Жарылыстар қашанғы жалғаса береді?..

Қарағанды шахтасында метан (газ) жарылысы, Ақтаудағы мейрамханада газ жарылысы, Ақмола облысындағы жеке үйде газ жарылысы… Айдың күні аманында. Бұған не сонда? Диверсиялар ма? Жоқ әрине. Басты себебі — өндірісте де, тұрмыстық қолданыста да газдың ең қауіпті жағар отындардың бірі екенін қаперімізге алмайтын болдық. Газды пайдалану ережелері ірі кәсіпорындарда да, кішігірім мекемелерде де, үй тұрмысында да сақталмайды. Жарайды ірі өндіріс ошақтары газбен жұмыс істеуді өз жұмысшыларына өздері үйретіп, өздері қадағалауы тиіс. Ал жеке үйлерге газ өткізгенде оларға оны қалай пайдаланған жөн, қандай қауіпсіздік ережелерін ұстану керек деген инструктажды өткізіп жатқан кім бар? Құбырды жалғайды, құрады, болды, кетеді. Ал оны дұрыс пайдалану ережелерін, ал ең бастысы қауіпті жағдай туындағанда не істеу керектігін ешкім түсіндіріп жатпайды. Казтрансгаздың оған түкіргені бар. Газ тартылды ма, болды. Ақшасын алады да тайып отырады.Тіпті газды тартудың өзін аннан қашқан, мыннын қашқан жартылай сауатты подрядчиктерге беріп қойып, жауапкершілікті өзінен алып тастаған. Осындай жағдайда авария, жарылыстар болмай тұрсын ба?! Ал газ баллондарын сататын дүңгіршіктер тіптен еш нәрсеге жауап бермейді. Сатса болды. Ал өздерінің жандары тәтті. Қалай қауіпсіз пайдалану керектігін біледі. Бірақ сатып алушыларға соны айтып, үнемі ескертіп отыруға ерінеді. Дұрыс қой, қажеті қанша? Сатып алды ма, болды.
Қысқасы ендігі жерде мұндай апвттарды болдырмас үшін Казтрансгаз сияқты ірі компанияларды да, газ баллондарын сататын майда кәсіпкерлерді де әрбір кезекті тұтынушыға газды қалай пайдалану керектігі жөнінде жан-жақты түсіндіру шараларын өткізуді міндеттеу керек. Одан бөтен газды тұрмыстық жағдайда және бизнес ошақтарында қалай пайдаланып жатқанын тексеру жұмыстарын қатайтқан артық болмайды. Бұл істе жұмсақтықтан гөрі қатаңдық қажет. Онсыз жарылыстар жалғаса береді.

 

МҰХТАР ТҮМЕНБАЙДЫҢ ФЕЙСБУК ПАРАҚШАСЫНАН