Жас ақындарға төрелік

Бүгінгі  берілген сөздер: кірпіш, асқазан, шоқ, нөмір болатын. «Шын жүйрікке тұсау жоғын» күнде көріп жүрміз.  Ақындар ұсынылған сөйлемдерді  алып та, шалып та жығып жатады. Ұйқас қуалап шығанға шығып кететіндер де, көрікті ойға көз сүзетіндер де жиі кездесіп қалады. Әттең кейде тар шеңберден шыға алмай булығатындарды да аңғарамыз.  Шынын айтуымыз керек  «Шабыттың шалқарына» шомылған ақынның ой-жағалауына малтықпай  жүзіп шығатыны көп жағдай да қарым-қабілетіне байланысты. Алғырлығы мен білімділігі де осындай да көмекке келетіні жасырын емес.  Ия, «Айтысатын жігітпен де қызбенен, ақын халық екенбіз ғой біз деген» деп Қадыр ақын айтпақшы,  қазақ үшін  төрт шумақ өлең шығару соншалықты қиын да емес шығар. Бірақ, поэзия-дариясында еркін жүзу шын дарындардың ғана пешенесіне жазылғанын әрдайым есте ұстағанымыз абзал…талаптан, ізден, тыңнан түрен сал жас талапкер. Бірақ «Шөпте өлең, шөңгеде өлең деп» бұрқыратып жазғанның бәрі ақын емесін жадыңнан бір сәт шығар ма? Өлең-сөзді ермек етіп, доп қылып теуіп, қақпақылдау, сөйтіп қадір-қасиетін түсіру абырой бермейтін-ақ іс.  Осыған абай бол дегім келеді…

Сонымен Полатбек ЖАНБАЕВ  бауырымның « ӨМІР ЖЫРЫ» атты өлеңі  жоғары да біз ұсынған төрт сөйлемді  төрт шумаққа «сіңіріп» жіберуімен ерекшеленеді.  Ондағы айтпағым   айтар ойын астарлап беруге талпынысы қуантты. Мысалы,

Түсіне алмай жүрдім талай жыр күшін,

Жанды салып өзім, тағы, жұрт үшін.

Қайран өмір қайда барып тұрақтар,

Таусылғанда бар өретін кірпішім? дейді. Бұл жерде ақынның  сөз саптауда ысылғаны аңғарылады. Жинақылық бар.  Алайда ақын келесі шумақта сүрінеді.

«Адуын күш, қайтпас қайрат жоқ бүгін,

Есесіне қанағат күн,  тоқтығым» деп ойын  өрістетіп келе жатып,

Уатылып бара жатқан сияқты,

Артта қалып сол баяғы шоқ күнім»,- деп басқа арнаға «құя салады».  Полатбек бауырым-ау, қара тас  уатылуы бек мүмкін. Бірақ шоққа айналған Күніңіз, күлге айналып өшуі, болмаса қырқа басынан шоқтай  қарып батуы керек еді.  Сонда ғана төрт таған ойыңыз өз миссиясын адал атқарды деуге негіз бар.

Үшінші шумақта да өрескел қателікке бой алдырыпсыз.

«Абат күнге шүкір деймін, мастанам,

Жаным да тоқ, тоқ тағы да асқазан!». Жарайды бұл айтқандарыңызға келісейін.

Бірақ,

« Шалқар шабыт қамшылауы себеп боп,

Аяқталмай қалған жыр жоқ бастаған» дегеніңіз, ұйқас үшін құрылғаны көзге ұрып тұр. Соңғы жолдың тағы бір кемшілігі «Аяқталмай қалған жыр жоқ бастаған (!!!)» деп түсініксіз ойға итермелейсіз оқырманды.    Бәлкім бұл жерде «Бастаған жырымды аяқтамай қоймаймын» дегенді айтқыңыз келген болар. Бірақ ол биікке көтеріле алмағансыз.

Ал, «Өмір-жырдың өршелетіп көрігін (!)», бұл жерде  не айтқыңыз келгені түсініксіз? «Өршелетіп» деген тіркес өз орнында тұрған жоқ. Түсініксіз. Бұлыңғыр. Әрмен қарай

« Биігіне шықсам өлең төрінің» дейсіз. Есіңізге салайын қазақта «төр» ұғымы жоғары жақты айқындайды. Демек, сіз шыққалы тұрған биік-төр.  Сіз биік сөзі арқылы синонимдік сөздерді қайталап отырсыз.

«Ақындардың арасында мен келем,

Кім біліпті қай деңгейлі нөмірім» деуіңізге келісуге болады. Тек алдыңғы екі шумақты осы соңғы екі жолға «құрбандыққа» шалып жібергеніңіз болмаса…

 

 

Қарашаш Тыллабаева  қарындасымның  «АПАМ МЕН ЖЕЗДЕМ» өлеңі сатираға сұранып-ақ тұр. Тек қарындасымнан өтініш кешеде апасы мен жездесін «нысанаға» алыпты. Бүгінде соларға «сүйкенеді».  Егер алысқа «ат басын» жібергісі келсе, тақырып ауқымын ұлғайтқаны дұрыс болар еді.

Енді төрт шумақ өлеңге келейік.

«Жазылмастан қабағының қыртысы,

Апамызға жақпас үйде бір кісі.

Кім десеңіз, — жездем екен ол адам,

Қаланғандай қисық-қисық кірпіші». Балталаса құламайтын шумақтарды бұзғым келмейді-ақ. Алайда  «Кім десеңіз, — жездем екен ол адам (тамаша суреттеме), бірақ «Қаланғандай қисық-қисық кірпіші» дегенде анықтама жоқ. Келешекте осыны ескерсе.

Басты ауыртып жүрер жездем аздаған,

Мұрны қоңқақ, ал аяғы қазтабан. (Осы жерде езуіңе күлкі үйіріледі). Көз алдыңа өзің білетін, бәлкім көріп жүрген таныстарыңның бірі елестейді.

Не берсең де шайнамастан жұтады.

Агрегат онда күшті асқазан. Ия, агрегаттың көмейінің жұтатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ «Агрегат онда күшті асқазан» деген жолдардағы «Онда» сөйлемі қатаң, қатқыл!  Осындай «көріксіз» сөздерден аулақ жүргені дұрыс негізі.

Соңғы шумақтағы орны ауысқан сөз тіркестері көп жас талапкерлердің басында бар.

«Қарнын ойлар жездекеміз тоқ жүріп», (Бұл жерде айтқысы келгені Жездем тоқ болса да, алдағы күнін, ішер асын ойынан шығармайды деу болса керек), бірақ ол ойы іске аспай қалған. Содан барып ауызекі  сөйлемге иек артып, поэзияға қоятын талаптардан «аттап» кете барған.

Жарық күнде басын тасқа соқтырып. (Бұл жолдарды да құптай қою қиын)

Қалай тиген апам оған, таңданам,

Болмаса да бұл жездеміз шоқ жігіт (!).

 

Жаз басынан уайым боп көмірі, (Бұл жерде де сөз тіркестері шатқаяқатап тұр!)

Тау боп жатыр жездем жиған темірі (!).

МАИ-дан бұрып апамыздан қашам деп,

Мәшінінің түсіп қалған нөмірі.  (мәшінәнің емес көлігінің десе қалай болар еді?)

Қарашаш қарындасымның бойынан ақынға тән аңғарымпаздық, астарлы әзіл, сарказм төбе көрсетеді. Келешекте ой өрісін кеңейту үшін, Шона, Сейіт, Оспанхан тәрізді аталарын көптеп оқыса, жақсы бір сатирик болуға мүмкіндігі зор.

 

Нұртас Жұма Бек ініме де айтар өтінішім, ақын аталарының, ағаларының кітаптарын көптеп оқыса. Поэзияның көркемдігі мен әсемдігіне жүрегімен бойласа .Сонда ғана өлеңнің ауылына еркін кіріп, сөз құдіретін терең сезінер ме еді қайтер еді.

«Қызыл тілім шоқ қарған өрімделіп». Бұл не сөз?  Шоқ қарыған қызыл тіл өрімделгені несі?

Қалғандайма бұл күндер көмірленіп. (Басқа –басқа айтар ой байқалмайды бұл жолдардан).

Тіл мен жағым қарыспас деп ойлауш ем, (!)

Семдірмесе бір жола өлім келіп. Бауырым, артық кетсем кешір, бүл жазғандарың поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Меніңше, «өрімделіп, көмірленіп, өлім келіп» деген сөйлемдерді құрап алып, соған орай сөз тізген секілді көрінесің.

Ағат екен бұл сөзім кейін білдім,

Қазір үнсіз қалуға пейілдімін,

Құлақтан оза өскенсоң дым құрыды (!),

Мүйіздері мұғалды кейінгінің(!).

Бей берекет сөздердің жібі арық,(!)

Ағытылар күні өшті күліп алып. (!)

Тоқ қозыдай тымпыйып тына қалам,

Асқазанғ керегін іліп алып. (!)

«Сен тимесең мен тимен»дегендейін (!),

Бұл күнде менде ешкімге еленбеймін.

Әр кітапқа әлімше үңілемін,

Үш аунатар кірпішін шебердейін (!).

 

Күнде осылай.!Аптығып алаңдарға, (!)

Сөз салысар өзгемен шамам барма,

Телефон бір шыр етсе күңк етемін,

Нөмірінен жаңылған адамдарға, (!)

Нөмірі не тәйірі өмірінен  (!)

Жорға ғұмыр,Жаңылса амал барма. (!).  Бұл ініме әлі де болса басқа салаға қарай ат ізін салғанын қалар едім. Себебі «ат болатын құлынды желі басынан танитын» қазақтың кез келген ақыны менімен келіседі деп ойлаймын.

 

Алмас Арқалықұлы інімнің өлеңі тіпті талдауды көтермейтін болғандықтан «жылы жауып» қоймақпын.

Қайратты қазақ

Асқазаны ас көрмеген .

Баттырлар сан соғыста.

Қаймықпаған көкке өрлеген.

Жүрседе шалғай алыста.

 

Кірпіштерді күттірлетіп.

Шоқ болып жаңған далада.

Талайларды ұттып өттіп.

Айландырған қазаға.

 

Қазақ жойған жауларды.

Нөмірлесе тізілтіп.

Толтырасың ғалам шарды.

Кетпесең егер ұмыттып.

 

Сан мәрте жауды қырып.

Талай рет қырылған.

Сондада жүрет күліп.

Әдеті сол бұрыннан.

 

Керей Қабілет бауырымның «МЕНІҢ МІНДЕТІМ» өлеңінде әжептәуір жылылық бар. Ізденіп, әлі де ақындардың кітаптарына терең үңіліп көрсе, топты жармаса да, аламанның қақ ортасында жүретін қабілет байқалады.

Мен ұлымын қазақ атты халықтың.

Сынығымын ата-баба алыптың.

Мен бір кірпіш өз орынымды іздеймін.

Ата жұрттан алысырақ қалыппын.

 

Келгенім жоқ асқазаным қамы үшін.

Алда тұрат әр қашанда намысым.

Қатал тағдыр қалтырғанмен шет жерге.

Туған елді табу менің парызым.

 

Қилы- қилы менің біраз өмірім.

Кейде жайлы кейде салғырт көңілім.

Шоқ болсамда, жоқ болсамда ,жалғаннан.

Қазақ атты тағып өтем нөмірін.

 

Бойда қуат, ойда жалын, тұрғанда.

Шықсам деймін алда биік шыңдарға.

Туған елге тура қарай жол тартам.

Оңғара көр жолымды тек бір алла.!!!

 

Кожакелди Алданов төселіп келе жатқан жас талапкерлердің сапында дегім келеді.  Сөзді орнымен пайдаланады екен. Талабы таудай өзінің. Өлеңнің құрылымын, буындардың ара жігін, көркемдік келбетін ашып беруге деген талпынысына қуандым. Имани өлеңді қағаз бетіне түсіру өте жауапкершілікті қажет етеді.  Себебі артық-ауыс сөз  — басты дұшпан. Имани өлең жазатын ақындарға қойылатын міндетте екі есе ендеше.Сондай талаптарды ескеріп, фәни жалғанның алдамшы екенін сездіріп:-

Нәпсінің еріп жетегіне құл болдық,

Иманнан жұрдай, ұяттан безген тұл болдық…

Асқазан қамын ойлаймыз басқа шаруа жоқ,

Нәпсіге құлдық — мұсылман үшін ең сұмдық! деп басталған өлең, соңына дейін өзінің қасқа жолынан таймай, ақиқаттың саумал желімен санаңды желпіп отырады.  Өлеңнің финалына жеткен ақын:-

«Оншалық қызу таратпас жанған көмірің,

Қашып құтылмас тебінген темір көлігің.

Жәннат пен тозақ есептер күнә, сауапты,

Есептелмейді мына жалғандағы «нөмірің»!!! деп , өмірдегі күштілігің, алыптығыңның ақыреттегі құнының «мәз емес»  екенін ойлы шумақтармен жеткізеді.

Нәпсінің еріп жетегіне құл болдық,

Иманнан жұрдай, ұяттан безген тұл болдық…

Асқазан қамын ойлаймыз басқа шаруа жоқ,

Нәпсіге құлдық — мұсылман үшін ең сұмдық!

 

Сауапты әттең, кірпіштей қалап термедік,

Имамға ұйып, иманды жанға ермедік… .

Сылтауда дайын, бастысы жүрек таза деп,

Сәждеге маңдай тигізбей келдік, ПЕНДЕЛІК.

 

Аптапты жазда ыстық деп күннен терлейміз,

Ыстық деп күнді, ораза ұстай бермейміз…

Ақырет күнгі тозақ шоғының қызуын,

Қаншалық ыстық екендігін біз білмейміз… .

 

Оншалық қызу таратпас жанған көмірің,

Қашып құтылтпас тебінген темір көлігің.

Жәннатпен тозақ есептер күнә, сауапты,

Есептелмейді мына жалғандағы «нөмірің»!!!

 

 

Кірпіш. Асқазан, Шоқ. Нөмір.

Асылбек Есенбаев інімнің біз ұсынған  сөйлемдерге ыждахаттылықпен дайындалғаны көрініп тұр. Тілі де сондай орамды. Өлеңнің техникасын мықты меңгеріп алғаны байқалады. Алайда  шумақтардың арасы, су келмей тартылып қалған көлшіктер секілді бөлек-бөлек. Шеберлігі толысқан ақын біз ұсынған төрт сөйлемді жымын білдірмей қабыстырып, айтар ойын «шам қылып» жақса деген едік.  Асылбек қанша төгіліп тұрғанымен ол сенімді ақтай алмапты.

Астана аймақ еді орыстанған,

Бүгінде Алашыма қоныс болған.

Әр кірпішін қаласып елмен бірге,

Жалаң қолмен от көсеп, шоқ ұстаған.

Еңбегін Елбасының кім түсінді,

Еліне адаспайтын жол нұсқаған.

 

Емдейтін денсаулықтың бұрыстығын,

Жөндейтін асқазанның жұмыс күнін.

Отыз күн оразада келіп қалды,

Қалайтын қоғамымның тыныштығын.

 

Дедіңдер жақсы ақынға сыйымыз бар,

Казайтысқа жастарды жиыңыздар.

Жазар тұста тосылып қалғанменен,

Біздің де сыйлы болар күйіміз бар.

Өміріме өзгеріс енгізбеңдер,

Нөміріме мың бірлік құйыңыздар.

 

Қытай Халық Республикасы Шаңхай қаласынан өлең жолдаған Байдолла Мұқиятұлының өлеңдері төте жазудан аударылғандықтан, дәл түпнұсқадай оқылмайтыны анық. Сөйте тұра өлеңінде от бар. шымыр жазылғаны көрініп тұр. Біз ұсынған төрт сөйлемді «тонның ішкі бауындай сабақтастырып, айтар ойымен өлшеп бергені шеберлік шыңына беттегенін көрсетесе керек-ті. Бұлай көсілу болашағы жарқын ақынның өсіп келе жатқанын аңғартады. Жолың болсын бауырым.

Қайран ағам

Күндерін құмырамен нөмірлеген,

Тым етене жүретін өлімменен.

Асқазанмен жұмыс жоқ қан құссада,

Кәдімгі кәсібінен шегінбеген.

Қайран ағам…

 

Ұшырасып қаласыз көп көшеден,

Жасамайды кері ауыз көпке сәлем.

Көмейі көрік кеуде, төсі  балға,

Елеуіреп тілімен шоқ Көсеген.

Қайран ағам…

 

Әйелінде көйлек жоқ тойға кійер,

Баласында көңіл-күй қайда күлер .

Қоқсық төккен жылғада ұйықтап жатыр,

Жас шағында азуын айға білер.

Қайран ағам…

 

Кезі барма халық сотта сындалмаған,

Жыр емес бұл бұрындар тыңдалмаған.

Тоқ етері ақырған азаматта,

Сынық кірпіш құрлы құн қалмаған.

Қайран ағам…

 

Ақгүл Тұрсынбай қарындасымның «Жігіт сөзі» монологы  өте жақсы.  Нағыз төселген, төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалады. Теңеулері де өлеңіне әр беріп тұр. «Кербездіктің кірпіші үгітіліп,Менмендігім борпылдақ құмға айналды» деп айту сөзбенсурет салатын ақынның ғана қолынан келмек.. «Көкірегім — бейне бір түрме дерсің:

Солғын сезім, сан үміт, тұншыққан үн.

Сен де Ару, қамығып жүр ме екенсің,

Кірпігіңе тізіп ап мұң шықтарын?… Ия, жігіттің образына кіріп, ішкі сырын ақтарып тастаған қарындасымның шеберлігіне, сөз саптауына сүйсіндім.  Өлеңінде асып-тасу жоқ. Тұңғиық сыр жатыр. Өлең өлкесінде бағың жансын, қарағым!!!

Қонақтады көңілге тағы да мұң,

Тырналады тіміскі ой тыртығымды.

Бұрымды қыз, таусыла сағынамын,

Мойыл көзді, найзадай кірпігіңді.

 

Жүрегіме шоқ салдың жылы күліп,

Сөз таба алмай айтуға тіл байланды.

Кербездіктің кірпіші үгітіліп,

Менмендігім борпылдақ құмға айналды.

 

Дәметпеймін дәнеңе дүйім елден,

Керек емес тартуы басқа жанның.

Саусағыңнан тек сенің сүйірленген

Су ішсем де, «тәубе» дер асқазаным.

 

Көңілімді ерекше елемедің,

Жүректегі сезбедің қоңыр үнді.

«Араласып тұрайық» деген едім,

Әттең, беріп кетпедің нөміріңді.

 

Көкірегім — бейне бір түрме дерсің:

Солғын сезім, сан үміт, тұншыққан үн.

Сен де Ару, қамығып жүр ме екенсің,

Кірпігіңе тізіп ап мұң шықтарын?..

 

 

Әдiлет Ыбырай бауырымның өлеңдерінде тартымдылық бар. Онысы ана тілінің уызына жарығанының көрінісі.  Берілген тапсырмадағы сөздерді моншақтай тізіп беруіменде ерекшенеді бұл бала. Оралымды ойларының бірі мына шумағынан көрінеді.

«Асқазаныңа шоқ болып толған,

Бауырыңның етiн балдай көресiң.

Басқаны бiлмедiм, ал өзiң маған,

Отпен ойнаған жандай елесiң». Алдағы уақытта да осындай ойлы өлеңдерің көп бола беруіне тілектеспін.

Өтедi күндер, өтедi өмiр,

Шын досын кiм бар қайғыға берген.

Шайтанға берсе жетегiн көңiл,

Достар да кейде айырыла берген.

 

Бiреудiң мiнеп кем-кетiк жерiн,

Басқаға айтуға асықсың досым.

Ғаламның мына ғажабы көп қой,

Ғайбатқа неге ғашықсың досым.

 

Кiрпiшi болып қаланар болсаң,

Керемет дүние кең емес пе едi.

Сөз тасу жайлы уағыз тыңдасам,

Кешiршi досым… сен елестедiң.

 

Асқазаныңа шоқ болып толған,

Бауырыңның етiн балдай көресiң.

Басқаны бiлмедiм, ал өзiң маған,

Отпен ойнаған жандай елесiң.

 

Өзiң бiл досым, өткiншi күнде,

Өсек-аяңға өмiрiңдi берсең.

Өтiнiшiм сол ғайбат айтпақ боп,

Термей-ақ қойшы нөмiрiмдi көрсең.

 

 

 

Қадырсұлтан Нүсіпқанның «Мүмкін» өлеңі де оқылатын өлеңдер сойынан. Алайда, кейде буын санынан «сүрініп» жатады. Оған мына бір шумағы дәлел.

« Мүмкін сол адам менмін, иа сенсің.

Мүмкін бір сорлы, мүмкін бір серісің.

Жалған дүние, жалт етіп өте шығар,

Мүмкін бірде қуаң, бірде селсің. (!). Осы секілді өлеңнін өңін қашыратын тіркестерден қашық қонса алар асуы биік боларына сенгің келеді.

 

Мүмкін…

Мүмкін бір дуалмын, кірпіштері құлаған,

Мүмкін бір дұғамын, пендеге ұнаған.

Ақ пен қара, бақ пен сордың бірімін,

Бірде күліп, бірде мүмкін жылаған?!

 

Мүмкін бір қызыл шоқпын лаулаған,

Мүмкін дерсің, қап-ара түн аумаған.

Емхана асқазан ауыру бөлмесі-ау,

Нөмір екінші төсекте кім аунаған?!

 

Мүмкін сол адам менмін, иа сенсің.

Мүмкін бір сорлы, мүмкін бір серісің.

Жалған дүние, жалт етіп өте шығар,

Мүмкін бірде қуаң, бірде селсің.

 

Мүмкін бір аласа, не зеңгір таумын,

Мүмкін қайың, болмаса сәмбі талмын.

О,ӘЛЕМ,бір Аллаға бұл сиыналық.

Сен адам,мен мүмкін сәруәр таңмын!

Күн батыстан шыққанша…

 

Мен бұл жолы сайтқа келген өлеңдерден екі өлеңге ерекше құрмет көрсетпекпін. Олар Кожакелди Алданов пен Ақгүл Тұрсынбай. Жүлдеге осы екі ақын лай