жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін сұратқанымызда Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов төмендегі мәліметтерді ұсынды.
Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, ауданда 13 162 жас буын өкілдері тұрады. Олармен бірлескен жағдайда жұмыс істеп, жұмыспен қамту, бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеп отыру — жетістіктерге бастаумен қатар жөнсіздіктердің де алдын алуға негіз болады. Осы тұрғыдан алғанда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаcы» аясында ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыру курстарына жіберу үрдісі қалыптасқан. Өткен алты айда бас бостандығынан айыру мекемелерінен босаған және Отырар аудандық пробация қызметі бөлімі есебінде тұрған 26 азаматқа әлеуметтік қолдаулар көрсетілді.
Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға», «Серпін — 2050», «Жастар практикасы — 2020», «Жасыл ел» атты мемлекеттік бағдарламалары бойынша аудандық білім, экономика және қаржы бөлімінің, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторларынан құралған топ барлық ауыл округінде кездесу-түсіндіру жиынын өткізді. Нәтижесінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 10 жас маман көтерме жәрдемақымен қамтылса, тағы 11 жас бюжеттік несие алған. «Серпін — 2050» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 55 жас түлек өз білімін солтүстік өңірде жалғастырып жатыр. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 111 жас тәжірибеден өтсе, осы жылдың шілде айына дейін бұл бағдарламамен 67 жас қамтылған. «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасымен 2017 жылы 60 жас қамтылса, биыл тағы осынша жастың құжаты жинақталып, алғашқы жұмыстарын бастап кетті.
Жалпы алғанда өңірдегі барлық аудандарда нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ол туралы алдағы уақытта тағы да айтатын боламыз.
Дайындаған — Шадияр МОЛДАБЕК,
Түркістан облысы