Жарлысулықтарға ауыс су қолжетімді
Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылын таза ауыз сумен қамту үшін «Жігер 2003» мердігерлік серіктестігі екі құдық қазды. Алайда олардан ешқашан ауыз су шыққан емес. Бұл мәселе бұған дейін Amanat партиясы қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілген болатын.
Қазір Жарлысуда не болып жатыр? Баршаны мазалаған сауалға аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков жауап берді.
– Жарлысуда су бар. Мердігер компания жұмысты дұрыс орындамай, сотқа тартылып, соттан жеңіліп қалды. Мердігерге тағы екі құдық қазу талап етілді. Сот шешімінің орындалуын жеке сот орындаушысы қадағалайды. Өкінішке қарай, бұл екі ұңғыма әлі дайын емес. Бұл шаруаға аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен туған ауылының тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын кәсіпкер демеушілер тартылды. Олардың көмегімен алматылық компанияның мамандары ескі құдықтарды тазарту және су ағызу жұмыстарын жүргізді, – деді ол.
Ұңғымаларды механикалық тазалаудан кейін санитарлық-эпидемиологиялық инспекция сынамаларын алып, суға талдау жасады. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша оң қорытынды алынды. Қалпына келтірілген бұл екі құдық су құбырына қосылып, Жарлысу ауылының тұрғындары таза ауыз су алып отыр.
«Бірақ біз мердігерлердің тағы екі ұңғыма қазуын күтіп отырмыз. Жақын арада оларды пайдалануға береміз деп үміттенеміз», — деді Айхан Назарбеков.