Жас футболшылар сенімді ақтай ала ма?
Өңірдің футбол командасы – «Тараз»! Өңірдің бас командасының ел чемпионатында алтын медаль алған сәті де, күмістен алқа тағынған сәттері де болған. Тек сүйікті командамыздың соңғы жылдардағы ала-құла ойынына жанкүйерлердің көңілдері толмады. Биыл «Тараз» бірінші лигада өнер көрсетеді. Десе де, бұл көрермендер күткен нәтиже емес.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың аяқталуына санаулы күн қалғанда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов «Тараз» футбол клубының басшылығымен, ойыншылар құрамымен кездескен болатын. Басқарма басшысы облыс әкімдігі тарапынан жағдай жасалғанымен, клуб соңғы кездері бірқатар қаржылық қиындықтарды бастан өткеріп жатқанын айтып, нақты тапсырмалар берген. Жиында өткен жылдағы ойынға да талдау жасалды. Былтыр біздің команда ел чемпионатында 26 ойын өткізіп, 28 ұпай еншілеп, турнир кестесінде он екінші орынға жайғасты. «Тараздың» жоғары топта ойнай беруге мүмкіндігі болған.
Дегенмен, футбол әлемінің де өз саясаты бар. Талай талантты тәрбиелеген команда қаржылық қиындықтарға байланысты төменгі топқа «топ» ете түсті. Аталған жиында Арман Ташметов команда тезірек жоғары лигаға қайта оралып, жуық арада қарыздарды өтеп, қаржылық жағдайды түзеуі қажеттігін атап өтті.
«Жас футболшыларды тәрбиелеп, балалар мен жасөспірімдер командаларын одан әрі дамыту тұжырымдамасының бағыты сақталатын болады» деді ол.
Жалпы, «Тараз» клубының басынан бақ ұшқалы көп болды. Бүгінде «Тараздың» 1996 жылы ел чемпионы болғанын, 2004 жылы Қазақстан кубогының иегері атанғанын сағына еске алатындар көп. Одан бері де табаны күректей 19 жыл өтсе де клуб ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Соңғы төрт-бес жылдың нәтижесіне көз жүгіртсек, «Тараз» турнир кестесінде оныншы орыннан жоғары көтеріле алмай-ақ қойды. Тіпті, 2008 жылы бірінші лигада өнер көрсеткені есімізде. Сондай-ақ, 2018 жылы да бірінші лигадан бір-ақ шыққан болатын.
Обалы не керек, «Тараз» әр жылы чемпионатты тәп-тәуір-ақ бастайды. Мәселен, өткен жылы чемпионаттың фавориті саналған командалардың барлығын артқа тастап, бірнеше тур бойы көш бастап тұрды. Сонда клубтың әуелгі қарқынына қарап «Таразды» енді ешкім тоқтата алмайды», «Мәзбаев жарады» деп қуанғанымызды қайтейік, мақтаған «Таразымыз» чемпионат ортасына жетпей алқынып қалды. Фаворит емес, премьер-лигада ілініп-салынып жүрген аутсайдер командалар «Таразды» қалпақпен ұрып алды деуге болады. Сөйтіп, әр тур сайын төмен сырғи бергені жанымызға батты. Талай жылдан бері тілеуін тілеп келе жатқан жанкүйерлерге де оңай емес.
Бірінші лигаға түсуі команданың мүмкіндігін біраз әлсіретті. Былтыр команданың намысын қорғаған ойыншылар жан-жаққа тарыдай шашырады. Атап өтер болсақ, Жамбыл футбол мектебінің талантты түлектерінің бірі – Бауыржан Байтана өткен жылғы ел чемпионаты ортасынан ауа «Ақтөбе» командасына ауысты. Былтырғы біріншілікте ол «Тараз» сапында 16 матч өткізіп, 3 гол мен 9 нәтижелі пастың авторы атанды.
Команданың капитаны Мақсат Әмірханов «Жетісудың», Елдос Ахметов пен Дінмұхамед Қараман «Ақсу» командасының жейдесін киді. Қорғаушы Лука Гадрани мен шабуылшы Абылайхан Жұмабек те ақтөбелік команданың қатарын толықтырды. Абылайханның былтыр мергендер қатарына қосылғаны белгілі. Сонымен қатар, Әділет Кеңесбек пен Қуаныш Қалмұратов – «Қайсар», Бекзат Шадманов пен Марат Шахметов және Джурахон Бабаханов «Қызылжар» сапына қосылды. Нұрлан Даиров, Жалғас Жақсылықов және Дәурен Жұмат «Мақтарал» командасының ойыншысы атанды.
Сондай-ақ, биыл Милен Гамаков болгариялық «Созополь», Алекс Жуниор грузиялық – «Телави», Мұхамеджан Сейсен «Ордабасы» командасының құрамында өнер көрсетеді. Айта кетейік, Жамбыл футбол мектебінің жарық жұлдыздарының бірі Бауыржан Исламхан да биыл «Ордабасы» футбол клубымен келісімшартқа отырды.
Жалпы, биылғы Қазақстан чемпионатындағы ең ірі жаңалықтың бірі – Бауыржан Исламханның жасыл алаңға қайта оралуы десек, артық айтқандық болмас. Берік Айтбаев семейлік «Елім-ай» клубына еркін агент ретінде кетті. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы «Тараз» клубының сапында негізгі құрамда ойнаған ойыншылардың барлығы басқа командаларға ауысты.
Ал бірінші лигада кімдерге сенім артамыз? «Тараз» футбол клубының директоры Жандос Ахметовтің айтуынша, бірінші лигада ойнайтын команда 100 пайыз 2000-2004 жылы туған жергілікті жастардан жасақталған.
«Биыл «Тараз» кілең жастармен бірінші лигада өнер көрсетеді. Жалпы, қаржылық қиындықтардан шығу үшін осындай қадамға барып отырмыз. Осы жылы жастардың қарқынын байқаймыз. Ал, бұйырса келесі жылы жоғары лигаға өтуге күш саламыз. Болашақта «Тараздың» әлеуетін биіктету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып отырмыз», – дейді Ж.Ахметов.
Жуырда жанартаудай жалындаған жастарымыз футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі аясында алғашқы ойындарын өткізіп те үлгерді. 17 наурыз күні Шымкент қаласындағы «Биік» спорт кешенінде өткен кездесу тартысқа толы болды. Төрешінің ысқырығы естілісімен алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, қонақтарды өздерінің жарты алаңынан шығармай, біраз тықсырып бақты. Қос қапталдан алма-кезек шабуылдар ұйымдастырып, «Тараз» қорғаушыларының, қақпашысының әбден мазасын қашырды.
Көп жағдайда қақпашымыз Дәулет Затыбеков пен қорғаушылар жинақы ойын өрнегін көрсетіп, «Арыс» шабуылшыларының адымын аштырмады. Алайда, алаң иелері ойынның 18-минутында діттеген мақсаттарына жетіп, есеп ашты. Әуелете асырылған допқа бірінші жеткен «Арыс» командасының шабуылшысы Нұрбақыт Досанов қорғаушының қателігін ұтымды пайдаланып кетті. Гол жіберіп алғаннан кейін «тараздықтар» есепті теңестіруге тырысқанымен, ешқандай нәтиже шықпады.
Ойынның алғашқы бөлігінде тең дәрежеде ойнаған қос команда да екінші таймды өте белсенді бастады. Әсіресе, «тараздықтар» бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есепті теңестіретін мүмкіндіктерге ие болған еді. Алаң иелері де қарап қалмай, есепті еселеуге бар күшін салды. Ұрымтал тұстарда бірнеше қауіпті соққы бағыттап та үлгерді.
Дегенмен, төрешінің соңғы ысқырығына дейін таблодағы есеп сол күйінде өзгеріссіз қалды. Кейінгі ойындарында «Тараз» бірқатар командалармен ойнап, жеңіске де жеткен. Осылайша, «Тараздың» жастардан құралған ойыншылары жаңа маусымда жақсы өнер көрсету үшін дайындық жүргізуде.
Алайда, жанкүйерлер «Тараздың» тек жоғары лигада ойнағанын, жүлделі орындардан көрінгенін қалайды. Мәселен, меркілік жанкүйер Әшен Қырғабақұлы: «Тараздың» өз алаңдағы ойындарын көру үшін Меркіден арнайы келемін. Команда ұтса үнемі қуанып қайтамын. Ұтылған кезде көңіл-күйім болмайды. Еліміздің Ұлттық құрамасында жүрген белді ойыншылардың біразы Тараздың футбол мектебінен шыққандар. Солардың бәрі «Тараздың» құрамында ойнаса деген тілегім бар. Жерлес клубты тек жоғары лигадан көріп, жеңістеріне қуана берсек дейміз. Ол үшін барлық тараптан қолдау болса. «Тараздың» осылай құлдырап жатқаны жанкүйерлердің де жанына аяздай бататынын жауапты тұлғалар түсінсе деймін. Барша жанкүйерлер осындай ойда жүр» десе, байзақтық Төле Наржанов: «Тараздың» жеңген сәтін көре бергіміз келеді. Бұл – барша жанкүйердің тілегі», – дейді.
Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті