Жарылқасын Дәулет: ҚАЗАҚТЫ МӘҢГҮРТТЕУ ЖОЛЫНДА ЖҮРМІЗ…
Менің бір нәрсеге көзім анық жетті. Ол — тарихтың кей парақтары қолдан жасалатыны. Мысалы Ресей идеологиясы — тұнып тұрған шовенистік пиғылға толы. Олардың киноларындағы патшалары, батырлары, княздары кілең ержүрек! Бәрі патриот! Керек болса ұлты үшін, жері үшін, тілі үшін, Русь үшін жанын пида етуге бар. (Бұл біздің кино саласындағы мамандарды ойлантуы керек) Анығында көпшілігі шындықтан алыс. Бір ғана орыстар түсірген «Алтын орданы» алыңыз. Егер тарихты білмесеңіз сандырақтарына сеніп қаласың. БҮГІНГІ заманның «ертегісін» қалай құрастырған. Алтын ордаға салық төлеп, хандардың аяғын сүйген, тоз- тозы шыққан княздіктерді қалай дәріптейді. Демек тарихты бұрмалау арқылы өскелең ұрпақты қайсар рухта тәрбиелеп отыр.
Орыс мұжықтарының қауғадай сақалын балтамен шауып, жалаңаш жүрген орыстарды киіндірген Петр патша, түбі татар кейін шоқынған (Қарамырзаның баласы) Карамзинге «Жаңа тарих» жазуды тапсырып, ғаламат қаржы бөлгізгенін неге айтпаймыз?
Сол «жалған тарихты» біз әлі темірқазық қылып жүріп келеміз. Жаңашылдыққа ұмтылу, рухымызды тіктеу ойымызда жоқ. Бұл негізі билік ойлайтын дүние ғой…
Жә, делік. Сонымен тағы айтамын, менің пайымымша тарихтың кей соқпақтары ұлтты ұйыстыру үшін қолдан жазылады. Мысалы Осман империясын алайық. Түріктер тарихын кино арқылы таспалап әлемге таратуда. Қулық пен сұмдық, сатқындық пен екіжүзділік тұнып тұр. Бірақ хандары көсем, билері шешен. Пендешілік істерін ұлтқа деген риясыз сезімдері басып кетеді. Ақсақ Темірден жер болып жеңілген Баязиттен көреген тұлға жоқ түрік жастары үшін. Түріктер оны ақтап алады. Бар мақсаты Еуропаны жаулап алу болған Баязит Ақсақ Темірмен соғысуға дайын болмады — дейді сөзге тартсаң.
Ал түрік республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүрік- барша түрік халқының ң мақтанышы!
Оның туған күні үлкен мереке. Көшеде кетіп бара жатқан халық тап сол күні бәрін жинап қойып, қолын кеудесіне басып үнсіздікпен еске алады.
Шындығына келсек, Ататүрік өмірі қарама — қайшылыққа толы тұлға. Жақсылығы мен жамандығы итжығыс түсіп жатқан пенде. Бірақ ұлттық идеология оны асқақтатып тұр! Мысал көп айта берсек.
Кеше ғана осы фб — да Абылай ханға «ауыз салған» тарихшы мен оны дәріптеген Мырзан Кенжебай ағамды көрдім.
Сөйтсек Абылай үш жүзге хан болмапты. Қазақтың басын қоса алмапты. Орысқа жалтақтапты, өмірінің соңы жаман аяқталыпты.
Ағайын, біз түгілі, империя болған Түрік пеп Орыс қайсар рухты ұрпақ өсіру үшін тарихын «қайта жазып» жатыр. Ресейдің атақты наградаларының бірі- княз Невский атында. Невский кім еді? Ол «Алтын орданың» құлы болған, шағын ғана қалашықты басқарған басшы еді. Суворов пен Кутузов та (жеңілуден көз ашпаған) қолдан жасалған қолбасшылар- тын. Темірдей мықты идеология дегенін жасады бірақ…
Ал біз болсақ, қазақ тарихындағы тұлғаларды қаралап бітірдік. Бір дені дұрыс хан жоқ. Не батыр жоқ. Бәрі сатқын, бәрі жалтақ.
«Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген қазақтың баласы едік. Бүгінгі тірлігіміз ұят- ақ!
Сонда мынау ұлан- байтақ даланы кім қорғады? Кім сақтады?
Әлде бізде шынымен шегара болмаған ба?
Ағайын Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – Ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен Ұлтымның кеудесін бастырмау үшін барымды саламын!» дейтін қазақ тәбиелеу бәрімізге міндет!