Жартыкеш отбасының баласы жалтақ
Жесірін жалғыз тастамауды, жетімін қаңғыртпауды ойлаған бабалар дәстүрі бүгінде ұмытылып, тарих қойнауына кетті. Отбасылық құндылықтың әлсіреуінен ажырасу көбейді.
Некенің бұзылуы ең алдымен балаға кері әсер етеді. Жартыкеш отбасында тәрбиеленген балалардың жалтақ, босбөлбеу болып өсетіні ешкімге жасырын емес. Өйткені, ажырасқан жағдайда балалардың анасының тәрбиесінде қалатыны заңмен мақұлданған. Ал бүкіл тұрмыстың тауқыметі бір өзінің мойнына түскен әйелде балаға көңіл бөлуге, баланы бақылауға уақыт қала ма? Әрбірден соң әйелдердің алғашқы некеден таппаған бақытты басқадан іздеуі қалыпты жағдай. Өкініштісі, анасының көңілінен шыққан азаматтың баланың қалағанындай болуы некен-саяқ. Міне, соның кесірінен өгей әкенің қорлығын көріп, тұрмыстық зорлыққа ұшыраған, психологиялық күйзеліске түскен жасөспірімдердің саны өсуде.
Отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалдың жасөспірімдер тұрмақ, балабақшадағы бүлдіршіндерге де әсері зор. Әкесі мен анасының келіспеушілігі балалардың мазасын кетіреді, көңілінде қорқыныш ұялатады. Ұйқысы қанбаған, айналасына үреймен қараған балалардан жанұядағы жайсыздықтың белгісі бірден аңғарылып тұрады. Сондықтан ата-аналар отбасында бүлдіршіндер үшін қолайлы, бейбіт орта қалыптастыруы керек. Анда-санда ұрыс-керіс орын алатын жанұяларды ақылға салуға, сыйластықты қалпына келтіруге болар.
Ал жалғыз анасының тәрбиесінде қалған балалардың психологиясын қалай реттеген дұрыс? Әкесіз өскен балалардың қыз сияқты жібек мінезді, биязы келетінін аңғару қиын емес. Әсіресе ер балалар тәрбиесінен әйелдің қолтаңбасы алыстан білініп тұрады. Ұлдардың мұндай көркем мінезіне қызығатындар да баршылық. Алайда, әке тәлімін көрмеген баланың жалтақ, қорғаншақ болатынын да жоққа шығара алмаймыз. Анасы ештеңеден қыжалат қылмай өсіріп отырған балалардың өзі әке тәліміне зәру. Әкесінің балабақшаға жетектеп алып келіп, алып кеткенін аңсайтын бүлдіршіндер қаншама! Оның үстіне, бүгінгі балалар да ойын бүкпесіз айтуға дағдыланған.
Олар өз әкесі туралы әңгімелеп тұрып «сенің әкең неге жоқ? Неге саған тек анаң келеді?» деген сұрақты төтесінен қоюы мүмкін. Бұл сұрақтар досының жүрегін жаралайтынын олар түсіне бермейді. Сондықтан, балаңыз өз ортасында өзін қораш сезініп, кем көрмеуі үшін шаңырақты шайқалпауға тырысқан жөн. Ажырасу – мәселенің шешімі емес. Керісінше, бұл ұрпағыңыздың келешегіне кері ықпал етеді.
Шынар Мәлікқызы,
Алматы қаласы Медеу ауданы №166 балабақша тәрбиешісі