ЖАҚСЫДАН ШАРАПАТ….

Дінмұхамед Қонаев 9 жастағы кезінде Бақанасқа бара жатқан жолда ит қауып, қатты сырқаттанып қалады. Ол кезде ауылды жерлерде дәрігер жоқ, ата-анасы сол жердегі емшілерді шақырып қаратады. Бала айығып кете қоймайды. «Баланы емдей алатын енді кім бар?» – дегенде: «Осында аузы дуалы Оспан қожа деген ғұлама бар, бір емдесе, сол емдер», – дейді бір кісі.
Содан Оспан қожаны алдырып қаратқанда: «Балаңыз өзіне қойылған есімді көтере алмай жатыр. Мен үш күн дем саламын, Құдай қаласа, сәтін салып, балаңыз жазылып кетер. Алладан жәрдем тілеңіз. Кейін ол үлкен азамат болады», – депті. Кейіннен Димаш Ахметұлы үлкен азамат болып, ел басқарып тұрғанда әкесі осы жайды еске салып: «Баяғыда Бақанаста саған дем салып, аман алып қалған Оспан қожа «халық жауы» болып ұсталып кетіп еді.
Оның ұлы Сәрсен сол жерде аудан басқарды, Отан соғысына кетіп, қайтпады. Содан жалғыз ұл бар деп естимін.Текті әулеттен шыққан тұяқ қой, тауып алып, қол ұшын бергейсің», – деп аманаттапты. Әкемнің сөзін екі етпей, сол жігітті тауып, үлкен қызметтерге өсірдім.
Қамқорлық жасадым. Бәрін сыртынан бақылап отырдым. Ешкімге ешнәрсе айтпадым да. Ол жігіт сол Оспан қожаның немересі – Сәрсенов Өмірзақ болатын. Өмірзақ көп жыл Қазақстан Тұтынушылар одағының төрағасы, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Мен оны қызметке қойдым деп тіс жарған емеспін. Бірақ әкемнің аманатын орындадым.
Ол да адамгершілік пен ұятына сай лайықты қызмет атқарды», – депті Димекеңнің өзі бұл оқиға жөнінде. Мұны Мырзагелді Кемел ағадан оқыдым. Адамгершіліктің биік шыңы деп әкелі-балалы екі адамның осы бір игі қасиетін айтсақ жетіп жатыр.
Біз ше? Бәрі сатылады, сатылмайтын нәрсе жоқ деген түсінік жайлаған қоғамда адамгершілікті алға шығарып есепсіз жақсылық жасай аламыз ба?
Бүгін – аманатқа адал болған Димаш атаның туған күні! Ғасырдан-ғасырға есімі ұмытылмай қарапайым жүректерде тірілермен бірге «өмір сүріп» жатқан біртуар тұлғаның жатқан жері жарық болсын!
Өз ісімен xалықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ел алдында ешқандай қарызы жоқ Д.А.Қонаев атамыздың аты өзін шексіз құрметтейтін ұрпағының жадында мәңгі қалады.
Тұрыс Бекжан