ЖАРЫЛҚАЙ БЕР, ЖАРАТУШЫМ!

***Адамдығым жалғанға мас болғанда,
Арамдығым арманға бас болғанда,
Адал арым адасып, ластанғанда —
Жуынатын жауын бер, Жаратушым!

Өр рухымды қайғы-мұң жастанғанда,
Үрейленіп, жүрегім жасқанғанда,
Жаным тоңып, жанардан жас тамғанда —
Жылынатын жалын бер, Жаратушым!

Сағыныштың теңізі тербегенде,
Өзегімді өкініш кернегенде,
Өн бойыма өкпе-мұң өрлегенде —
Сарқылмайтын сабыр бер, Жаратушым!

Кеңшілігім тар болып, сейілгенде,
Кемшілігім тау болып үйілгенде,
Ақиқатқа зар болып, күйінгенде —
Ұғынатын дарын бер, Жаратушым!

Пейіліме ризықты тең бергенде,
Несібемді азсынып, кем көргенде,
Бұйырғанға көндікпей, сенделгенде —
Қанағаттың арын бер, Жаратушым!***

Қайрат Тілекқабылұлы