Жарыс жолында — қылықты қыздар
8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Жібек жолы мектеп-лицейінде волейболдан ауданаралық жарыс өтті. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев нәзікжандыларды
төл мерекелерімен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
Бас төреші Амантай Омаров командаларды жарыс ережесімен таныстырған соң алғашқы кездесу де басталып кетті.
Көршілес Меркі және Мойынқұм аудандары мен жергілікті жердің командалары арасындағы ойын тартысты өтті. Аталмыш командалар екі топқа бөлініп, өзара бақ сынасты. Ең әуелі Е.Бекмаханов атындағы команда мен Меркі ауданының
командасы кездесіп, өзара кім мықтыны анықтады. Нәзікжанды волейболшылардың дайындығы алғашқы ойындарданақ байқалды. Әсіресе, Меркі ауданының ұжымы доп додасының көрігін қыздыра түсті.
Айта кету керек, «Nur Otan» партиясының қолдауымен, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы
болуымен ұйымдастырылған жарысқа «Сауда сервис» ЖШС мен «Бастау» кәсіпкерлерді қолдау қоры демеушілік
көрсетті. Жарыс соңында жүлделі орыннан көрінген командаларға арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді.
Шу өңірі газетінен