Жақып АСАНОВ: СУДЬЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ЛАЙЫҚТЫЛАР ҒАНА КЕЛУІ ТИІС!
Апта басында Жоғары Соттың төрағасы Жақып Асанов еліміздегі заңгерлер қауымына арнайы Үндеу жариялаған болатын. Ол сөз басында бүгінгі судьялар кешегі қазақ даласының әділ билерінің заңды мұрагерлеріне теңеп:
— Біздің қоғамда судьялар — билер соты дәстүрін жалғастырушылар. Олар ар-ожданның, әділдіктің, шешендік өнердің, терең білім мен басқа да қасиеттердің эталонына айналды. Ұлы даланың мызғымас абыройы мен сеніміне ие болды. Қазақ хандығының өркендеу дәуірі Әйтеке, Қазыбек және Төле билердің есімдерімен байланысты болуы тегіннен-тегін емес, — дейді.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада сот жүйесін жаңғырту жүргізіліп жатқаны белгілі әрі оның негізгі міндетінің бірі ретінде судьяларды іріктеу жүйесін жолға қоюды ерекше атай кету керек. Бұл орайда Ж.Асанов:
— Судьялық қызметке ең лайықтылар мен дайындығы мықты үміткерлер ғана келуі тиіс. Ол үшін күрделі және, ең бастысы, ашық конкурс қажет. Жоғарғы Соттың бірінші басым бағдарламасы «МІНСІЗ СУДЬЯ» деп аталуы да сондықтан, — деп дәл қазір судьяларды іріктеу мен олардың карьералық өсу жүйесін жетілдірудің кешенді шараларын пысықтау жұмыстары Жоғары Сот Кеңесімен бірге жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.
Қазы болу, оның үстіне әділ болу — дүниедегі ең қиын істің бірі. Әділ судьяларды дайындауда сот біліміне ерекше назар аударылып отырғаны айтпаса да түсінікті.
— Бұл — сот билігін жақсарту мен жаңа заманғы судьяларды даярлаудың шешуші факторы. Осы міндетті Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы толығымен орындап келеді. Академия шетелдік озық тәжірибе негізінде құрылған. Бүгінгі күні ол — оқыту бағдарламасы сот жүйесінің нақты сұраныстарын ескеретін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны, — дей келе, Жоғары Сот төрағасы академия түлектерінің басқаларға қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие екеніне бірнеше дәлелдер келтірді:
«Біріншісі — болашақ судьяларды Жоғарғы Соттың судьялары мен жетекші сарапшылар оқытады. Оқу барысында судьялардың күнделікті жұмысындағы мысалдар кеңінен қолданылады. Шетелдік, соның ішінде үздік құқық мектептеріндегі тәжірибеге ерекше назар аударылады.
Екіншісі — практикалық машық: оқыту мерзімінің 60%-ы сот органдарында тәжірибеден өтуге арналған.
Үшіншісі — шыншылдық, адалдық, бейтараптылық сияқты жеке қасиеттерді дамыту. Өзін-өзі жетілдіре білу. Тұлғалық даму бойынша үздік бағдарламаларды қолдану. Академияда бұған аса мән беріледі».
Сонымен қатар Үндеудің соңында Ж.Асанов іріктеу сапасын арттыру мақсатында магистранттарды қабылдау тәртібі өзгертілгенін хабарлады. Емтиханның бірі — құқық салалары бойынша нақты кейстерді шешу болса, бұдан кейін эссе жазылады. Онда үміткер өзі жайлы, өзінің еңбек жолы және не үшін Академия магистранты болғысы келетіні туралы әңгімелеп беруі тиіс.
«Қажетті ұпай жинаған әрбір үміткердің кәсіби қасиеттерін анықтау үшін өзім және Жоғары Соттың басқа да өкілдері олармен әңгімелесу өткіземіз. Академияны қаржыландыру ережесіне сәйкес үміткерлер мемлекеттік қызметші болуы тиіс екендігін бірден атап өткім келеді. Оқу кезінде олардың еңбек өтілі мен жалақысы сақталады. Сонымен қатар судьялыққа үміткерлердің заңгерлік жұмыс өтіліне қатысты қойылатын заң талаптары бар», — дейді Жоғары Сот төрағасы.
Ж.Асановтың сөзіне сүйенсек, алдына мақсат қойып, соған ұмтылған және қоғамға қызмет етуге өмірін арнаймын деген әрбір заңгер Сот төрелігі академиясының магистратурасында білімін жетілдірсе жаман болмайды.
— Бұл оқу орнында судья болу үшін қажетті білім мен қабілетке ие боласыз. Қабылдау барынша объективті түрде өтеді. Мен комиссияның жұмысы ашық, әділ болатынына кепілдік беремін. Академияға ең лайықтылар ғана түседі, — деп Үндеуін түйіндеген Ж.Асанов Қазақстанның соттарында үздіктердің үздігі жұмыс жасағанын қалаймын дейді.
Ермұрат Назарұлы