Жақсы әйел дәулетіне жөн келтірер
Жақсы әйел бойын түзеп сылақтайды,
Өз байынан басқаны ұнатпайды.
Үйіне мейман түссе, хош келдің деп,
Еш адамнан рұқсат сұратпайды.
Жаман әйел байымен ұрысады,
Мейман келсе, қабағы тырысады.
«Бұл үйден шай ішкенмен оңбассың» деп,
Мейман байғұс басқа үйге жылысады.
Жақсы әйел дәулетіне жөн келтірер,
Әйелің долы болса, күнде өлтірер.
Жақсыдан жаман туған бала болса,
Атаға үйде жатқан сөз келтірер.
Жақсы әйел айтқан сөзді кектей қоймас,
Осал жігіт әйелге беттей қоймас.
Жауыз қатын қабаған ит сияқты,
Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас.
(с) Шал ақын