ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА, ӨЗ ХАЛҚЫҢА КӨМЕКТЕС!

Құрметті Сарысу ауданының кәсіпкерлері!
Әлемді дүбелеңге салған короновирус індеті ешкімді аяп жатқан жоқ. Кез келген отбасында ауырып жатқан адамды кездестіруге болады. Ажал құшып жатқандары қаншама.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде «Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз. Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қолұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық», – деген болатын.

 

Осындай қиын сәтте «Атамекен» ҰКП-ның «Менің Атамекенім» қайырымдылық қорының «Вирусдобра» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы және «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы коронавируске қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу, ауырып жатқан науқас жандарға көмек қолын созу мақсатында облыс кәсіпкерлерін ұйымдастыра отырып, аудандық ауруханалар мен емханаларға тегін дәрілік препараттар және дәрі – дәрмектер жеткізе бастады.

 

 

Өткен сенбі күні дәрі-дәрмек тиелген автокөлік Сарысу ауданына да келді. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Л. Нұрмаханова, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы Сарысу ауданындағы филиалы директорының міндетін атқарушы А. Тілемісовтың қатысуымен аса қажетті дәрілік препараттар мен дәрі – дәрмектер Сарысу аудандық ауруханасына табыс етілді.
Сарысу ауданы жұртшылығының атынан көрсеткен қолдаулары, қамқор ниеттері үшін облыс кәсіпкерлеріне алғысымызды білдіреміз және ауданымыздың кәсіпкерлерін акцияға қатысуға шақырамыз.

 

Қолдайық, ауырып жатқан азаматтарға көмек қолын созайық, ауызбіршілігімізді танытайық!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Бірліктің арқасында қандай қиындық болса да жеңіп шығатынымызға сенім мол.

А. Тілемісов
Сарысу ауданы