Жақсылық жасап жарысқан жастар
Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданының ерікті жастары пандемия кезінде өздері баптаған бақша өнімдерін мұқтаж жандарға тегін таратып, такси қызметін де ақысыз-пұлсыз ұйымдастырған.
Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Гүлдана Бирнязова: – Төтенше жағдай кезінде жастар мен волонтерлар аудан тұрғындарына төрт мыңнан астам жадынама таратып, дүкендер мен автобус аялдамаларына 70-тен астам плакат ілді. 17 тігіншінің және волонтерлардың ұйымдастыруымен 8000-нан астам бетперде әлеуметтік санаттағы тұлғаларға тегін таратылды. Әлеуметтік желілерге 20 шақты маманның атсалысуымен жұқпалы індеттен сақтандыру мақсатындағы жазбалар және санитарлық талаптарға үндейтін 5 бейнеролик жарияланды, – деді.
Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен еріктілер 64 аз қамтылған, көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды азық-түлікпен, жеке гигиеналық заттармен, бетперделермен қамтамасыз еткен.
Тасқала жастары Волонтерлар жылы аясында жаз кезінде аудан әкімінің қолдауымен 1 гектар жерге бақша дақылдарын отырғызған. Олар жаз бойы өсіріп-баптаған бақша өнімдерін жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі қарияларға тегін таратқан. Сонымен қатар тасқалалық жастар «Тегін такси», «Жұмадағы жақсылық» сынды акциялар ұйымдастырған.
Аудандағы Амангелді ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Аманғали Байғалидың айтуынша, олар жиырма шақты еріктіден құралған «Амангелді жастары» атты волонтерлық топ құрған. Еріктілер ауылдан аудан және облыс орталығына адамдарды өз көліктерімен тегін тасымалдап, оқушыларды Оралдағы музейлерге экскурсия жасатқан. Бұл ретте Аманғали Байғалиұлы ауыл кәсіпкерлері де қолдау білдіргенін атап өтті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы