Жақсы күйеу
Бірде дана қарттың алдына терең ойға батқан бір жеңешеміз келеді. Келген бойда «екі жыл бұрын сіз күйеуім екеуміздің некемізді қиғансыз. Ал енді біздің некемізді бұзуды сұранамын. Мен күйеуіммен бірге тұрғым келмейді» дейді жыламсырап.
— Ажырасуыңа не себеп болды ? — дейді қария.
— Барлығының күйеуі үйіне уақытылы келеді, менің күйеуім болса үнемі кешігіп келеді. Сондықтан күніге үйде ұрыс — керіс болады. Берекеміз кетті- дейді әйел.
Әйелдің мына сөзіне таңданған қарт:
— Себеп осыда ғана ма ? — деп сұрайды
— Ия, мен мұндай кемшілігі бар адаммен тұрғым келмейді — деп әйел жауап береді.
— Жарайды ажыратамын, бірақ бір шартым бар.
Қазір үйіңе оралып, үлкен тәтті нан пісіріп, маған алып кел. Бірақ нан пісірген кезде үйіңнен ештеңе алма.
Тұз, су, жұмыртқа, ұнды көрші әйелдерден ал. Және көршілеріңе өзіңнің өтінішіңнің себебін міндетті түрде түсіндір, — дейді қария.
Қарияның шартын естіген бойда екі өкпесін қолына алып асығып үйіне жеткен әйел бірден іске кіріседі. Дәл үйінің түбіндегі көрші әйелдің есігін қағады.
— Көршім , маған бір кесе су бере тұршы — дейді.
— Сіздің үйде су таусылып қалды ма? Әуілдеріңде құдық бар емес па?
— Су бар, бірақ мен дана қартқа барып күйеуіме шағымданып, ажыратуын өтіндім, — деп әйел барлығын жіпке тізгендей етіп айтып түсіндіреді. Әйел сөзін айтып бола салысымен, көрші әйел де күрсініп:
— Уһ, егер сен менің күйеуім қандай екенін білгеніңде ғой — деп мұңайып көршісі өзінің күйеуіне шағымдана бастайды. Сосын әйел басқа көршісінің үйіне барып тұз сұрайды.
— Әй, сенде тұз таусылып қалды ма, бір ғана қасық сұрап тұрсың ғой?
— Тұз бар, бірақ мен дана қартқа барып күйеуіме шағымданып, ажыратуын сұрандым, — деген әйелдің сөзін аяқталғанын күтпестен, бұл көршісі де:
— Уһ, егер сен менің күйеуімнің қандай екенін білсең ғой — деп өзінің күйеуіне шағымдана жөнеледі. Әйел азық- түлік сұрауға кімнің үйіне кірсе де, барлығынан күйеуіне деген шағымын естиді. Көршілерінен сұраған қоспаларды қосып әйел үлкен нан пісіріп, әлгі қарияға әкеледі. Нанды үстел үстіне қойған бойда:
-Сізге рақмет ата, менің еңбекпен пісірген мына нанымды отбасыңызбен бірге жеңіз. Тек мені күйеуімнен ажыратуды ойламасаңыз болды- дейді етегі жасқа толып еңіреген әйел.
— Не болып қалды қызым, себебі неде ?, — деп дана сұрайды. Әйел біршама ойланып отырып күлімсіреген жүзбен:
— Ата, менің күйеуім барлығынан да жақсы екен — деп алғысын жаудырып шығып жүре берген екен…
«Келіннің үш күйеуі болады:
Алғашқы күйеуі – алтын елі,
Екінші күйеуі – ар-намысы,
Соңғы күйеуі – алған жары.
Алтын елге болаттай берілсе, адалдықпен аты шығады. Адал атын сақтаса, алған жары қайда бармақ» — дегенді кешегі бабаларымыз бекерге айтпаса керек-ті…
«»Үй тауығын аяла, қырғауыл қумай даладан» деген сөз қалған екен…