ЖАР ТАҢДАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН БАБАМЫЗДЫҢ ӨСИЕТІ

Есімі орта ғасырлардан біздің заманымызға жеткен белгілі ақын, қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» деп аталатын еңбегінде әйел адамдарды бірнеше топқа жіктеген.
Жастық шақта адам сұлуқұмар сезімнен аса алмай, тек көрікті, сұлу әйелді көздейді. Ал сырты сұлу қыздың ішкі жан дүниесі де сұлу болып кездесуі — өте сирек кұбылыс. Сұлу қызға үйленгендер жүре келе әйелін кім көрінгеннен қызғанып, уақытын үнемі өз әйелін қорғаштап күзетумен өткізеді. Сөйтіп, сұлуға үйленген адам күзетшінің кейпін киіп, қандай сорға тап болғанын өзі де байқамай қалады, Бұл туралы ақын:
«Сұлуқұмар, сұлуды аңсап сор қума,
Қызыл жүзді сарғайтпа Һәм қор қылма», — дейді. (4485-бәйіт)
Ал кейбіреулер «қатын алма, қайын ал» деген бағытты ұстанып, бай жерден әйел алуды ойлайды. Ондай адамдар күндердің күнінде сол әйелдерінің ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында болып, жалтақтап әйелінің аузына қараумен күнін өткізеді. Соның салдарынан ол үйдегі отбасының басшысы кім екенін айыру да қиын болады:
Ей, тыңдаушы бай әйелден үміткер,
Құлы болып қалма оның, білікті ер, — дейді. (4491-бәйіт)
🍃 Ал бәрінен де көрінгенге көзін сүзіп қарамайтын, ерінің көзіне шөп салмайтын, ақ ниетті, әдепті, пәк, ұятты қалыңдықты табу — қиынның қиыны. Сондықтан ақын:
Қайын алма, алсаң нағыз қатын ал,
Адамшылдық сіңген асыл затына», — деп ой қорытқан. (600-бәйіт)
Яғни Жүсіп Баласағұн бабамыз да Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде айтылғандай, әйелді иманына, рухани нәрі мен ішкі жан дүниесінің сұлулығына қарап таңдау керектігін өсиет етеді.

 

Бисенғалиқызы Айдана фб парақшасынан